Ақындар өмірді өзенге теңеп жатады. Адам тіршілігіндегі толқындарды елестеткені, соны жеңе білуге жігерлендіргені деп білеміз мұны. Бірақ, тұжырып түсетін тоқтам да бұл емес сияқты. Тіршілік – шеңберге сыймайтын шексіздік. Бурабайдағы Болат ағамыз өмір иесіне қаратып «Өмірдің баламасы – өмір!» дегенді айтады. Әрине, жалқы пайым дегеннің өзінде, ішің жылитын шындық осы. Сонда, жетпістің бесеуіне жеткен Болат Мұқанов мұны неге сүйеніп айтады? Көп сөйлемейтін көрегеннің жауабы да қысқа. «Адам өмірдің пәрменінде, уақыттың ағымында болуы керек» екен… Оның мәнділігі өмірден өз орныңды таба білу мен оған қызмет етудің жүрек қалауындағы нақты жолын айқындауға байланысты болса керек.
Мынау ешқандай өлшеуге сыймайтын талаптағы өмірде «өз орнымды таптым» деп кесіп айтатындар бар ма екен? Бар болса, солардың қатарына ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі, ҚҰ ҰҒА құрметті академигі, Бурабай ауданының құрметті азаматы Болат Мәжитұлын нық қосуға болатындай. Бүгінде ағамыздың жанында жүріп, тәрбиесі мен шарапатын көрген замандастарым ол кісіге қаратып «кабинеті – кең дала мен қара орман» деген сөзді тауып айтып жүр.
Теңеудің дәлдігі ол кісінің бүкіл саналы ғұмырын орманға қызмет етуге, оның ішінде 27 жыл бойы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын селкеусіз басқарғанынан деп білеміз. Бұл қызметке топ етіп түсе қалған жоқ. Алматыдағы мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын үздік бітірген 1972 жылы әлгі ҒЗИ-дің аспирантурасына қалдырылған. Содан бері бүкіл лауазымдық сатыдан өтіп, қазіргі күні институт директорының кеңесшісі қызметін абыроймен атқарып жүр. Дәл осыдан кейін ағамыз қазақ елінің орман-тоғайы, қарағай-қайыңымен серіктес сырласып өскен жан десек жарасады.
«Қара орманым – қазағымды» білетін біз бұл сөздің ел тұтастығына қаратып айтылатынын ұққанымызбен, оның қойнауында көркемдік пен әсемдіктің қатар өрілетінін, рухың қанаттанатынына мән қоя қоймағандаймыз. Бурабай ормандарын аралатып жүргендегі Болат ағамыздың мына сөздері есімнен кетпейді: «Орманның өз музыкасы, өз әуені бар. Қолың бір сәт қалт еткенде қалың орманның құшағына еніп, жүрекше жапырақтың әуенін, мың сан тіршілік иелерінің тынымсыз дыбысын естісең, құтты Құрманғазының күйін тыңдағандай жан дүниең жадырап, әдемі әсерге бөленесің. Орман тынысына құлақ түріп, табиғатына тереңдей алсаң қарағайдың ғұмыры, теректің тіршілігі тәрізді тылсым сырларды ұғасың». Жан тазалығы, сезім сергектігі өрілген адамның сөзі. Қалай десек те, білікті маманның кез-келген әңгімесінің тұжырым түйіндері орман әлемінің ғылыми нұсқаларына тіреліп тоқайласып жататыны бар.
Осы ғылым демекші, орманшылық қазақтың кәдуілгі кәсібі емес. Онда ғылыми жаңалық ашу, тау басынан құдық қазғанмен пара-пар. Бейнеті мол, кедергісі қисапсыз шаруа бұл түсінгенге. Салыстырып қарайықшы. Мысалы, астық дақылдарын, оның жаңа сұрыптарын шығарумен айналысатын ғалымдар көктемде еккен дақылының күзде қалай өскенін көре алады. Қай жерінде дұрыс, қай жерінде қате жібергендігін сараптайды. Ал, орман шаруашылығында мүлде басқаша рең қалыптасқан. Айталық, орманшы ағаш көшетін отырғызатын болса, оның бой салып өсуін, жапырағының жайылуын, кәдімгі ағаш қалпына енуін қаншама жыл тосуы керек. Сондықтан да ғылымның бұл саласы ғалымнан айрықша төзімділікті, шыдамдылықты талап етеді.
Біз куә болған мына бір мәселені маңызды санаймыз: 2016 жылы Президент, аталған ғылыми-зерттеу институтында болды. Астананың жасыл белдеуін қалыптастырып жатқан кезде жас өскіннің түрі мен тегін, будандық аудандастырылуын, сұраныстағы тұқым дайындауды, оған қатысты ғылыми негіздемелер мен ұсыныстарды басшылыққа алу қажеттігі айтылды. Институт қарауындағы дендробақ, арборетум мен популетум сияқты буындар бұл бағытта назар саларлық жұмыстар атқарған.
Ғылым ордасы құрылған бойда профессор В.М.Савичевтің Бурабайдың орман орамдарында өсімдіктердің 500 түріне сынақ жүргізуге мүмкіндіктің бар екендігін дәлелдеген жобасы мақұлданып, арнайы дендробақ іске кіріскен. Оның аумағы 44,3 гектарды алып жатыр. Мұнда өсімдіктің 2 мыңнан астам түрі зерттелді. Бүгінде соның 30 ұялас тармағы мен 95 текті құрайтын 800 түрі сақталып қалды. Жағрапиялық тегін тарқатсақ, дендробақтағы өскіндердің 25,6 пайызы еуропалық, 22,5-і сібірлік, 21,1-і солтүстікамерикалық, 14,4-і қиыр-шығыстық, 9,2-сі жапон-қытай аумақтық, 7,2 пайызы ортаазиялық түп тамырға жатады. Бұлар ағаштар, бұталар, саялы өскіндер және жартылай бұтақ тарамдары болып, үш дәлізді төрт топқа бөлінеді.
Дендробақпен қолтықтас арборетум мен популетумның табиғи құндылықтарымызды еселеудегі орны да өлшеусіз. Мұнда жолы түскен кісі өсімдіктер әлемінің қиял-ғажайып құшағына еніп кеткендей тебіренері сөзсіз. Табиғаттың қаталдығына қарамастан, осынау 11 гектарлық алқапта аса құнды өсімдіктер жайқалып тұрады. Қазіргі сақталғанының өзі 350 түрді қамтиды. Саналуан мақсатта пайдаланылатын ағаштарды айтпағанда, дәрілік шөптер, жұпар гүлдер, саялы бұтақтар, жеміс-жидектердің қалыңдығы қайран қалдырады. Бүгінде Бурабай дендробағына қатысты 150-ден астам ғылыми еңбек жазылып, ұжымдық жинақтарды қоспағанда, 70-ке тарта кітап жарық көрді.
Бірақ, институт директоры мемлекет басшысының алдында бұлардың бірін де айтқан жоқ. Айтқаны мынау: «Орман алабына көзқарастың біржақтылығы қынжылтады. Бәрінен де барымызды сақтауға дәнекер болып отырған ғылыми дендробақтың бағы тайғаны қынжылтады. Соңғы он жылда маңызды нысанның қаржыландырылуы мүлдем жұтаң. Орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы жоқтан бар жасап отыр. Ғалымдар да үздіксіз дабылдатуын қояр емес. Бірақ, селт еткендей серпіліс шамалы».
Осы сәтте орманшы ғалымның отаншылдығына, «қара орманымыздың» қалыңдай түсуі жолындағы шыр-пырына тәнті болғанбыз. Бұл дабыл көп кешікпей Қазақстан РеспубликасыныңПарламентінде (Сенатор Жабал Ерғалиев) қаралып, тиісті мәселелер көтерілді.
Академик ағамыз орман шаруашылығын жүргізудің ғылыми негіздемелік жүйесін қалыптастыру және Қазақстанның әртүрлі табиғи аймақтарында ландшафттық құрылымдағы қорғаныштық орман өсіру. Еліміздің орман қоры мен экологиялық апат аймақтарындағы (Балқаш өңірі, Арал теңізінің құрғаған жерлері) агроорманмелиорациялық қызметтің тиімділігін күшейту, көгалдандыру мақсатындағы алқаағаштар түрін көбейту мен оның жерсінуін қамтамасыз ету, тағы басқа маңызды бағыттарда жемісті еңбек етті.
Ол ғылыми қызмет кезеңінде 120-дан астам ғылыми жұмыстар жариялаған. Соның ішінде 3 монография, 2 оқулық, шетелдік беделді басылымдарда нөлдік емес импакт-фактор негіздері тақырыбында жарық көрген мақалалар бар.Белгілі ғалым 7 инновациялық және авторлық патенттің, 2 арнайы куәліктің иегері. Бұған қоса, жай қарағайдың төрт түрінің авторы саналады. Бұдан да басқа ғылыми еңбектері академик А.Бараев атындағы 1-ші сыйлықпен, халықаралық салалық медальдармен атап өтілді. Ол Ресейдің «Ормантану» және «Орман шаруашылығы ақпараты» журналдарының редакция алқасының мүшесі ретінде де танымал.Мұндай биік абыройға орманмен бірге тыныстаған, оның сырлы әуенімен қуаттанған адамдар ғана бөленетіні анық.
Болат ағамызды бұрынғы ғадетінше, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүргенін көреміз. Немере, шөберелерінің құшағындағы жеңгеміз Күләш Сұлтанқызы екеуі әулет шаңырағының құт-берекесі екендігін де қосып айтқымыз келеді.
Бақберген АМАЛБЕК,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Бурабай ауданы.