Жүрекке жылы, шұғылалы-нұрлы жүз жыл

Жуырда Қараөзек ауылында төңірекке үлгі шашқан тағылымды той болып өтті

Таяуда жүз жылдығын кеңінен атап өткен Қараөзек ауылының тарихы тым әріде жатыр. Алдымен ел тарихын екшеп өтелікші.

1939 жылы архив құжаттарында Қараөзек атты жер атауы Көкшетау округі Есенбай болысына қарасты Баймырза бөлігінің жері деп көрсетілген. 1904 жылғы деректерде Есенбай болысынан Мезгіл болысы бөлінген кезде бұл болыстың құрамына №1 Қараөзек ауылы енгізілгені туралы айтылады. Сол кездің өзінде ауыл тұрғындары ретінде 665 адам тіркелген. Аталған құжаттарда осы ауыл тұрғындарының сайлауға қатысқан кездегі саны, жасы, әлеуметтік жағдайы, тұрмысы да қамтылыпты. Демек, бұл ауылдың тарихы бағзы ақ патшаның заманынан қалыптасып, кешегі кеңес дәуірінде жалғасын тапқан деуге толық негіз бар. 1922 жылы осы маңды мекендеген Баймырза ұрпақтары бір ауыл болып бірігіп, Қараөзек ауылы болып ресми тіркелген.

Содан бергі заманда ынтымағы жарасқан ауыл қилы-қилы заманды басынан кешірді. Замананың дауылына төтеп берді. Ойдым-ойдым қолдың саласындай шоқ қайыңдар көмкерген, топырағы мейлінше құнарлы, төрт түлік малға жайлы болғандықтан ауыл тұрғындарының да тұрмысы тәуір болған тәрізді. Осы арада Қараөзектің 13 азаматы қажылық сапарға барып келгендігін айта кетсек те болады. Ол заманда қияндағы Меккеге бару, соған қаражат табу тек ауқатты адамдардың ғана қолынан келген ғой.

Кейін күркірей дауылдатып кеңес заманы жеткен. Өзімен бірге адам төзгісіз қаншама зұлматтарды ала келгеніне тарих куә. Ең алғаш сұрапыл дауылдың сұмдығын көргендер де ел ішіндегі зиялылар еді. Нешеме ғасырдан бері босағасына байланған берекені ығыстырып, қаншама кесапатты ала келді. Ырыс дарып, ынтымақ ұялап отырған ауылдың ауқаттыларының малдарын тартып алып, ұрпағын қудалап, көз көріп, құлақ естімеген Сібірге айдады. Соңы аштыққа ұласты.

«Қараөзек» колхозы шамамен 1934 жылы құрылған. Сол жылдың 14 тамызы күні өткен жиналыста ел азаматы Жұматай Ысқақовқа «Қараөзек» колхозына жер бөлінгенде ауыл тұрғындарының атынан жиынға қатысуға куәлік беріліпті. 1940-1947 жылдары колхозға елге беделді, жалпақ жұртқа жұғымды Кенжетай Нұрмұханов басшылық еткен. Сол заманда бұл ауыл Көкшетау ауданындағы 48 колхоздың ең ірісі болған екен. Уақыт өте келе колхоздар біріктіріліп, ірілендірілгенде, орталықтан біршама шалғай жатқандықтан колхоз бөлімшесі болып қалған. 1954 жылы тың игеру науқаны басталған кезде «Симферополь» совхозына қараған. 1967 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшар құрылып, сол ұжымның құрамына ауысқан.  Кеңшарға Қараөзек ауылының тумасы Бижан Ахметов директор болып тағайындалған. Кейінгі тарих осы кеңшардың өсіп-өркендеуімен байланысты.

Ел тәуелсіздік алған жылдары Қараөзек ауылы Алшын Қазыбековтың жетекшілігімен жеке кәсіпорын болып ұйымдастырылған. Әйтсе де, нарықтың қатал заңына төтеп бере алмай, тарап кеткен. Осылайша Қараөзек ауылының тұрғындары да өтпелі кезеңнің өкпек желіне тоңып, ел қатарлы күн кешті. Қазір ауыл тұрғындарының жер үлестері «Қараөзек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде.

Ел болған соң бас көтерер азаматы болмақ. Шағын ауылдан ел басқарған, жақсы аты жалпақ жұртқа танылған небір жақсы-жайсаң өсіп шықты. Солардың бірі әрі бірегейі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Манаш Құлышев.

Тарихтан суыртпақтап сыр шерткеннен кейін таяуда аталып өткен, ел еңсесін көтерген, өзгеге ой салған, жалпақ жұртқа жақсы мысал болған әдемі шара туралы әңгіме өрбітелік. Шара барысында Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасып, қаза тапқан ерлерге ескерткіш қойылды. Қан майданнан аман оралған, кейін адал еңбектерімен қоғам байлығын еселеген жерлестер де ұмыт қалған жоқ.  Ел ішіндегі еңселі ескерткіштің тағы бір тақтасына саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске салатын, аруағына тағзым ететін аяулы есімдері жазылды.

–Ардагерлерге арнап ескерткіш орнату көптен бері көкейімізде жүрген арманымыз еді, – дейді осы ауылдың тумасы Нартай Ысқақов, – игілікті істі осы ауылдың тумасы, белгілі өлкетанушы Хамидолла Мұхамедияров бастаған болатын. Жер-жерлердегі көп құпияны бүркеген архивтердің ішіндегі құпия құжаттар ашылғаннан кейін дерек молая түсті. Тек соңғы айдың өзінде ғана жиырмадан астам жаңа есім анықталды. Осы деректерді саралап қарайтұғын болсаңыз, аталарымыздың ерен ерлік көрсеткендігін аңғарамыз. Мәселен, Жұмағали Охатов Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Дерек таяуда ғана табылды. Эстония топырағында жерленген екен. Ал, Телжан Желқожинов 1943 жылы тұтқынға түсіп, кейін қашып шығып Югославия партизандарына қосылған, екі рет ауыр жараланған. Асқан ерлігі үшін Югославия үкіметінің ең жоғары «За храбрость» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, Сағит Қасеинов, Құрманбай Даненов, Қаймолда Бастыбаев, Сапар Оспанов, Халиолла Сейдахметов тәрізді батыр бабаларымыздың есімін құрметпен атай кетуіміз керек.

Шоқ қайыңдардың ығына әлденеше ақшаңқан киіз үйлер құрылған. Той ескерткіштерді ашу салтанатымен басталды. Салтанатты шарада Зеренді аудандық мәслихатының хатшысы Қайрат Ауғалиев облыс және аудан басшыларының құттықтауын жеткізіп, бұл тойдың қаншалықты маңызды екендігін айтып өтті. Белгілі кәсіпкер, осы ауылдың тумасы Нартай Ысқақов ауыл тарихын тарқатты. Ескерткіштің ашылу рәсімінен кейін шараға қатысқан қарақұрым халық батыр бабаларын бір минут үнсіздікпен еске алып, алыстан көзтартатын ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Мерейтой әртүрлі қызғылықты шараларға ұласты.

–Осындай игілікті іске араласу әрбір ел азаматының борышы деп есептеймін, – дейді осы ауылдың тумасы, кәсіпкер Мұрат Тагиров, – ауылдың ішін тазартып, мектеп жөнделді, еңселі ескерткіш орнатылды. Ата-бабамыздың туып-өскен жеріне кейінгі ұрпағының табаны тиіп, жарқын бейнелерін еске алдық. Жарасымды емес пе?!

Жүз жылдық мерейтойға орай ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Ел назарын аударған қазақ күресіне 24 балуан қатысты. Жалғыз Ақмола өңірінен ғана емес, Солтүстік Қазақстаннан да боз кілемнің шеберлері бақ сынасты. Тай бәйгеде бірінші орынға Атбасар қаласынан келген жүйрік ие болды, ат иесі Қуаныш. Он шақырымдық топ бәйгеде Солтүстік Қазақстан облысынан жеткен сәйгүлік бірінші келді, ат иесі Ақзат. 18 шақырымдық аламан бәйгеде Наурызбай батыр ауылынан келген тұлпар жер танабын қуырып, маңдайы  жарқырап бірінші келді, ат иесі Қонысбек.

Арқан тартудан Қостанай облысының Амангелді ауылының білекті жігіттері озық шықты, кір көтеру сайысынан Шағалалы ауылынан келген Жанболат Талпақовтың бағы жанды. 24 келілік кірді 45 рет көтеріп, қарсылас шақ келтірмеді.

Той несімен құнды, несімен маңызды деген пікірге оралайық.  Ата-бабасы осы қасиетті топырақта туған кейінгі ұрпақ әдемі себеппен атақоныстың төсіне жиналып, бір-бірімен танысып білісіп, мауқын басты.

–Той тамаша өтті, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Мереке Есендәулетов, – алдымен ел мерейін үстем еткен мәнді шараның ұйымдастырушыларына мың да бір алғыс айтқым келеді. Түп кіндігі Қараөзектің қасиетті топырағына байланған жүз сан жұрт бір мезгілде атақонысқа жиналып, арқа-жарқа болып қалды. Кейінгі ұрпаққа өнеге, өскелең ұрпаққа әдемі мысал. Мен осы тойға жарым Гүлназ бен балаларымды ерте барды. Олар да тарихы тереңде жатқан туған елдің бейнесін көріп, бауыр басуы керек.

Қараөзектің жүз жылдық мерейлі тойы айрықша мәнді өтті. Ең бастысы, әрідегі аруақты аталарға елеулі ескерткіш белгі қойылса, кейінгі ұрпақ өз тамырының қайдан көктеп шыққанын түйсініп қайтты. Құндысы да сол емес пе?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Қараөзек ауылы,

Зеренді ауданы.

 1,070 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар