Елімізде сүрбойдақтар неге көп? Оның себептері жетерлік…

Кейбір дереккөздерге қарағанда елімізде 25 жастан асқан шаңырақ құрмағандардың саны 3 миллионнан асады екен. 18 бен 30 жас аралығындағы бойдақтардың саны 5 миллионға жуықтапты.

Жарық дүниеге шыр етіп келген әр перзенттің пешенесіне жазылған өз міндеті бар. Ер азаматтың міндеті өмірлік серігі болар жарын тауып, шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбіту. Әйелдің де міндеті осы төңіректе. Әйтсе де бүгінгі күні бой жеткен қызын, ер жеткен ұлын аяқтандыра алмай отырған ата-ана қаншама?! Себеп неде? Бәсі бесбатпан салмақты сауалдың астарын ақыл таразысына салып, талдап көрелік.

Бүгінгі жастардың бойында ең алдымен жағдайымды жасап алайын деген пейіл бар. Ол да дұрыс шығар, әйткенмен уақыт шіркін төрт құбылаңды тең еткенше қаңтарылып, тосып тұра ма? Әне-міне дегенше, жалын атқан жастық шақ жарқ еткен жасындай жылт етіп өте шықпақ. Ал, отбасы болуға қамдану, материалдық игілікке мелтектеу қарапайым халық үшін ұзақ уақытты талап етеді. Онда да игілігің үйіріле қойса. Демек, тепсе темір үзетін азаматтардың бойында жауапкершіліктен тайсақтау, сәл нақтылай айтсақ, қорқақтау басым. Бұл жалпақ жұртқа тән психология.

–Бүгінгі таңда отбасылық құндылықтар күрт өзгерген, – дейді психолог Ләззат Бекенова, – әсіресе, қыз балалар ата-аналарының ырқына, қалауына, жөнін ойлаған ақыл-кеңесіне көне қоймайды. Өздерінің пайымымен, өмірге деген өз көзқарастарымен жүргілері келеді. Бойжеткендердің басым көпшілігі ресми некеге тұрғаннан гөрі азаматтық некеде болғанды қолайлы санайды. Ал, азаматтар болса, отбасын құрудың жауапкершілігінен қашады. Олар белгілі бір себептерге байланысты өз ұрпақтары алдында отбасының ауыртпалығын арқалап, ұрпақ өрбітуге бейілді емес. Ұл-қызының осындай көзқарасына ата-аналардың да еріксіз көніп отырғандығын байқауға болады.

Психологтың қалыптасып отырған жағдайды сараптауына қарағанда, отбасын кеш құрудың немесе мүлде құрмаудың өзіндік себептері саналуан екен. Оның ішінде тұрақты жұмыс орнының болмауы, сондай-ақ, белгілі бір мамандықты игермеуі де әсер ететін сыңайлы. Ұрпақ сабақтастығына алаңдаған ата-аналар амалсыздан бауыр еті балаларының бүгінгі болмысына көндіккен. «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деген пайымның түбі тайыздыққа соқтырғанын аңғара алмай отыр.

–Ең бастысы, он үштегі ұлды отау иесі санайтын ұлттық дәстүр үзілді, – дейді Рауза Бәйкенова, – бұл мәселеге жеңіл-желпі қарамау керек. Сүрбойдақтардың еліміздің демографиясына теріс әсер етуімен бірге, халық қартайып кетпей ме? Мұндай мысалдарды қайсыбір шет елдердің тіршілігінен аңғаруға болады. Қазір Еуропада осындай үрдіс қалыптасуда. Біз еліміз тәуелсіздік алған жылдары Көкшетауда мұсылмандар әйелдер лигасын құрып, халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын уақыт тозаңынан аршып алып, жаңғыртумен айналысқан шағымызда осы түйткілді мәселемен де айналысқан болатынбыз.  Соңғы жылдары бұл көрініс тіпті көбейіп кетті. Жасыратыны жоқ ағайын-туыс бас қосқан отырыста жиі айтылатын тақырыптың бірі осы.

Ата-аналардың айтуына қарағанда, материалдық игілік үстемдік құрып тұрған бүгінгі заманда бой жетіп келе жатқан қыздардың көпшілігі бай-бағланның үйіне келін болып түссем деп армандайды екен. Сондықтан да, таңдау мен талғам басым. Кірпияз көңіл көздегендей ит басына іркіт төгілген молшылық кезіге бере ме? Сананың сәулесіне мұндай сызат түсуіне ұлттық ұлағатымыздың үстемдік құруы емес, шетелдік шерменде дәстүрдің шымшымдап енуі де әсер етіп отыр.

–Біздің ауылда Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істеп келген жастар көп, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Сұлтан Сәкенұлы, – барған жастар сол жақтың дәстүрін шымшымдап әкеліп жатыр. Оңтүстік Кореяда қырыққа дейін шаңырақ құрмау етек алып кеткен екен әрі оларда ішкі есеп мықты. Мәселен, біздің жұрттың қаперіне бұрын енбеген неке келісім-шарты көп, бәлкім тегіс солай деуге болады. Азаматтық некенің  күрт көбеюі осындай жат көзқарастың қоғам бойына шымшымдап енуінен.

Тағы бір көпбалалы анамен тілдескенімізде дәл осы ахуалды қайталай айтқаны бар. Он алтыға жаңа толған немересінің «мен тұрмысқа шықсам, бай жігітке шығамын, бірден неке келісім-шартын жасаймын, түбінде ажырасып кетсем байлығынан бөліп алмаймын ба?..» деген сөзін естіп, жағасын ұстап отырған жайы бар.

–Мұндай әдеттің пайда болуына күні-түні бір тынбай теледидардан көрсетілетін шетелдік сериалдардың да әсер етуі әбден мүмкін, – дейді көпбалалы ана Айнаш Сейтенова, – демек, алдағы уақытта өзіміздің төл дәстүрімізді жан-жақты насихаттап, ұлттық ұстанымнан айрылмауымыз керек. Қазір жасыратыны жоқ, отыздан асқан қыздардың өзім үшін бала туып алуым керек дейтін ұстанымы қалыптаса бастады. Әрине, жалғызбасты адамның алды қараңғы, болашағын кім болжап білген. Күні ертең қолғанат болар жанашыр біреу болсын дейді ғой, бірақ, «арым жанымның садағасы» деп есептейтін атам қазақтың ұстанымы қайда қалады?!

Өмір көрген, тіршіліктің ащысын да, тұщысын да татқан қариялардың айтуларына қарағанда, бұрынғылардың «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген түсінігі дұп-дұрыс. Салт басты, сабау қамшылы азаматтың бәрі бірдей босағасына үйірілген берекені ұстап тұра ала ма? Әйтсе де, қазіргі сүрбойдақтардың көпшілігі жалғызбасты өмірдің әзірге көңіл арбайтын қызылды-жасылды қызығына бой алдырып кеткен сыңайлы. Бойдақ өмірдің бейнеті аз деп есептейтіндердің түсінігінше уақытында үйлену мен ұрпақ өрбіту, ата-анасына қуаныш сыйлау ескі түсінік. Әр ұлт өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрімен дамыса ғана көсегесі көгермек.

Психолог Ләззат Бекенованың айтуына қарағанда, жасы жетіп қалған азаматтардың бойында талғампаздық сезім пайда болады екен. Бойдақ атанудың, осындай өмірге көндігудің ең басты себебі де осы. Психология ғылымында бұл адамның ақыл тоқтатып, жетілу деңгейі деп көрсетілсе керек. Демек, осынша жасқа келіп, оң-солын танып, ақыл-ойы толысқан азамат жолыққан бойжеткеннің тал бойынан мін іздемек. Тырнақ астынан кір іздеген адам  әрине, табады. Тапқан соң өз  қағынан жеріген киіктей жалтармақ. Бізге дейінгі даланың даналығын бойына сіңірген ақылман аталарымыз күндердің күнінде перзентінің көкірегінде пайда болатын әлгі сезімді күн ілгері болжап білгендей «таңдаған тазға жолығады» деп айтып кетті емес пе?

–Мүмкін халқымызбен бірге жасасып келген көне дәстүрді қайта тірілтсек, бұл тараптағы олқылықтың орны толар ма еді, – дейді еңбек ардагері Амантай Ескендіров, – бұл менің жеке өз ойым. Бұрынғы бесік құда, бел құда тәрізді әдемі салт-дәстүр қайтадан бүр жарса, ұл-қызымыз өз теңін тауып, отау құру көбейер еді. Ертеректе тілегі, ниеті бір адамдар шаңырағында мынау жарық дүниеге іңгәлап біреуін ұл келсе, біреуінде қыз келсе, бесік құда болған. Мұндай жағдай бір-бірін жақсы білген, сыйлас адамдардың арасында орын алған. «Анасын көріп, қызын ал» деген қағиданы қатты ұстанған қазақы дәстүрдің қателігі жоқ еді. Тіпті, әлі іште жатқан балаларды да бір-бірімен қосу туралы да келісім болған. Мұны атастыру деп атапты. Өз дәстүрімізді ұстансақ, ұтымды болмас па?

Осы тақырыпты індету барысында сүрбойдақтардың бірнешеуімен тілдестік, бағы жанбаған бойжеткендермен де.

–Қазіргі жігіттер кейбіреуі мал таппайтын масыл болып кетті, – дейді Марал есімді бойжеткен, – өтпелі кезеңдегі дағдарыста ер адамдар жерге қарап отырып қалғанда әйелдер ала дорбасын арқалап, қырым мен қытайдан тауар тасып, отбасын асырады ғой. Бүгінгі ер адамдардың боркеміктері сол кезде көрінген. Соңғы уақытта ішімдікке салынғандар мен есірткі тұтынатындар, құмар ойын ойнайтындар көбейіп кетті. Жиіркенішті болса да айтайын, көгілдірлер де көбейіп тұр. Болашағыңнан қорқасың. Оның үстіне толық емес отбасында тәрбиеленудің де өз әсері.

Анасының некесінің сәтсіз болғандығын көрген қыздардың бойында азаматтарға сенбеу, оларды қадірлемеу сезімі болатын шығар, оның үстіне олар әйел адамның жалғыз да күн көре беретіндігін көздерімен көріп өсті ғой. Еріне өкпелеген жалғызбасты ананың тәрбиесі де теріс ықпал етуі ықтимал. Әлеуметтік желіде күйеулерінен жапа шеккен әйелдердің өкпе-назы қаптап жүр, соны көріп, біліп отырған бойжеткен қыздар тәуекел етіп күйеуге қалай шықсын. Ер балалар да жалғызбасты ананың тәрбиесінде болғандықтан, жасық болып өсетіндігін жасыруға болмас. Қайраты қабындап тұрмаған соң олар отбасы жауапкершілігін мойындарына ала алмайды. Тағы бір себеп, ажырасудың көбейіп кеткендігінде.

Өңірде 2020 жылы 30-34 жас аралығындағы адамдардың 690-ы ғана шаңырақ көтерген, осы жастағылардың 195-і ажырасып кеткен. 2021 жылы облыстағы халықтың саны 734813 адам болса, ерлер 48,7 процент, әйелдер 51,3 пайыз екен. Өткен жылдың қаңтар-қазан аралығында 10874 нәресте жарық дүние есігін ашыпты. Неке құру 3958 болса, ажырасу 758-ге жеткен.

Қалай болған күнде де жалғыздықты жаны сүйетіндердің қатары қалыңдап тұрғаны рас. Бұл жекенің емес, жалпының қасіреті. Ұлтымыз өсіп, кемелдену үшін осы бір олқылықтың жолын кесудің жайын көп болып кеңесуіміз керек тәрізді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар