Көкшетауда «Табиғатта қоқыс жоқ» жалпыұлттық акциясының бірінші кезеңі өтті. Оған қала әкімдігінің қызметкерлері, жергілікті университеттердің студенттері, белсенділер мен еріктілер қатысты. Акцияның түпкі мақсаты қаланы қоқыстан тазартып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған.
Көкшетау қаласының көрікті жерлерінің бірі Бұқпа тауында бүгін студенттер қарасы көбейді. Оларды біріктірген асыл мақсат–кербез сұлу Көкшетаудың көрікті жерлерін қоқыстан және басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазарту. Айта кету керек, Бұқпаға келген туристер немесе қала тұрғындары тазалық пен тәртіпті сақтамай, өзінен кейін біраз қоқыс қалдырған екен. Бұған айналада шашылған полиэтилен пакеттері, бөтелкелер мен басқа да қалдықтар дәлел. Сондықтан, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ондаған студенттері таң атысымен Бұқпаны қоқыстан тазартуға кірісті.
–Мен бұндай іс-шараларға қатысуға қашанда дайынмын. Өзім Көкшетау қаласының тұрғынымын. Біз бәріміз осында тұрамыз, қоршаған ортаға қамқорлық көрсетіп, басқа жастарға үлгі болуымыз керек. Экологиялық мәдениетті үнемі арттырып, экологиялық мәселелерді шешуге атсалысуға міндеттіміз. Мысалы, менің әкем орманшы, ол ылғи тазалықты сақтау, айналаны қоқыстан тазалау және табиғатқа қамқорлық жасау керектігін айтып отырады, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Ілияс Қажыбаев.
Акцияға барлығы 80-ге жуық студент жастар қатысты. Оқытушылар атап өткеніндей, ұл-қыздар осындай акциялар мен іс-шаралардың тұрақты қатысушылары. Олар әр экологиялық белсенді бастаманы қолдап, табиғат тазалығынажанашыр болуда.
–Акцияға әсіресе, «экология» және «қоршаған орта қауіпсіздігі» мамандықтары бойынша оқитын студенттер белсенді қатысады. Олар қоршаған ортаның ластануы және оның салдары, табиғатқа келтірілген зияны мен бұндай акцияларды өткізудің маңызы туралы жақсы біледі. Жастар келесі сенбіліктерге де қатысуға ниет білдіруде, – деп атап өтті Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің агротехникалық институты директорының орынбасары Нұрлан Байкенов.
«Табиғатта қоқыс жоқ!» акциясын облыстық экология департаменті мен қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі бастады. Экологтар мен жергілікті атқарушы органдар облыс орталығындағы тазалауды қажет ететін ең ластанған жерлерді анықтап берген. Акция қатысушылары төрт жерде жұмыс жүргізді.
–Төрт жерде жоғары оқу орындарының студенттері мен әкімдік қызметкерлері қоқыс жинап, аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Бұқпа тауында, «Алаш Арыстары» саябағында, Краснояр ауылындағы Қылшақты өзенінің жағалауы және Шахмет Құсайынов көшесіндегі жеке секторда қоқыс жиналды. «Табиғатта қоқыс жоқ!» акциясының бүгін қала бойынша бірінші кезеңі өтті. Осы акция қазан айында әр сенбі сайын өткізіледі», – деп түсіндірді облыстық экология департаментінің бас маманы Күләш Рахымова.
2022 жылдың 5 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлығымызды бірігуге шақыратын, тұтынушылық көзқарасқа қарсы барлық адамдар табиғатты қорғауға арналған «Табиғатта қоқыс жоқ!» жалпыұлттық экологиялық акцияның басталғаны туралы мәлімдегені белгілі. Өңірдің табиғатқа бейжай қарамайтын тұрғындары мен белсенділері бұл жалпыұлттық акцияны қолдады. Эко-белсенділер мен еріктілер ластанған жерлерді қоқыстардан тазартуға бағытталған іс-шараларға қатысуға шақырды. Өйткені, еліміздің әрбір тұрғыны қоршаған ортаға және табиғаттың тазалығына қамқорлық жасауға міндетті.
Камила ӘБДЕЛМАНОВА.