11 қыркүйек – Отбасы күні

Көкшетау қаласындағы «Достық» үйінде облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазановтың қатысуымен Отбасы күні мерекесіне орай Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесінің» облыстық форумы болып өтті. Форум жұмысына облысымыздың аудандарындағы «Аналар кеңесінің» мүшелері, қоғам қайраткерлері мен өнегелі отбасылар қатысты. Қатысушылар жаңа идеяларды, отбасы институтын сақтап қалу, ұлттық құндылықтарды арттыру мәселелерін әңгіме өзегіне айналдырып, өзара пікір алмасты.

«Достық» үйінің фойесінде Отбасы күніне арналған тақырыптық көрме ұйымдастырылып, аналардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдары қойылған көрмені жұртшылық аса қызығушылықпен тамашалады.

Форум жұмысын Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы Айнагүл Жәзиева жүргізіп отырды. Жиын барысында «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Айдын Раисов сөз сөйлеп, «Аналар кеңесінің» маңыздылығын, жастарды тәрбиелеуде олардың үлесі зор екендігін, отбасы дегеніміз бар құдылықтың бастауы турасында өз ойын ортаға салып, форум жұмысына сәттілік тіледі.

– Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесі»Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі. «Аналар кеңесінің» негізгі мақсаты қоғамдық келісімді нығайту болып табылады. Бүгінгі таңда «Аналар кеңесі» өз қызметін облыстың барлық елді-мекендерінде жүзеге асырып келеді. Олар отбасы институтын сақтаумен және нығайтумен айналысады. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетеді. Әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға  және отбасындағы ұрпақ сабақтастығын насихаттауға қатысады. Бүгінде кеңес мүшелері қазақстандық патриотизмді және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды сақтауға өзіндік үлесін қосып жүрген жандар бар, – дей келіп, соңғы екі жылдың ішінде «Аналар кеңесінің» бастамасымен 300-дей қайырымдылық шаралар өткізіп, 900 отбасына 26 миллионнан астам қаражат төңірегінде көмек көрсетілгендігін айта келіп, осы істің басы-қасында жүрген ардақты аналарға алғысын білдірді.

Ал, Целиноград аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Зәуре Қақабаева болса, аудандағы «Аналар кеңесінің» бастауымен өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы мағлұмат беріп, осы кеңестің бастауында тұрған Ел анасы атанған Зере Қиықова туралы тебірене сөілеп, ол кісінің жарқын бейнесін ыстық ықылас, сарқылмас сағынышпен еске алды.

Мерекелік шара соңы қоғамдық өмірге белсенді үлес қосып жүрген аналарды марапаттау рәсімімен қорытындыланып, облыстық шығармашылық ұжымдардың дайындаған мазмұнды концертіне ұласты.

     «Арқа ажарының» өз ақпараты.

 406 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар