Қазақстан Республикасында жыл сайын 30 қыркүйекте әділет органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Осыған орай, Ақмола облыстық әділет департаменті басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Әкімованы әңгімеге тарттық.
– Гүлмира Мүтәллақызы, мемлекеттік қызметші ретінде ұзақ жыл әділет саласында еңбек етіп келесіз. Бұл құзырлы салаға қалай келдіңіз?
–Орынды сұрағыңызға рахмет, шынымен де мен әділет органдарында 22 жыл жұмыс істеймін және оны өзімзор мақтаныш тұтамын. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін тәмамдағаннан кейін менің алғашқы мамандығым – экономика саласы болатын. 2000 жылы Ақмола облыстық әділет басқармасына жұмысқа қабылданғаннан бері күні бүгінге дейін осындаеңбек етіп келемін және мемлекеттік қызметші болғаным үшін тағдырыма ризамын. Алғашқы еңбек жолымды заңгерлік мамандығым бойынша заңды тұлғаларды тіркеуден бастадым, кейін жетекші маманнан бөлім басшысына дейін өстім. Ал, 2016 жылы Ақмола облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары лауазымына тағайындалдым.
Бүгінгі күні мен коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу, азаматтық хат актілерін, заңды тұлғаларды және жылжымайтын мүлік мәселелерін, сондай-ақ, құқықтық түсіндіру жұмысын және халыққа заң қызметін көрсетуді қамтитын тіркеу саласында мемлекеттік бақылау және методологиялық қамтамасыз ету, тіркеу қызметі мәселелеріне жетекшілік етемін. Сондай-ақ, департаменттің Әдеп жөніндегі уәкілі болып табыламын. Мен үшін әділет органдарындағы жұмыс өте беделді әрі жауапты. Әрдайым өз жұмысымда негізгі күшті өз функцияларым мен міндеттерімді дұрыс жүзеге асыруға жұмылдырамын. Ол – мемлекеттік қызметтерді көрсету, азаматтардың және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, тексерістерді жүргізу, сот процесстеріне қатысу және тағы басқалары.
–Әділет органдарының негізі бағыты – заң саласы болғандықтан, осы жағын қысқаша әңгімелеп берсеңіз.
– Иә, мемлекеттің мүддесін құқықтық қамтамасыз ету әділет органдары қызметінің негізгі бағыты болып табылады.Қазақстан Республикасы Әділет министрлігін еліміздің басты ведомствосы деп атайтыны бекер емес. Еліміздің қолданыстағы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу уақыттың ағымымен жүзеге асады. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік қызметті көрсету саласын оңайлатуға, оларды көрсету процессін автоматтандыруға заңнамалар арқылы көп өзгерістер енгізілді, бірқатар функциялар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді, ақпараттық жүйелер енгізілді, адвокатура, нотариат, жеке сот орындаушылары және жеке тәжірибелік заңгерлер институты жетілдіріліп, реформаланды.
– Сіз қызмет атқарып кележатқан 20 жылдан астам уақытта осы қызметтің жекелеген бағыттарында, атап айтқанда, халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету, жеке сот орындаушылары институты, зияткерлік меншік құқығын қорғау және тағы басқа да даму перспективаларына қатысты бірқатар мәселелердегі өзгерістерге тоқталсаңыз.
– Қазақстанда зияткерлік меншік саласындағы мемлекеттік саясатты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі реттейді. Зияткерлік меншік объектілері Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік ұлттық институтында(Казпатент) қорғауға жатады. Институттың негізгі функцияларына зияткерлік меншік объектілеріне қорғау құжаттарын беруге өтініштердің сараптамасын жүргізу; қорғау құжаттарын тіркеу және беру; зияткерлік меншік Мемлекеттік тізілімдерін жүргізу, сондай-ақ, ресми бюллетеньде ақпаратты жариялау жатады. Институтта өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсіптік үлгілерге, селекциялық жетiстiктерге, жалпы танымал тауар белгілері мен тауарлар шығарылған жерлердің атауларына құқықтарды қорғауға болады.
Ағымдағы жылдың 20 маусымында зияткерлік меншік туралы заңнамаға өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойылды. Осы жаңа заңда зияткерлік меншік құқығын және өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғауды күшейту шаралары көзделген. Сондай-ақ, ұлттық заңнама зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы халықаралық нормалардың және тәжірибелердің ережелеріне сәйкес келтіріледі. Сонымен бірге, «географиялық нұсқама» жаңа объектісі енгізілді; тауарлық белгілер бойынша «оппозициялық» жүйе және географиялық нұсқама және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары, сондай-ақ, тіркелмеген өнеркәсіптік үлгілерге қысқа мерзімді қорғау еріктерін беру бойынша толықтырулар енгізілді.
Жеке сот орындаушылары институтының бұдан әрі дамуы ауқымды және қаныққан жұмысты білдіреді. Сонымен, 2010 жылы Қазақстан Республикасы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» жаңа Заңның қабылдануымен жеке сот орындаушыларының институтын құрудың негізі қаланды. Ол кезде бұл институт белгілі бір санаттарды орындауда белгілі бір шектеулер мен процессуалды әрекеттерге толық сот бақылауы бола тұра мемлекеттік болып балама ретінде құрылды. Кейін жеке сот орындаушылары қызметін қолдану аясы кеңейтіліп, 2014 жылы заңнаманың өзгеруінде көрініс тапты.Бүгінгі таңда Ақмола облысының аумағында 89 жеке сот орындаушысы өз қызметін жүзеге асыруда.
– Әділет органдарының құзыреті шеңберінде әлеуметтік сипаттағы мәселелерге, соның ішінде балаларды күтіп-бағуға алименттерді өндіріп алу проблемаларын шешу жолдарынахалықтың қызығушылығы артқаны сөзсіз. Бұл жөнінде не айтаредіңіз?
– Әлбетте, қазіргі таңда Ақмола облысының жеке сот орындаушыларының орындауында алимент өндіріп алу туралы 10 мыңнан астам атқарушы іс жүргізілуде. Бұл санат әлеуметтік маңызды санатқа жатады. Алимент бойынша берешектің мөлшерін өндіріп алу жүргізілмеген уақыт ішінде борышкер алатын нақты жалақыны (табысын) негізге ала отырып, сот орындаушысы шешімнің орындалуына мүдделі болады. Егер борышкер осы кезеңде жұмыс істемеген немесе оның жалақысын және өзге де табысын растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, ай сайынғы төлемдермен (немесе) алимент бойынша берешектер берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып айқындалады.
Проблемалық алименттер бойынша әділет департаменті жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірге, тұрақты негізде борышкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша бос орындар жәрмеңкелерін өткізеді. Атқарушылық құжатты орындамағаны үшін борышкер әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.Ол өзін әкімшілік жауапкершілікке тартқан6 айдан кейінҚазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы ықтимал.
Сондай-ақ, алиментті өндіріп алушы борышкерді қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы өтінішпен полиция органдарына жүгінуі мүмкін.Сондай-ақ, жеке сот орындаушысы борышкердің берешегі пайда болған жағдайда сотқа оған лицензия, рұқсат және арнайы құқық беруге уақытша тыйым салу туралы, сондай-ақ, борышкерге бұрын берілген лицензияның, рұқсаттың және арнайы құқықтардың қолданысын тоқтата тұру туралы ұсыныс жібереді. Бұл ретте жеке сот орындаушысы борышкердің мүліктік жағдайын анықтау жөнінде шаралар қолданады. Борышкерде тіркелген мүлік болған жағдайда жеке сот орындаушысы оны алимент бойынша берешекті өтеу есебіне өткізу жөнінде шаралар қолданады.
–Мемлекеттік қызмет пен отбасын қатар алып жүргенсіздің марқұм әкеңіз де полковник, құқық қорғау органдарының ардагері болған адам екен, сондықтан,мамандық таңдауға келгенде ол кісінің де ықпалы болған шығар?
– Дұрыс айтасыз. Бұл орайда, мен бүкіл өмірін құқық қорғау органдарында қызмет етуге арнаған әкем Мүтәллап ХабиболлаұлыСағадиев туралы айтпай кете алмаймын. Осы деңгейге жетуіме әкемнің маған берген тәлім-тәрбиесі көп себеп болды. Мен оның көзі тірісіндегі ақыл-кеңестерін әлі күнге дейін орындауға тырысамын. Анам да маған әрқашан қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып отырады. Ал, жолдасым Ардақ Әкімов қаржыгер, ол да әкесінің жолымен ұзақ уақыт бойы банк саласында еңбек етіп келеді. Үлкеніміз Динара мектептен кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне оқуға түсіп, оны үздік бітірді. Кейін бірнеше тілді меңгерді, бүгінгі күні Мәскеу экономика жоғары мектебінің магистранты.
Ал, кіші қызымыз Дарина биыл өз қалауы бойынша Көкшетау жоғары техникалық колледжіне оқуға түсті.Өзім әке жолын жалғастыра жүріп, осы әділет органдарында жұмыс істеген уақыт ішінде бірнеше мәрте министрліктің ведомстволық наградаларымен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталдым. Оған қоса, екі рет мемлекеттік марапатқа ие болдым. Осының бәрі ата-анамның өнегелі тәрбиесі, отбасым мен әріптестерімнің көрсеткен көмек-қолдауы деп білемін. Егер менен әлі де «Қайда жұмыс істегіңіз келеді?» – деп сұраса, ешбір күмәнсіз «мемлекеттік қызметте» деуден танбас едім.Сөзімнің соңында облыстық «Арқа ажары» газеті арқылы барлық әріптестерімдіӘділет органдары қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, мол бақыт, отбасында амандық-саулық, ынтымақ-береке тілеймін. Әрқашан ел игілігі, заң мен заңдылықтың сақталуы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!
– Әңгімеңіз үшін рахмет
Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.