Президент Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын зор ынтамен тыңдап әрі мерзімдік баспасөз арқылы танысып, ойдағыдай іске асырылуына мүдделі болып отырмыз.
Шын мәнінде, халық күткен көп сұрақтарға жауап алдық, Мемлекет Басшысы қоғамымыздағы көкейтесті мәселелерге – өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуы, денсаулық саласын жетілдіру, жастарды жоғары біліммен және еңбекпен қамту, әйелдердің зейнетке шығу жасын реттеу сияқты көптеген бағыттарға мұқият тоқталып, оларды жүзеге асыру жолдарын нақты көрсетіп берді.
Бұған дейінгі айтып жүрген ойларын одан сайын тереңдете отырып, Президент Үкіметтің, жергілікті атқару органдарының бизнесті қорғау мен дамыту, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, сот және құқық қорғау органдарының жұмысын уақыт талабына сай жақсарту тұрғысындағы келелі міндеттеріне жан-жақты тоқталды, айқын талаптар қойды.
Қоғамның саяси өміріне қатысты жаңалықтар да көкейімізден шықты: президент, парламент сайлауы мен жаңа үкімет жасақтаудың нақты мерзімдерінің көрсетілуі елімізде саяси реформалардың тездетілуін қамтамасыз ететіндігіне көзіміз жетті. Президент Жолдауын жаңа, әділетті Қазақстан құрудың нағыз бағдарламасы ретінде қабылдадық.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
ҚХА Ғылыми-сараптама кеңесініңмүшесі,
ҚХАА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.
***
Көңілден шыққан тұстары көп
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын айрықша зейін қойып, мұқият тыңдадық. Жолдаудағы көтерілген мәселелер ел ішінде барша қоғамды толғандырып отырған жайлар.
Алдымен әлеуметтік-тұрмыстық жағдай төңірегінде қамтылған келелі мәселелерге тоқталғым келеді. Бүгінгі күні қымбатшылықтың қос бүйірден қысып тұрғандығы жасырын емес. Осы орайда Жолдауда: «еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы. Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді» делінді. Ел қамын ойлағандықтан, халықтың еңсесін көтеруге бағытталған, ақадал ниетпен қабылданған шешімді қалың көпшіліктің разы болып, қуана қолдайтындығы сөзсіз.
Қарапайым халықтың жалақымен жан бағып отырғаны шындық қой. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, табысы төмен отбасылардың жайын ойлау әрі-беріден соң адамгершіліктің белгісі. Қоғам ізгіленген сайын бірліктің тамыры да беки түспек. Жолдау туралы көпшілікпен тілдескенімізде, зейнетақы жүйесінің қайта жаңғыратынынан да үміттеніп, көңілдерінде келер күндерге деген сенім орнығуда.
Оған себеп, Жолдауда айтылғанындай, зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал, жоғары шегін 120 пайызына жеткізу қажет делінген парасатты пікір. Демек, алдағы уақытта зейнеткерлердің де әл-ауқаты жақсара беретін болады. Тағы бір адамдардың айрықша қуанышына себеп болған жай, әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылуы. Бұл көптен бері көтерілген өзекті мәселе. Тіпті, әділдіктің салтанат құруы деп айтсақ, артықтық етпейді. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде жасалатын өзгеріс те құптарлық. Әсіресе, бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби 1,5 жасқа толғанша ұзартылуы қандай тамаша. Іңгәлаған жас сәби ата-аналарының жанында көбірек болады, махаббаттарына бөленіп, аялы алақанының ыстық табымен ширайды.
Тағы бір айта кететін жай, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызға дейін көтерілуі. Кейде жоспарыңды әлдебір жай бұзып, өмір арнасы басқа ағысқа тап болып жатуы, табиғи көрініс емес пе? Осындай жағдайға тап болған адамдарға бұл жанашырлықтың мол септігі тимек. Жалпы алғанда атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі мейлінше маңызды қадам екендігі сөзсіз.
Қоғам дамуының бар саласын дерлік қамтып, жаңа экономикалық саясаттың қандай болмағы тәптіштеле көрсетілген, нақты секторды дамытудың маңызды тұстарына жіті назар аударылған, басқа да өте өзекті мәселелерді қамтыған Жолдау құнды құжат екендігі еш талас тудырмайды. Ел азаматтарының шынайы тілегі осы еді.
Ирина Терентьева,
«Ақмола облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығы» ЗТБ төрайымы.