Қызылтаңнан әлі талай чемпиондар шығады

немесе ұлағатты ұстаз Серік Құдайберген салған құтты жолдың жемісі

Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысатын адамның денсаулығы мықты, дене бітімі шымыр, сұлу, өзі шыдамды болады. Біздің ата-бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу – әр адамның қабілет-қарымына байланысты, ал, бұл туралы ұлы ойшыл Ибн Сина денсаулық пен өмірді дамыту үшін кем дегенде спорттың 33 түрінен жаттығу жасау керектігін айтқан.

Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерте кезден жіті көңіл бөліп, баланың ақыл-ойының, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына ерекше көңіл бөліп отырған. Оған дәлел, қазақтың спорттық ойындары. Жас кезінен асық атып, атқа мініп, теңге іліп, бәйге шауып, күреске түскен жастар шымыр, епті, икемді болғанын білеміз. Қазіргі уақытты өткен кезеңмен салыстыра алмайсың, өйткені, өте көптеген өзгерістер өмірге енуде. Бір сөзбен айтқанда, дене тәрбиесі – барлық тәрбие атаулының бір саласы. Оның түп қазығы – қозғалыс, ал, қозғалыссыз тіршілік жоқ.

Мектептегі оқу-тәрбие жұмысының басты міндеті – оқушылардың ой-өрісін дамыту, сабақ үлгеріміне қажетті жағдай тудырумен қатар, денсаулығын сақтап, денесін шынықтыру. Осындай мақсатпен мектебімізде салауатты өмір салтын сақтап, дене тәрбиесімен және спортпен шұғылдану ісі сонау 1980 жылдардан бастау алған. Ол сыныптан тыс жүргізіліп келген бокс секциясымен тығыз байланысты. Осы Қызылтаң бокс мектебінің негізін қалап, шәкірттерін республикалық, халықаралық бокс турнирлеріне, Қазақстан біріншілігіне баптап қосып, бірнеше спорт шеберлерін даярлап шығарған бапкер ағайымыз Серік Қажантайұлы Құдайбергенов қазіргі күні құрметті еңбек демалысына шықса да, әлі күнге өзі тәрбиелеген бапкерлермен жас боксшыларымыздың жанынан табылуда.

Елбасымыз биылғы жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Осы тапсырма аясында Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов бюджеттен 10 миллион теңге қаражат бөліп, жеке кәсіпкер Зарина Тұрмағанбетова осы тендерді ұтып алып, маусым, шілде айларында ауылымызда 2019 жылы ашылған бокс залына күрделі жөңдеу жұмысын жүргізіп берді. Оның барысында залдың аумағы 140 шаршы метрге кеңейтілді, шешінетін орын, дәретхана, душ салынды, қысқы жылу беру жүйесі толықтай жаңартылды. Теміртаудан әкелінген жаңа қазандықтар қойылып, орталық су жүйесі іске қосылды. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жаңа оқу жылына  арнап жаңартылған бокс залына Алматыдан 1 метрлік тұғырымен бірге 2 миллион теңге тұратын үлкен  ринг алғызып, сыйлады. Ал, Зеренді ауданының басшылары, соның ішінде Р.Ғабдуллина, Қ.Балтағарин, тағы басқалары атқарылып жатқан бүкіл жұмыстарды қадағалап, басы-қасында болып, жан-жақты көмектерін берді.

Міне, балаларға ғана емес, ауыл тұрғындарына осындай қуаныш сыйлаған бокс секциясы тамыз айынан жұмысын қызу бастап кетті. Ал, қыркүйек айының басында Белградта әлем чемпионы атағын жеңіп алған, ақмолалық жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Теміртас Жүсіпов және Қазақстан құрама командасының мүшелері біздің Қызылтаң ауылының осы бокс залына келіп, өздерінің әдістемелік көмегі ретінде шеберлік сыныбын  өткізіп кетті. Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, бокстан халықаралық турнир жеңімпаздары Оразбек Асылқұлов, Тимур Қабдешов, Сұлтан Мусинов, Болат Ерсұлтан сынды Ақмола бокс жұлдыздары ауылдың жас өрен боксшыларымен бірге былғары қолғап түйістіріп, жеке-жеке жұпта тұрып, жаңа әдістер көрсетіп, әр оқушының жаттығу тәсілін тиянақтап, қызығушылығын арттырумен бірге, көкейлерін мазалаған түрлі сұрақтарына жауап берді.

Әсіресе, бокстан түрлі турнирлерге қатысып жүрген ағайынды Зарина Жақашева мен Мерей Мұрат сынды ақылына көркі сай қыздарымыздың талабына сүйсінген Теміртас Жүсіпов Сербияның астанасы Белград қаласындағы әлем чемпионатында өзіне жеңіс сыйлаған былғары қолғабын  сыйға табыстап кетті.

–Жаттығуды үзбей, алдарыңа тиянақты мақсат қойып, соған жетуге ұмтылу керек. Сабақты жақсы оқып, Қызылтаң бокс мектебінің жақсы дәстүрлерін жалғастырыңдар. Әлем, Олимпиада чемпионы болыңдар! – деген  ақжарма тілектерін де білдірді даңқты жерлесіміз.

Осы қыркүйек айында Степногорск қаласында Ақмола облысының біріншілігі өтті. Осы 2009-2010 жылы туған балалар арасындағы чемпионатқа Қызылтаң бокс клубынан  4 оқушы қатысып келді. Солардың ішінен Ақмола облысының чемпионы атағын 38 келі салмақ дәрежесінде Төлеген Аян иеленіп, І орын алса, 2-орыннан көрінген Бейсейіт Темірлан 48 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдені, ал, Болат Аман 42 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, Қорғанбек Балтин 32 келі салмақ дәрежесіндегі сайысқа белсенді қатысып, марапатқа ие болды.

Осындай чемпиондарды жаз бойы талмай жаттықтырып, бабына келтірген Зеренді ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жас бапкері,  Қазақстанның спорт шебері, талай республикалық және халықаралық турнирлерге қатысып жеңімпаз, жүлдегер болған, Қызылтаң бокс секциясының түлегі Әділбек Темірбеков және осы бір істің басы-қасында кем-кетігін толықтырып жүрген спорт ардагері Серік Қожантайұлы дер едік. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тәрбиенің мықты бір іргетасы дене шынықтыру болса, ол біздің ауылымызда да негізі жан-жақты қаланып, жалғасын тауып келеді. Осы орайда, елім деген ел ағаларының қамқорлықтарына зор ризашылық сезімімен еңбектеріңіз жана берсін дейміз. Ал, жас спортшыларымызға Мұқағали ақынның сөзімен «Талмасын қанат, сөнбесін үміт, армандар алға жалғансын!» дегіміз келеді.

Жанар ЖАҢБЫРБАЕВА,
Қызылтаң ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мұғалімі.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар