Көкшетауда күзгі жəрмеңкелер басталды

Облыс орталығы Көкшетау қаласында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің күзгі маусымы бастау алды. Аудандардың ауыл шарушылығы тауар өндірушілері бұл күні облысымыздың бас қаласына құны 68 миллион теңгенің 65 тонна өнімін әкеліп, сауда көрігін қыздыра түсті. Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов аралап көрді.

Таңертеңгі сағат тоғызға қарай Тәуелсіздік алаңындағы жұртшылық қарасы молая түсті. Олардың бәрі Зеренді, Ақкөл, Біржан сал, Бұланды, Қорғалжын, Шортанды, Ерейментау, Сандықтау аудандары мен Көкшетау қаласының және «Көкше» әлеуметтік-өнеркәсіптік корпорациясы»ҰҚ акционерлік қоғамының 96-дан астам өндірушілерінің жәрмеңкеге әкелген азық-түлік тауарларына үлкен қызығушылық танытты.

Бұл өнімдердің ассортименті келген көпшіліктің көңілінен шығып, сапасы әрі бағасы жағынан да көкейге қонып жатты. 29 тонна ет және ет-шұжық өнімдері, бір жарым тонна балғын балық, 130 мың дана жұмыртқа, шамамен 6,3 тонна сүт пен сүт өнімдері, екі тоннадан астам ұн, 16,5 тонна картоп және екі тонна көкөніс, барлығы қырықтан астам өнім түрі саудаға түсіп,  келушілер оларды ынта-ықыласпен сатып алып жатты.

Тұтынушылардың сөздерінше бұл өнімдердің бағасы да нарықтық бағадан әжептәуір арзан еді. Айталық сиыр етінің бір келісі 2000 теңгеден сатылса, сүттің бір литрі 200-250 теңгеден айналды, ал, қаймақ 3000 теңгенің мөлшерінде сатылса, картоптың бір келісі 80-100 теңгеден аспады. Азық-түлік өнімдерінен басқа жәрмеңкеде тұрмыстық тауарлар да болды. Шұлық өнімдері, ағаштан жасалған бұйымдар, шөп пен отынға дейін  тұтынушылар назарынан тыс қалмай, жоғары сұранысқа ие екендіктері байқалды. Көкшетаулықтар мен қала қонақтарының қай-қайсысы болсын атап өткендеріндей, бұл жолғы жәрмеңкенің қыстың қамын қарастырып жатқан халыққа көп пайдасы тиері анық. Әсіресе, мұндайда қысқа қажетті мал азығы мен отынның ойға алдымен түсері анық. Тағы бір атап өтерлігі, жәрмеңкедегідей қолайлы өнімдерді қаланың сауда орындарынан табыла қоюы қиын. Өйткені, нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен өнімдердің өзі қалалықтар үшін айтарлықтай қуаныш. Неге десеңіз, күн сайын кейін тартқан қымбатшылық кімге болсын оңайға түсіп тұрмағаны анық. Бұл күні сондай-ақ, жәрмеңкеде жүрген халық ән тыңдап, өз көңілдерін де көтеріңкі ұстады десе болады. Өйткені, оларға арналып концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сөйтіп, бүкіл облыстан жиналған әншілер өз өнерлерімен де баурап, дәстүрлі жәрмеңкеге лайықты үлестерін қосты.

–Осы жолғы жәрмеңкеге белгілі бір себептермен келе алмаған қалалықтар осы тектес азық-түлік өнімдерін алдағы демалыс күндері, 1 қазанда өтетін жәрмеңкеде де сатып ала алады, – деді өз сөзінде Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов.

Бұл әрине, көкшетаулықтар мен қала қонақтарына күзгі және арғы уақытқа азық-түлік қорын жасауларына жақсы мүмкіндік.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар