Ерте қамданғанның есесі кетпейді

Өңірде қысқа дайындық жұмыстары алдын ала жоспарланған кесте бойынша жүргізілуде. Қазіргі күні жалпы нысандардың дайындығы өрмек жүзінен ауған. Қарастырылған қаржы көлемі толық игерілуде.

Аязы қатты, боран-шашыны жиі аймақта қысқа дайындық мәселесі өте өзекті. Өткен көктемде облыс орталығы мен Степногорск қаласының тұрғындары біршама абыржулы күйде болды. Көп қабатты пәтерлерде тұратын тұрғындар жылудың азайғандығын сезінді. Себеп, жылу беретін қазандықтардың әбден ескіріп, тозығы жетуінде болып отыр. Үстіміздегі жылы жылу көздері мен жылу желілерін жөндеуге және жаңғыртуға, сондай-ақ, энергия ресурстарын сатып алуға 8,8 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның 8,1 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен, 0,7 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылып отыр. Құрылыс және жаңғырту бағытында 8 инвестициялық жобаны іске асыруға 7,4 миллиард теңге бағытталды.

Күні бұрын бар жай електен өткізіліп, таразы басына тартылғанымен, Аршалы, Атбасар, Астрахан, Бурабай тәрізді бірқатар аудандардағы қысқа дайындық жұмыстарын тиянақтау үшін қосымша қаражат қажет болады. Дайындық жұмыстарын сәл таратып айтатын болсақ, облыс бойынша барлық қазандықтардың жылу беру маусымына әзірлігі 76 процент төңірегінде. Оның ішінде білім беру нысандарының 82, денсаулық сақтау нысандарының 85, әлеуметтік маңыздағы нысандардың 79, көп қабатты тұрғын үйлердің 67 проценті жылу қабылдауға әзір. Жылу желілерінің 76 проценті жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, сумен жабдықтау желілерінің 68 проценті қытымыр қыстың қатал сынына тап-тұйнақтай дайын.

Солтүстік өңір үшін соңғы жылдары уақытылы көмір жеткізудің өзі айтарлықтай мәселеге айналып келе жатқан жайы  бар. Қазір өңірге 58,1 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл екі айлық қажеттіліктің 42 проценті. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелеріне отын жеткізу үшін барлық жерде конкурс өткізілді. Қазір ішінара тасымалдануда. Өңір тұрғындары уақытылы көмір дайындап алу мәселесі де назарда. Егер барлық жылу беру маусымына 831 мың тонна көмір қажет болатын болса, әзірге 140 мың тонна көмір жеткізілді.. Алдағы уақытта белгіленген кесте бойынша бұл жұмыс тұрақты жүргізілетін болады. Облыстың коммуналдық кәсіпорындарына 36 мың тонна мазут қажет. Биыл бұл мөлшер 53 мың тоннаға дейін көбейтілмек. Бүгінгі таңда өңірдің коммуналдық кәсіпорындары үшін көмір сатып алуға Үкімет резервінен қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жолданды.

Қысқа дайындық кезінде қолбайлау болатын жай, жылдар бойы қордаланып қалған дебиторлық берешек. Үстіміздегі жылдың тамыз айының 19-ына дейінгі жағдай бойынша қалыптасқан көрсеткішті қарайтын болсақ, дебиторлық берешек 1 миллиард 487 миллион теңгеге жеткен. Оның ішінде жылумен жабдықтау үшін 328,5 миллион теңге, сумен жабдықтау және кәріз үшін 278,3 миллион теңге, электр қуатымен жабдықтау үшін 880,8 миллион теңге берешек бар. Ең үлкен дебиторлық берешектің үлесі облыс орталығына тиесілі. Қарыз көлемі 495,7 миллион теңгеге жетіп жығылады. Сондай-ақ, Бурабай, Целиноград аудандары мен Степногорск қаласында да  берешектің осы түрі тым жоғары. Кредиторлық берешек те аз емес. Облыс бойынша 3,3 миллион теңгені құрайды. Бұл орайда берешектің көп мөлшері облыс орталығында жинақталған. Мәселен, Көкшетау қаласы 1,7 миллиард теңге, Бурабай ауданы 744 миллион, Атбасар ауданы 309 миллион теңге қарызға батқан. Осы арада ірі борышкерлер де аты-жөнін айғақтап айта кеткен жөн. «Көкшетау жылу» кәсіпорны 1,4 миллиард теңге, «Бурабай жылу» кәсіпорны 422 миллион теңге берешек. Осы қатардан «Атбасар су», «Есіл горкомхаз», «Термотранзит» кәсіпорындарын атай кетуге болады.

Биыл облыс орталығы  мен Степногорск қаласының тұрғындары жылу беру маусымына алдаңдап отырғандығын жоғарыда айтып өттік. Енді жөндеу жұмыстарының қаншалықты деңгейде атқарылғандығын сараптайтын болсақ, бүгінгі жағдай біршама дұрысталған  тәрізді. Ең алдымен жөндеу жұмыстарын жүргізуге «Көкшетау жылу» кәсіпорны өткен жылу беру маусымы аяқталысымен кірісіп кеткендігін айта келіп, жалпы жоспардың 90 процентке орындалғандығын еске алатұғын болсақ, абыржудың жөні жоқ тәрізді. Жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге аталмыш кәсіпорынға облыстық бюджеттен 2,5 миллиард теңге қаражат бөлінген болатын. Күні бұрын белгіленген жоспар бойынша 1,8 шақырым жылу желілерінің жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізілді. Қазандықтардың негізгі және қосалқы жөндеу жұмыстары да дер кезінде қолға алынды. Сорғы станцияларының ғимараттар мен құрылыстардың, жылу камераларының және басқа да технологиялық, электрмен жабдықтау бағытындағы құрылғылардың 93 проценті жөндеуден өткізілді.

Степногорск қаласында да жылу беру мекемесін жөндеу жұмысы күні бұрын түзілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жылу электр орталығының барлық жөндеу жұмыстарының 72 проценті атқарылған. Ағымдағы жылдың соңына дейін барлық энергетикалық жабдықтарды: 6 энергетикалық қазандық пен 5 турбогенераторды жөндеу жоспарлануда. Қазіргі күні №4 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін жоспарға сәйкес №6 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізіліп, №1 және №2 турбогенераторларға ағымдағы жөндеу жүргізілмек.

Күзгі және қысқы кезеңге жұмысқа әзірлік құжатын беру мемлекеттік қызмет стандарттарына сәйкес электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Электрмен жөндеу бағытында да оң сипаттың бар екендігін айта кеткен ләзім. Күзгі, қысқы кезеңге мұқият дайындалуды мақсат тұтқан энергиямен жабдықтаушы ұйымдар 460 шақырымдық әуе желілерін жөндеп шықты. Бүгінгі күні электр энергиясын жеткізушілерден сатып алатын электр энергиясының құны 26 процентке дейін ұлғайып отыр. Сондай-ақ, сатып алынатын судың, көмірдің, шикізат пен басқа материалдардың, өзге де қатысы бар ұйымдардың қызмет құны ұлғайды. Қазіргі күні тарифтерді өзгертуге 28 кәсіпорынның алтауы өтінім берген. Көкшетау, Степногорск, Бурабай су арнасы мекемелері мен Шаңтөбе энергия кешендерінің тарифтік сметалары бекітілді. «Бурабай жылу» және «Макинск жылу» кәсіпорындарының өтінімдері қарастырылуда.

Жалпы жағдайды таразы басына тартқан кезде алдағы жылу беру маусымына дайындық бір сыдырғы тәуір тәрізді. Қаншалықты сапалы атқарылғандығын қытымыр қыстың сынағы көрсетеді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар