Елімді сағындым, ана тілімді сағындым…

Жерлесіміз, Татарстан Республикасы Ғ.Тоқай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ибраһим Салаховтың жазушы Төлеген Қажыбаев аударған «Колыма қасіреті» атты кітабынан оқыған осы бір ауыз сөз елең еткізіп, ойға қалдырды.

Бұл И.Салаховтың жала жабылып, қуғындалып, Тайгада, лагерьде жүрген кезі. Бізді толғандырған оқиға былай суреттеледі: «Дәрігер дәптеріне анкеталық белгіні жазып «Қайдансың?» деп анықтады. Мен «Қазанда қамады, өзім Қазақстаннанмын» дедім. Күтпеген жерден емшінің жүзі жайраңдап кетті.

–Қай қаладансың?

–Көкшетауданмын.

–Мүмкін емес!

Дәрігер кеудеме құлап кете жаздап барып, қолымды қысты. Біз бірден қазақшаға көштік. Тұтқындар барағының емшісі Полетай айтқан қазақ жазушысы Зейін Шашкин екен. Біз бір-бірімізбен ұзақ сөйлестік, бұл күн түгелімен біздің билігімізде болды.

–Елімді сағындым, ана тілімді сағындым, біздің кездесуіміз – тағдырдың күтпеген сыйы болды,–деді Шашкин.

Шіркін-ай, десеңізші! Тоң қопарып, жер қазып, қақаған суық барактардатұрып, үсіп-шашырап, аш-жалаңаш, қорлық пен зорлықтың небір азабын тартып жүрген жазықсыз зиялы жандар еді ғой, олар. Енді аяқ астынан өзінің жерлесін, ана тілін білетін, жанын түсінетін адамға жолығу ғажап бір оқиға, әрине. Сол арман-тілегін түсінетін, әсер-сезімін ұғынып, мәнін байыптай алатын адамға айтқан алғашқы сөзін қарасаңызшы! «Елімді сағындым, ана тілімді сағындым» депті-ау! Жан дүниеңнің тереңінде толқыған асыл сырыңды ана тіліңде толғағанға не жетсін? Неше жыл шер боп қатқан шерменде ойларыңды ана тіліңде нөсерше төгіп, ақтарылғанға не жетсін? Басқа тіл жан сырыңды ана тіліңдей жеткізе алушы ма еді? Айтарыңның әр қырын, бояуын, астары мен айшығын ана тіліңдей қай тіл жеткізер еді? Сөз қадірін, тіл қадірін, оның қасиеті мен киесін білетін жан сол тілін қалай сағынбасын, қалай аңсамасын? Аруағың шат болғыр И.Салаховтың: «Біз бірден қазақшаға көштік» деуін көрмейсіз бе?!

Ақылды сөз, жанды сөз адамның рухын жаниды, еңсесін тіктейді. Екі мұңлық қазақ тілінде көсіле сөйлеп, ақ адал сырларын ақтарып, жүректерінде үміт оты жанып, саналарына туған жердің күні сәуле түсіргендей болды-ау, деп топшыладық.

«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, ана тіліңді күнде естіп, ана тіліңде күнде сөйлеп, ойларыңды ағынды судай тасқындатып, жүрек түкпіріңдегі ойларыңды әспеттеп айтып жүргеніңде оны сағыну, аңсау ойыңа келмес. Тіпті, ана тілімізде сөйлемей, екеуара қолданбай, аяқасты қылатынымыз да бар емес пе? Өмірде, әркімдердің тағдырында әлгіндей жүрек тебірентер оқиғалар аз кездеспейді. Бірақ, сол жағдайларды елеп-ескеріп жүреміз бе?..

Ана тілімізде өзіміздің ұлттық қасиеттеріміз, өткен өмір тарихымыз, діліміз, ұстанымдарымыз, небір асыл ойларымыз, жақұт сөздеріміз сақталған. Ана тілімізде айтылған сөз жүрегімізге жетеді, санамызға сіңеді.

Айналамызға қарасақ, жастар қазақтың тал бесіктен тыңдап өсер бесік жырынан, қиял-ғажайып ертегілерінен, аңыз, дастандары мен қисса-жырларынан кенде қалып жатқандай көрінеді, кейде. Әрине, мектеп бағдарламасындағы дүниелер оқылар. Бірақ, өз білігімен, өзі қызығып оқып, ден қоюшылар көп дей аламыз ба? Ал, оларсыз тәрбие, нағыз «уызына жарымаған» дегеннің кері болмас па?

2022 жыл елімізде балалар әдебиетінің жылы болып аталып, көптеген шаралар қолға алынғаны да белгілі. Балабақшалар, балалар кітапханалары, мектептер атаулы жылды тиімді пайдаланып қалуға күш салғаны да рас. Енді, сол басталған оң үрдістер жалғаса түссе, нұр үстіне нұр. Өңірде бабалар әдебиетін дамытуға назар аударылып келеді. Бұл да бала тілін, ой өрісін дамытуға, ұлттық салт-дәстүрді үйретіп, отансүйгіштікке тәрбиелеуге қосылған үлес болмақ. Кітапханаларда балалар жазушыларымен, сол тақырыпқа қалам тартып жүрген қаламгерлермен кездесулер өтіп, дауыстап ертегілер оқылып, балалардың өздері оқып, тіл байлықтарын жетілдіруде.

Дегенмен, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуде, күнделікті сөз қолданысымыздың мәдениетінде, сөздік қорымызды молайтуда, мағынасы терең сол ескі сөздерді қолдануда, көшедегі сілтеме, көрсеткіш, анықтама маңдайшаларын жазуда көптеген кемшіліктер бар екенін айтпай кете алмаймыз. Ондай мәселелер бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде, телехабарларда жиі сынға алынып жатады. Одан келер пайда, шығар нәтиже әзір аз да шығар. Бірақ, олқылықтардың солай айтылып, көрсетіліп отырғаны ләзім. Сынға ұшыраған бір мекеме қатесін түземесе, екіншісі түзейді, дегендей.

Тағы бір көзіміз көріп, алаң туғызып отырған мәселе біздің солтүстік өңірдегі ана тіліміздің ластануы. Абайсыздығымыздан, тіл тазалығын ойламауымыздан көптеген сөздер күнделікті ауыз-екі тілімізге еніп, әбден орнығып алды. Мысалы, машина завайттау (көлікті от алдыру), дежурға бару (кезекшілікке бару), печка топиттау (пешке от жағу), крутиттау (бұрау), мешайттау (араластыру), здавайттау (тапсыру)  деген сияқты сөздер толып жатыр. Тіпті, сол қалыптасқан «ортақ» тілде сөйлемесең, айналаң айтқаныңды түсінбейтіндей халге жеттік. Бұл «тіл», әсіресе, орыс тілді қандастарымыз үшін аса қолайлы, түсіне қоюға жеңіл. Содан да «өміршең» болып, жатық тілімізді опырып бара жатыр. Демек, сондай сөздерді зерттеп, тізбелеп, көпшіліктің назарын аударуымыз қажет. Сөздік қоры мол, білімі терең, айтар ойы бар азаматтарымызбен жастарды жиірек жолықтыруымыз керек. Жастар әсершіл. Ана тілінде төгілтіп әдемі, әсерлі де шебер сөйлеуге болатындығын көрсе, олардың да солай келістіріп, қиыстырып сөйлеуге деген ынтасы артпақ.

Компьютер, ұялы телефон арқылы қысқа қайырып хабарласу, онда әріп қатесіне, сөздің дұрыс айтылуы мен жазылуына, сөйлемнің дұрыс құрылуына назар аудармау да ана тіліміздің көркемдігіне кері әсер етуде. Телефонға жазғанда да оңтайлы сөз орамдарын, ұтымды сөйлемдер, ұтқыр жауаптар қайтаруды қалай жүзеге асыруға болар екен? Бұл да ойлантып-толғантатын, ізденетін мәселе болса керек.

Газет-журналды, кітапты қолға алып оқып, тұшыну кенжелеу қалып отырған соң, элекрондық басылымдар, сайттар, аудиокітаптар, кітаптардың электрондық нұсқалары ұсынылуда. Бұл жұмыстарда да түзу сөз, қазақтың көркем де қисынды, қуатты сөзі екінші кезекке қалмауға тиіс.

Мемлекеттік тілдің қызметтегі қолданыста әлі күн тек есеп үшін тіркеліп келе жатуы да қынжылтады. Мекемелердің көбіндегі сол тіркеліп, тігулі тұрған мәтіндерді тексерер болсаңыз, талай қате табар едіңіз. Оның көбі компьютер бағдарламаларымен аударыла салынған. Ең болмаса, одан кейін үстінен түзетіп, редакциялап, жобаға келтірілсе бір жөн-ау.

Әрине, қайткен күнде де, қалай болғанда да біз ана тіліміздің тазалығы, қолданыс аясының кеңейе түсуі үшін тер төге береміз. Өйткені, ана тіліміз – біздің ұлттығымыздың белгісі, ата-бабамыздың мұра болып қалған қасетті де киелі тіліміз.

                                           Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
                        Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің  басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар