Ерін сыйлаған есікте қалмайды

Адамның болмыс-бітімі, мінез-құлқы,  ішкі мәдениеті, барлығы да алдымен, ізгі отбасының  жемісі екендігі анық. Ал, өнегелі отбасы ұлт келешегі ғой. Отанға, ұлтқа деген риясыз көңіл, зор сүйіспеншілік отбасынан басталады.  Ақмола облысында «ұлын ұяға, қызын қияға қондырып», немере-шөбересін қызықтап, шаңырағынан шаттық лебі ескен отбасылар қатары көп. Солардың бірі – Целиноград ауданына қарасты Қызылсуат ауылында тұратын Төлегеновтар отбасы. Біз таяуда осы отбасының шырайы һәм киесі, ардақты ана  Мұхтарима Бекішқызымен жақынырақ танысып, сөзге тартып, сұхбаттасып қайттық. 

Майбалық ауылының тумасы Мұхтарима апа әке-шешеден жастайынан ерте айырылып, ананың мейірімі мен әкенің жылуын сезіну бақытынан қол үзіп қалады. Тоғыз ағайынды ұл мен қыздың үлкені, Мұхтарима апаның мойнына зор жауапкершілік жүктелгені анық. Соңынан ерген бауырлары мен сіңлісін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай жетілдіріп, бағып-қақты.  Олардың бір-бір шаңырақ болып үй болуларына ат салысқан Мұхтарипа апа бауырларының бақыты жолында барынша аянбай еңбек етті.Қай жұмысты қолға алса да еңбекқорлығымен, пысықтығымен, аса жауапкершілігімен көзге түсті. 1980 жылы еңбек жолынтракторист болып бастапты.Шынын айтқанда бұл ерлерге ғана тән жұмыс болатын. Қиындығы да бастан асып жатады. Саланың сол қиындығына төзе білген Мұхтарима Бекішқызы өзінің бойындағы табиғат сыйлаған тамаша қасиеттерін таныта білді. Ер азаматқа тән ауыр жұмыс болса да еңсеріп, абырой биігінен көрінді. Адалдықты ту етіп, адамгершілікті алға қойған алғырлығымен ел аузында жүрді. 1985-1999 жылдар аралығында әртүрлі салаларда адал еңбек етіп, ел алғысына бөленді. Бауырларын жеткізе жүріп, 1984 жылы өзі де отбасылы болып, жанжары Омарбекпен отау құрды. Сол киелі шаңырақта екі ұл, екі қыз дүниеге келіп, қазіргі таңда олардың үшеуі бір-бір үйдің берекесіне айналып отыр.

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін тағдырдың жан баласына жолдайтын өз несібесі, өз сыйы, өз сынағы бар деп топшылар болсақ,  адам өз болашағын һәм ғұмырын жоспарлай да, болжай да алмайтыны анық.  Күні кеше ғана бір шаңырақта балалардың қызығына тоймай, оларды бірге қызықтап жүрген жанжары Омарбек өмірден өткенде Мұхтарима апай  отыз жеті жаста ғана болған екен.

– Тағдыр мені көп еркелетпеді. Алдымен бауырларымды ойлап, жарғақ-құлағым жастыққа тимей солардың  бақыты жолында тырбанып тірлік еттім. Он жеті жыл бірге сыйласып, тату-тәтті бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен жанжарым, отбасымның тірегі Омарбектен айырылу мен үшін орны толмас қайғы болды. Күні бүгінге дейін шаңырақтың шамын сөндірмей, әулеттің ғұмыр жалғасы болған балапандарымның бақыты жолында аянбай еңбек етіп жүрмін. Бұл менің аналық парызым һәм өмірімнің мәні. Немере-жиендерімнің риясыз күлкісін көрген сәтте мына жалған дүниенің бекер емес екендігіне қуанамын.  Аллаға шүкір, төрт баламның үшеуі аяқтанды. Алла берген екі келінім мен күйеу баламды туған балаларымдай көремін. Үлкен ұлым Сағынбек  Нұр-Сұлтан қаласындағы ірі серіктестікте бөлім басшысы, келінім Меруерт екеуі алты баланың ата-анасы атанып, өнегелі отбасылар қатарында ел аузында жүр.  Немерелерімнің барлығы өнерпаз. Бірі құйқылжыта ән салса, енді бірі суретші. Өрнек салып, кесте тоқитындары да бар. Әсемгүлім болса мектеп мұғалімі, төрт баланың анасы. Жиендерім де шетінен өнерге құштар, болашағынан зор үміт күттіретін ұл-қыздар болып жетіліп келеді. Ұлым Бауыржан Нұр-Сұлтан әуежайында қызметте, Айдана келінім екі  құлыншақты бағып-қағып, өнегелі тәрбие беруде. Үйімнің кенжесі, еркем  Анаргүл әлі отбасын құрған жоқ, қазіргі таңда  Нұр-Сұлтан әуежайында  еңбек етеді, – дейді ардақты ана.

Қазіргі таңда Мұхтарима апа ауылдағы орта мектептің кітапханашысы болып жұмыс істейді. Бұл қызметке  2001 жылы орналасыпты. 2005 жылы Астана гуманитарлық колледжін тәмамдаған екен.

«Ерін сыйлаған есікте қалмайды» дейді қазақ даналығында. Құдай қосқан адал жарының жарқын бейнесін, рухын құрметтеп, балаларына әкесін қадірлеуді үйретіп, шаңырағының шырайын келтіріп, киесіне айналған әзиз ананың ғазиз жүрегі, аппақ көңілі, адал өмірі кім-кімге болмасын үлгі екендігі анық!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Қызылсуат ауылы,

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар