Нағыз ұстаздың жан сыры

Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшесі, педагог-шебер Гүлжанат Нұрмағамбетқызы Серкешбаева жақында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Аймағамбетов Асхат Қанатұлының қолынан «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін алды.

Гүлжанат Серкешбаева Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алғашқы ұстаздық жолын 1994 жылы Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы болып бастаған ұстаз 1997-1999  жылдары бастауыш мектеп және музыка бөлімінің меңгерушісі, 1999-2005  жылдары филология бөлімінің меңгерушісі, 2008-2010 жылдары Ақмола облыстық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тіл және әдебиет бірлестігінің жетекшісі қызметтерін атқарған. 2012 жылдан бастап осы оқу орнында қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы болып, ұстаздықтың қыры мен сырын шәкірттерінің жүрегіне ұялатуда. Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде біраз  жетістіктерге жеткен ұлағатты ұстаздан кәсіби мерекесі қарсаңында алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

–Мұғалім болу бала күнгі арманыңыз ба? Ұстаздық жолыңызға қалай келдіңіз?

Мен бала кезімнен мұғалім мамандығын армандадым деп айта алмаймын. Себебі, әртүрлі әділетсіздіктерді көріп, сот немесе қорғаушы болғым келді. Ол кезде бұл мамандық бойынша оқу орны ірі қалаларда ғана болатын. Бірақ, бала кезімнен әкемнің ұстаздарға қызыға қарайтынын да білетінмін. Ата-анам тек жүрек қалауыңмен ғана мамандық таңдап, сол мамандығыңның адал иесі бол дейтін. Мен мұғалім мамандығын жүрегімнің қалауымен таңдап, ұстаздық өмір тәжірибемде өзіндік қолтаңбамды қалдырып келе жатқаныма биыл жиырма сегіз жыл болыпты. Маған тағдырдың сыйлаған ұлы сыйы – осы ұстаздық мамандығым. Ұстаз атану – мен  үшін үлкен бақыт әрі зор құрмет.

Данагөй халқымыз «Егер мамандық таңдауда Сіздің жолыңыз болса және осы жолда өміріңізді сарп ететін болсаңыз, онда Сіз бақытты болғаныңыз» деген екен. Ендеше, мен де өзімді бақытты жанмын деп айта аламын.

Осы күнге дейінгі өзіңіздің және шәкіттеріңіздің жеткен жетістіктері туралы айтып өтсеңіз..

–Иә, өмір өткен күндер ғана емес, ерекше із қалдырған күндер емес пе?! Әр адам ғұмырнамалық тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырып отыруды мақсат тұтқаны жөн. Мен де ұстаздық жолымның жемісі ретінде тағылымды дүние қалдыру мақсатында жазған еңбектерімді ұстаздық сара жолымның ізі деп білемін. Оған дәлел, «Орайлы сөз өрнегі» (оқу құралы. Алматы, 2022), «Мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту» (оқу құралы. ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ. Астана, 2019), «Қазақ балалар әдебиеті мен мәнерлеп оқу пәндерінен үлгілік оқу бағдарламасы» (ҚР Білім және ғылым министрлігі. Техникалық  және кәсіптік білім. Астана, 2017), «Тәрбие – тәлім құралы» (көмекші құрал. Көкшетау, 2018), «Мәнерлеп оқу» (оқу құралы. Қарағанды, 2018), «Фольклорлық практикаға арналған әдістемелік нұсқау» (Көкшетау, 2015).

«Елге сіңірген еңбек жақсы, еңбекті елеген ел жақсы» дегендей, Нұртас Ахатұлы басқарған колледж ұжымы менің ұстаздық  сара жолымдағы шығармашылық еңбегімді бағалап, сый-құрметке бөлеуде. 2015 жылы киелі білім ордамыздың 25 жылдық мерейтойында Ақмола облысы әкімінің марапаттауымен «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, 2018 жылы  «Үздік  ұстаз» төсбелгісімен марапатталсам, 2022 жылы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтың қолынан «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін алдым. Бұл мен үшін зор құрмет! Колледж әкімшілігіне, ұжымына шексіз ризашылығымды білдіремін.

«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды»  демекші, мен де студенттерімнің жан сарайына ақыл мен білімнің дәнін сеуіп, шығармашылық шабыттарын шыңдаудамын. Шәкірті өзінен озған ұстаз  – еңбегі ақталған ұстаз. Мен биікке самғайтын шәкірт тәрбиелейтін ұстазды шебер ұстаз деп ойлаймын.

Менің студенттерім әртүрлі халықаралық, республикалық, облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленсе, түрлі ғылыми конференцияларға қатысып шығармашылықтарын шыңдауда. Ал, негізгілерін атап айтсам, Орал қаласында өткен республикалық «Абай оқулары» байқауында Людмила Миронова бас жүлде, Петропавл қаласында өткен республикалық «Мағжан көктемі»  өнер фестивалінде Айсәуле Иманғалиева І орын иегері, Семей қаласында өткен республикалық «Сөз құдіреті» атты мәнерлеп оқу байқауында Фариза Еншілес ІІ орын, Астана қаласында өткен «Білім берудегі ұлттық құндылықтар мен инновациялық идеялар» атты республикалық ғылыми жоба байқауында Жармұханбет Хамидолла «Үздік жоба» номинациясы, Астана қаласында өткен «Үкілі Үміт» атты халықаралық педагогикалық олимпиадада Гүлнәр Бақтиярова І орын, Алматы қаласында өткен «Заманауи білім беру: мүмкіндіктер мен болашағы» атты байқауда Айгүл Серікбай І орын иегері атанса, облыстық, қалалық деңгейдегі түрлі сайыстарда топ жарған шәкірттерім көп. Бұл – ұстаз жемісі, шәкірт жеңісі.

–Мұғалімдік қызметке жаңадан келген жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

–Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың басты көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенетіні хақ. Сондықтан да, бірінші, кәсіби біліктілігімен танылған білімді де білікті маман болу шарт. Екіншіден, Шәкәрім бабамыз айтқандай, кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек әрбір ұстаздың өмірлік ұстанымына айналуы міндет. Яғни, ұстаз үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай өзін-өзі дамытып, жетілдіріп отыруы қажет. Ұстаздан жинаған мол тәжірибе әрбір ұрпақтың ұлы өміріне мағыналы жол сілтер шамшырақ болуы керек. Үшіншіден, «Өмірдің заңы – даму, ілгерілеу, озу» деген қағидамен өмір сүріп, әлемдік білім кеңістігіне еніп, білім беру жүйесінің дамуына өз үлесін қосып отырғаны абзал. Жалпы айтқанда, «Әрбір істеген ісім жас ұрпаққа шапағаты тиетін болсын» деген қағидамен өмір сүруі керек. Сонда ғана ол ұстаздың шәкірттері ізіне қарап бой түзеп, ісіне қарап ой түзеген мықты тұлға болып қалыптасады.

Ұстаз қай кезде де білім ордасының жүрегі, қоғамның тірегі жас ұрпақтың пір тұтар тұлғасы болуы хақ. Сонда ғана мен ұстазбын деп өзінен де, өзгеден де ұялмай айта алады.

–Ұстаз болудың қызығы мен қиындығы туралы айтасыз ба?

–Қабілет пен қарым да, білім мен білік те рухани жан дүниеден шуағын шашып мәуелейді, сонда ғана адам жүрегі жан рахатынан нәр алады. Міне,  нағыз бақыт дегеніміз де – осы. Ендеше, осындай бақытқа бөленіп, ұстаздықтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп, кәсіби аманатын биік ұстап, өмірінің мәні мен сәніне айналған ұстаздықпен өмірін өрнектеу – ұстаз болудың қызығы мен қуанышы деп білемін.

Ал, қиындығына келетін болсақ, кейбір отбасында тәрбие құндылықтары сақталмағандығының салдарынан ұрпақ тәрбиесінің дұрыс қаланбай жатқандығы жүрек сыздатар жағдай. Қазақ дүниені жалған деп, ұрпақ тәрбиесін ерлік деп есептеген. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесі – отбасы, қоғам, ұстаз алдындағы зор міндет. Ол үшін, алдымен, әрбір отбасында ұлттық тәрбиенің негізі қаланса,  ұрпақ тәрбиесі де дұрыс жолға қойылған болар еді деп ойлаймын. Және де әрбір ұстаз әр сабағында білім мен тәрбиені қатар ұстап отыруы керек. Бүкіл әлемдік өркениетте үлкен орын алатын ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген даналық ойын әр ұстаз әрбір сабағында тірек ой ретінде пайдаланғаны абзал. Көрегенді ұрпақтан дана халық тарайды емес пе!

Ұстаз алдындағы басты міндет – ХХІ ғасырға сай, әлемдік өркениеті қалыптасқан, ұлттық дүние-танымының ұлылығын ұлықтайтын, рухани жан дүниесі бай, интеллектуалдық өрісі кең, құқықтық мəдениеті дамыған, білімді, жан-жақты ақпараттандырылған, заман талабына сай белсенді ұрпақ тəрбиелеу. Міне, біз, ұстаздар осы міндетімізді ұмытпайық!

–Тағылымды әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар