Үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті

Ақмола облысының прокуроры Айдос Майлыбаевтың төрағалығымен үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған облыстың құқық қорғау және арнайы органдарының басшылары қатысты. Сондай-ақ, отырысқа «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылды.

Отырыста бірінші мәселе бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары А.С.Жакиялин ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы баяндама жасады.

Спикер агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша облыс прокуратурасымен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамыту үшін миллиардтаған қаржы бөлінетінін ескерсек, одан пайда тапқысы келетіндер азаймай отыр.

Айта кету керек, арнайы прокурорлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп, ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкеріне және басқа тұлғаларға қатысты мал шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құруға бөлінген 96 миллион теңгені жымқырған қылмыстық істерді тергеуді аяқтады. Үйлестіру кеңесінің отырысында осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін облыстың құқық қорғау және мемлекеттік органдары басшыларының бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді.

Отырыста сондай-ақ, қылмыстық істер бойынша статистикалық мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз ету саласындағы заңдылықтың жай-күйі талқыланды. Осы орайда, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеттің Ақмола облысы бойынша басқарма өкілінің баяндамасында қылмыстық қудалау органдарының объективті және шынайы құқықтық статистикалық ақпаратты қамтамасыз ету бойынша бірқатар кемшіліктерге жол бергені атап өтілді.

Облыс прокуроры өз сөзінде статистикалық есептіліктің дұрыстығын қамтамасыз етудің, сондай-ақ қылмыстық процестегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдың маңыздылығына тоқтала келе, қылмыстық істерді тергеуді электрондық форматқа көшіруді жандандыру қажеттігін атап көрсетті.

Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы  А.Т.Рахымов және облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Д.А.Таев қылмыстық процестегі сенімді статистикалық есептіліктің маңыздылығы туралы сөз қозғағанда, қылмыстық істерді электрондық форматта тергеуге байланысты техникалық проблемаларды да алға тартты.

Кеңес отырысында электрондық жүйелердегі жұмысқа байланысты осы және тағы басқа мәселелерді шешу үшін құқық қорғау және арнайы органдар басшыларының бірлескен жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, анықталған бұзушылықтар мен оларға себеп болып отырған жайларды шешу жолдары белгіленді.

Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар