Арқаның ақын-сазгер Тыныштығы!

Таяуда Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында тыңдаған жанның жүрегін баурайтын сұлу сазды әнімен, ақ алмастай жарқылдаған жырымен аты шыққан ақын-сазгер Тыныштық Шаменовтың туғанына 80 жыл толуына орай, шырайлы шығармасын насихаттаған, рухани әлемімізге жып-жылы ағыс болып құйылған мол дүниесінің тылсым сырларын ашқан тұғырлы тұлғаның бар бедерлі болмысын, табиғат сыйлаған тамаша талантын еске салған әсерлі бір кеш өткізілді.

Алдымен соңғы жылдары өлкедегі өнер жылнамасын тірнектеп жинап жүрген айтулы әнші Сәрсенбай Хасенов ағамыздың көзі тірісінде туған халқына сыйлаған мол мұрасын терең қамтып, айтып өтті. Сахна төріндегі экраннан Тыныштық ағаның ел білетін еңселі бейнесі көрінді. Қолында жан серігі – домбыра. Көңіл толқынын теңіздің ақбас толқындарындай сапыратын, кең даланы еркін кезген жезкиіктей жосылған ән. Көзіңе оттай басылады екен. Бейнесі ғана емес, көзі тірісіндегі жан-дүниесінің мөлдірлігі. Сол мөлдірлік әнге айналған. Мәңгілік шырқалар, ұлтымен бірге жасасар ұлағат тұнған қоңыр үн.

Сөз арасында жалпақ ел біле жүруі үшін Арқаның ақын-сазгері Тыныштық Шаменов туралы аз-кем айта кетелік. Ұлттық өнерге ес біліп, етек жапқалы іңкәр болған тума талант, табиғи мол дарын иесі ілкідегі Арқаны әнмен қырған Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардың заңды жалғасы. Тыныштық аға да ұлы өнерді өзіне серік ете білді. Көненің көп дүниесін шашау шығармай, жүрек жылуымен қымтап, кейінгі ұрпағына табыс етті. Бүгін есептеп қарасаңыз, жүзден астам ән шығарған екен. Әндерінің көбі туған жерді қадірлей білуге, сүйе білуге жетелейтін, өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие беретін патриоттық әндер. Көгілдір Көкшенің баурайындағы Алаштың ақ бесігі – ауыл тақырыбына арнаған шығармалары да жетерлік. Ол шығармалардың басым көпшілігі сол өңірде кіндік қаны тамған жақсы мен жайсаңның әнұранына айналған.

1942 жылы Біржан сал ауданына қарасты Мәтен ауылында дүниеге келген Тыныштық аға Ақмола ауыл шаруашылығы  институтында білім алған. Ресейдегі Ваганов әскери училищесін үздік бітірген. 1987 жылы «Әке толғауы» әнімен Бүкілодақтық композиторлар фестиваліне қатысып, дипломант атанған. 1988 жылы республикалық ән додасына қатысып, «Ертіске» деп аталатын әнімен бірінші орынды иеленген. 1991 жылы белгілі әнші Ербол Шәкеев Санкт-Петербург қаласында өткен «Шлягер-91» деп аталатын дүбірлі додаға Тыныштық ағамыздың «Сол  бір кеш» деп аталатын әнімен қатысып, лауреат атанды. Кейін де бұл ән талай додада жүлдеге ие болды.

Шығармашылық биіктен көрінген сәті аз емес. Оның бәрін толайым қамтып айту да міндет болмаса керек. Сазгердің әнін тыңдаған жұрт қашанда жоғары баға беретіні даусыз. Тыныштық ағамыз айтыскер ақын ретінде де танылған. Облыстық, республикалық айтыстарда жүлдегер атанды. Тағы бір айта кететін дүние, Айсары ауылында 1989 жылы «Қарлығаш» өнер мектебін ашып, бір шоғыр жастарды тәрбиелеп өсірді. Осы өнер мектебінде Тыныштық ағамыздың тәрбиесін көрген айтыскер ақын Арман Бердалин ұстазы жайлы кеңінен толғап айтып берді.

Концерттік бағдарлама «Ақаным Ақжігітім» әнімен басталды. К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ұлттық өнердің жарық жұлдызына арналған кейінгі рухани інісінің жан жүрегін жарып шыққан әдемі ән тыңдаған жанның жүрегін баурап, әдемі әлемге жетелеп бара жатқандай. Бұл орайда, мәдениет қайраткері, дирижер Тұрлықожа Базаровтың шеберлігіне тағы бір тәнті болдық. Осы әнді орындаған Мирзат Молдахановтың да шығарманың табиғатын терең түсінгендігі көрініп тұрды. Белгілі әнші Эльмира Нысанбаева «Көкшем менің» келіс тіріп орындап берді. Мәдениет қайраткері Жанат Есовтың әнін бас дирижер Жанат Рашид сүйемелдеді. Бұл жолы көрерменге қауаныш сыйлаған әннің тақырыбы «Мөлдір сезім». Адам жанындағы тілмен сипаттауға келмейтін ғажайып бір сыр. Ал, «Ауылым Алқатерегім» әні қазақ ауылының қасиетін, туған жердің қаншалықты ыстық екендігін жеткізіп, бағзы бір кезеңдегі балауса күйге түсіретін шоқтығы биік шығарма. Әркім өзінің өсіп-өнген өңірін есіне алып отырғандай. Жас өнерпаздар Саида Сағди мен Әйгерім Дәулетханның шығармашылық шеберлігі де әнсүйер қауымның көңілінен шықты. Кешті жүргізуші белгілі дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов өмірі өзектес, өнері арналас Тыныштық ағасы туралы тебірене сөз сөйлеп, «Бір сен едің», «Аққұдық әні» деп аталатын шығармаларын нәшіне келтіре орындады. Махаббат тақырыбы да қай өнерпаздың болмасын мәңгілік жырлар әлемі. Сазгердің «Махаббат вальсі» әнін Жанар Сақтағанова әдемі жеткізді.

Тыныштық ағамыздың шығармашылық тақырыбы жалғыз ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкшетау ғана емес, Алаштың бар даласы. Осы сөзіміздің бір куәсіндей болған жайды айта кеткен парыз. Белгілі ақын Серік Жетпісқалиевтың сөзіне жазылған «Атырау» әнін көп көңілінен шығып жүрген Серікболсын Баймолдин тамаша орындап берді.

Сөз соңында «Ақмола вальсін» орындаған Аягөз Қалмағамбетованы, «Көкшетау әнін шырқаған мәдениет саласының үздігі Сәкен Біржановты, «Айсары әуені» әнін нәшіне келтіре орындаған мәдениет қайраткері Гүлжан Ахметованы атай кету орынды болмақ.

Кеш соңында белгілі әнші-композитор, ақын Иран сал Тасқара, ұлттық өнердің жанашыры Мұрат қажы Ыдырысов, осы кештің өтуіне барынша қолдау көрсеткен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова жұрт жадында жатталып қалатын жақсы аға туралы жарасымды лебіздерін білдірді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар