От-жалынның тілі жасықты маңайлатпайды

От-жалынның ортасында жүрген өрт сөндірушілердің еңбегі қандай құрметке болсын лайық. Оқыс оқиға кезінде бастарын бәйгеге тігіп, қауырт қимылдап, айтып келмейтін апаттың алдын алу тек ержүрек адамның ғана қолынан келеді.

Кезекшілер бөліміне суыт хабар түскен. Облыс орталығындағы көп қабатты үйдің бірінен өрт шығыпты. Жедел жетті. Оқыс оқиға төртінші қабатта орын алған. Қапелімде, орынның тарлығынан көше жақ беттен өрт сөндіру көлігінің сатысымен шығу мүмкін болмады. Амал жоқ, үйдің арғы жағынан әуелі үшінші қабатқа көтерілген. Әупірімдеп жүріп төртінші қабаттағы, өрт болып жатқан үйдің терезесін сындырып, ішке енді. Көзге  түртсе көрінгісіз қараңғылық, қолқаны қабатын қою түтін кептеліп қалған. Ащы түтін бірден саңылаудан лап берді.

Дәл осындай жағдайда іште адам болса аман қалуы мүмкін еместей. Қарманыпжүріп бүк түсіп жатқан әйел адамға кез болған. Түтіннен уланып қалған сыңайлы. Қорғаныс құралын кигізіп, әріптестерімен бірге қаумалап сыртқа шығарған. Әріптестері өрт ошағын тұмшалап жатыр. Ас үйде газ баллоны болуы да әбден мүмкін. Мұндайда ойлануға да уақыт жоқ. Барлығын машықты қимылдың шапшаңдығы шешеді. Әлгі әйелдің қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, көрер жарығы бар екен, іле жеткен жедел жәрдем қызметкерлерінің көмегінің арқасында аман қалды. Ес жиған соң естісе, өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп үлгермесе анық қауіп төніп тұр еді. Өздерінің жедел қимылдарының арқасында бір адамның өмірін сақтап қалды. От шарпыған дүние-мүліктің орны толар,ал, ең басты құндылық – адам өмірі емес пе?!

–Біздің қызметтің бір жақсы жері, адамдардың ризалық сезіммен жолдайтын ақ батасын аламыз, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің кезекші бөлімі бастығының орынбасары, майор Болат Байшутов, – бәлкім қауіп-қатер кезінде қорғап қалар тылсым күш те сол көптің берген батасының күші, ақ алғысының алқауы шығар.

Бүгінгі күні өткен еңбек жолына көз салса, қауіп-қатерге басын тіккен жер аз емес екен. Бірақ, ешқашан кеуде керіп, мен солай істеп едім деп мақтанған емес, несін мақтанады. Өзінің айтуына қарағанда, өрт сөндірушілер жұмысының кәтепті қара нарға жүк болатындай ауыр екенін білген. 1999 жылы облыстық өрт сөндіру қызметіне келген кезде де іштей түйсінетін. Бірақ, адамның бойындағы еменнің иір бұтағындай қайтпас қайсарлықты қажет ететін осы бір мамандықты көңілінің құлай сүйгені.

–Бұл қызметтегі адамдардың бәрінің ішкі рухы мықты деп айтуға болады, – дейді кейіпкеріміз, – лаулаған отпен күресу үшін де жүрек түкпірінде алаулап жанған отты жігерің болуы керек. Жасық адам жалынға қарай ала ма?!

Әріптестерінің еңбегін де сипаттап өтті. Болат Қайсарбекұлының берген бағасына қарағанда кілең сайдың тасындай екшелген ер мінезді, еңселі жандар. Еңселі дегенде, бойын емес, ойдағы ізгі мұрат, мәнді мақсатты айтып отырмыз. Мәселен, Асқар Смағұлов, Мереке Нұрбаев тәрізді азаматтар оқыс оқиғалар кезінде талай рет нағыз ерлікке тән іс-қимыл көрсеткен. Таяуда төтенше жағдай қызметкерлерінің жалақысы өсетіндігі жөнінде жағымды хабар айтылып, құлақтарына жетіпті. Қуанып отыр. Әйтпесе жұмысын жаңа бастаған өрт сөндірушінің бағасы 130 мың теңгенің төңірегінде ғана екен. Егер отбасылы болса, бірден пәтер тимегендіктен, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қабырғаларын қайыстыратыны сөзсіз.

Бейбіт күнде өздерінің бойларындағы ерік-жігерлерімен, қайтпас қайсар мінездерімен кейінгі толқынға үлгі-өнеге болып жүрген осындай азаматтардың жарқын кісілік келбеті біздің бір ауыз жылы сөзімізбен нұрланып тұрғаны да жақсы емес пе?!

Б.КӨБЕЕВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар