Газетімізде бұдан бұрын хабарын жариялағанымыздай, Ақкөл қаласында өткен белгілі журналист-жазушы, жерлесіміз Жайық Кәгенұлы Бектұровтың туғанына 110 жыл толуына арналған мерейтой шаралары өткен аптаның маңызды бір оқиғасы болды. Бұл ауданда осыдан бес жыл бұрын дарабоз тұлғаның 105 жылдығы да атап өтіліп еді.
Онда ол аудандық орталықтандырылған кітапханада дөңгелек үстел түрінде өтіп, өз атын иеленген мектептегі және туған топырағы Аманкелді ауылындағы басқа да тағылымдық іс-шараларға ұласқан болатын. Ал, бұл жолы ақкөлдіктердің көрнекті жерлестерін еске алу шаралары аясын одан әрі кеңейте түскені көзге анық көрініп тұрды. Сондықтан, осы ұмытылмас оқиғаның ортасынан табылу мүмкіндігіне ие болған біз де Жайық ағамыздың есімі де, небір сүйіспеншілік пен ризашылық сезімін туғызатын өнегелі өмірі, артында қалдырған мол шығармашылық мұрасы да барған сайын ел жүрегінен кең орын алып келе жатқанына қуандық.
Ал, бір кезде, дәлірек айтсақ, өткен ғасырдың тоқсаныншы, тіпті, екі мыңыншы жылдары Алаш арыстарының соңғы бір тұяғы, солардай «ұлтым, елім» деп қазағына аянбай қызмет еткен Жайық Бектұровты бұл жақта тақа ешкім білмейтін. Бір өзі журналист, жазушы, тарихшы, шежіреші, ұлт жанашыры, талай тағдырды тас-талқан еткен сталиндік зұлматта өр рухын сындыра алмаған ерен қажыр-қайрат иесі, кеудесі сыр сандық, алтын көмбе бұл жанның бастан кешкені де, жазғаны да, жербасып жүргені де талай-талайға беймәлім еді.
Енді ойлаңыз, жазушы 1998 жылы 26 наурызда 86 жасында өмірден өтсе, тек содан тоғыз жыл ғана бұрын 1989 жылы, өте кеш, бір кезде жазықсыздан-жазықсыз өзіне тағылған «халық жауы» деген жаладан ақталады. Мұның өзі Жайық ағамыздың тағдырына 10 жыл айдауда жүріп келгеннен кейін де, одан әрі де мол қаяу салып, еркін жүргізіп, тұрғызбайды, үнемі сол жалған айыптың салдары алдынан шыға беріп, бір кезде сонау лагерьде жүріп жазған, онан соң жалғастырған шығармаларына дейін баспа жүзін көрмейді. Дәлірек айтсақ, тыйым салып, көргізбейді.
Ал, сөйткен Жайық Бектұров, егер өзінің қанша жылын құрдымға жіберген қуғын-сүргін кесе-көлденең демесе, Алматыда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі ретінде ұлтына қаламымен қалтқысыз қызмет ете берері сөзсіз еді. Өйткені, соған келе жатқан журналистік, шығармашылық жолы да осал болмайтын. «Лениншіл жас» газетінде редактордың орынбасары, «Социалистік Қазақстанда» бөлім меңгерушісі, Жамбыл облыстық «Коммунист» газеті мен майдандық «Қызыл семсер –Красный клинок» газеттерінде бас редактор. Қызмет бабымен Алаш арыстарының талайын білген, елдік істерге отызыншы жылдары ерте араласуына байланысты олармен жолдары да түйіскен, ұлттық мүдделері де тоғысқан. Осы сөзімізге бір-ақ мысал. Небары жиырма екі жасында көрнекті мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешевпен бірге ашаршылық зардаптарын жою жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде елге шықса, Сәкен Сейфуллинмен де жұмыс кабинеттері қатар болғандықтан, күнде көріп, амандасып, сөйлесіп жүрген.
Ата-тегінің әлді болғандығы ғана сенімсіздік туғызып, 1942 жылы қамауға алынып, алдымен ату жазасына кесілген, кейін ол үкім он жыл мерзіммен алмастырылған сталиндік қырып-жою машинасы Жайық ағамызды да ешбір аямай, жоқ қылуға тырысты. Шектен асқан қорлық, тән жарасы, жан жарасы, түңілу мен қайта күш жинау, төзбеске төзу, жансірілік, бәрінен күдер үзіп барып, қайта жылт еткен титтей бір үміт – бұл кісінің де басынан өткен ауыр жағдайлар.
Соның бәрін көріп, бастан кешіп, өмірге екі келгендей, қара түнектен әзер дегенде босап шыққанда Жайық ағамызға пана болған көмірлі Қарағанды қаласы. Басқа жерлерге ұрықсат болмай, үш әріптің әйтеуір, осы қалаға «мейірі» түсіп, Жақаң өмір бойы кеншілер қаласында тұрақтап қалды. Осында әрі қарай өзінің азаматтық қадір-қасиетін, ұлттық биік болмысын, қалам қарымын танытты. Әрине, Қарағанды екінші туған жеріне айналған соң, бейіті де осында. Тағы бір осы қалада дамылдаған Ақмола, Көкшенің ерен жыр жүйрігі Еркеш Ибраһим ағамызбен егіздесіп, барған жан, ұшқан құс, ескен желден елге сәлем жолдайтындай.
Тар қапастан кейінгі бар саналы ғұмырында осы Қарағандымен біте қайнасып, оның рухани, қоғамдық-әдеби өмірінде үлкен орын алған, оған қоса, қала зиялыларының да көш басында тұрған Жайық Бектұровты осы еңбегі мен танымалдылығына қарай, мұнда еш ұмытқан емес. Есімі облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына берілген. Жыл сайын «Жайық оқулары» өтеді. Жазушының 100 жылдық мерейтойынан бастап, барлық атаулы күндері де лайықты еске алынып келеді.
«Асылымыз, ардағымыз» деп қарағандылықтар соны істеп жатқанда, туған жері – біздер ше?! Міне, сұрақ осылай қойылғанда шүкір, соңғы бір оншақты жылдың көлемінде Ақкөл жұртшылығы да ауызды қу шөппен сүртпейтін болды. Осы уақыт ішінде тарлан тұлғаның аты аудан орталығындағы №3 қазақ орта мектебі мен бір көшеге беріліп үлгерілді. Мақаламыздың басында айтқанымыздай, 105 жылдығы атап өтілді. Сөйтіп, бұрын біле бермесе де, аудан халқы енді Жайық Бектұровтың кім екенін, оны елеп-ескеріп, есімін ел есінде сақтауымыздың сыры неде жатқанын білетін болды.
Ал, осы жұмыс бұл күнде белгілі жайықтанушы, қоғам қайраткері, осы Ақкөл өңірінің тумасы Еркін Дәуешұлының бастамасымен алғаш 2012 жылы қолға алынып еді. Сол жылы ағамыздың ұйымдастыруымен Тұрсынбек Кәкішев, Кәкімбек Салықов сияқты бір топ ұлт зиялылары бас болып, бұрынғы Ақмола облысының әкімі Қайрат Пернешұлы Қожамжаровқа жазушының 100 жылдығын атап өту жөнінде хат жазған болатын. Ол шара 2013 жылға белгіленіп, енді тек дұрыстап өткізілуі ғана қалған еді.
Алайда, өкінішке орай, біздің елде жиі болатын әкімдердің ауыс-түйісіне байланысты, оның сәтін салмады. Бірақ, келесі 105 жылдығының ескерусіз қалмауы, оған қоса, жоғарыдағы мектеп, көше де осы сауапты іске бар күш-жігерін, қанша жылын сарп етіп, қолға алған мәселесінің соңынан қалмай, ақыры бір нәтижеге қол жеткізген Еркін Дәуешұлы ағамыздың еңбегі екені даусыз. Жерлестерінің жақсы аты мен артында қалған мол мұрасын, күрескерлік рухты болмысын тағы бір еске алып жатқан ақкөлдіктердің бүгінгі құптарлық тірлігінде де осы ел ағасының игі ықпалы молынан сезіліп тұр. Әлі сол Жайық ағамызға деген зор пейілі жазбай аңғарылып, жүрегі «ерім» деп соғады.Той иелерінің өзі анау-мынау шаруаның ретінақырын осы кісімен ақылдасып қояды.
Осы жолы Жақаңды ұлықтап, Ақкөлдің қасиетті топырағына қадам басқан ел зиялылары мен жақсы-жайсаңдарының ішінде мемлекет және қоғам қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Оралбай Әбдікәрімовтің еңселі тұлғасы бірден көзге шалынды.
Салтанатты шара бастау алған жазушы атындағы мектепте Жақаң рухы күнде сезіліп тұрса да, бүгін тіпті биіктеп, асқақтай түскендей. Ол мектеп директоры Айдос Досмұхамбетов бас болып, бүкіл ұстаздар қауымы мен оқушылардың той қонақтарын аяқтарынан тік тұрып, зор қошаметпен қарсы алуларынан да жақсы байқалған. Оркестр күй төгіп, мұғалімдер көрмелерін ұсынып, балалар боз кілемде белдесіп, тоғызқұмалақтан сайысып, мектеп іші қайталанбас біркөрініске айналған дерсіз. Өзіміз жазушының 2017 жылы өткен мерейтойы барысында тамашалап, тәнті болған мұражайының есігі де айқара ашық. Бір қуанарлығы, жаңа экспонаттармен де толықтырыла түскен.
Мектеп өмірімен танысқан меймандар аз-кем «Жайық жүрген жолмен» атты ашық сабаққа қатысты. Тақтаның үстіне қарай қабырғаға академик Манаш Қозыбаевтың Жақаңа қарата айтылған «Сіз ғажайып талант иесісіз» деген сөзі жазулы тұр. Жайық Бектұров туралы батырдың да, ғалымның, ақын-жазушылардың да мұндай таңданысқа, сүйіспеншілікке толы бағалы пікірлері аз емес. Бір сөзінде қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов теЖақаңды «тірі шежіре» дейді. Мұның да жөні бар. Жайық ағамыз халқымыздың өткен-кеткенін көп білген адам. Сексенінші жылдары жариялылықтың жылымық лебі ескенде өзі қатарластарының ішінен алғашқы болып, «Қазақ әдебиетінде» репрессияға ұшырап, атылған Алаш арыстары туралы «Ағалардың жазығы не еді?..» деген мақаласын бастырады. Сөйтіп, жаны шырқырап, бар ақиқатты жайып салған осы дүние де түрткі болып, әлі жабулы қазан жабулы күйінде қалып отырған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде сең де ептеп қозғалады.
Бұл бәрін де көрген, бәріне де шыдап, төзген жазушының ұлт мүддесі, айтылуы тиіс шындық пен әділдік жолындағы сан қырлы қам-қарекетінің тек бір парасы ғана. «Жол жоралғысы», «Өткел», «Ақиқаты осы еді», «Енеден ерте айырылған төл секілді» кітаптарының ішінде ерекше орын алтыны әрине, сталиндік зұлматты әшкере ететін әйгілі «Таңба» романы. Ол Жақаңның елуінші жылдары жазып, саяси қысымнан баспа жүзін көре алмаған «Төгілген ар» атты көлемді романының нұсқасы. Оның жарық көруіне Қарағандыда қызмет атқарған рухани інісі Нұрмахан Оразбаевтың көп еңбегі сіңгенін бөле-жара айта кетуіміз керек. Бұл отызыншы жылдардың қуғын-сүргінінің бар ащы ақиқатын кейінгі ұрпаққа жеткізуде Нобель сыйлығын алған Александр Солженициннің «Архипелаг ГУЛАГ», Татарстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болған Ибраһим Салаховтың «Колыма» кітаптарынан асып түспесе, бір де кем емес туынды. Бірақ, амал нешік, ол романдар сыйлықпен аталып өтіп жатқанда, автор бұл кітабын қазақтың кертартпалығынан баспадан да шығара алмай қойып еді.
Сөйте тұра, салы суға кетпеген талантты қаламгер баспасөз бен әдебиет саласында өндіре еңбек етіп, көптеген құнды мақалалар, бірнеше поэмалар жазды, аударма жанрында да Д.Дефоның «Робинзон Крузо», А.Чапыгиннің «Степан Разин» романдарын, Л.Пантелеевтің повестерін, Т.Серебрякова, Ш.Петефидің шығармаларын қазақшаға тәржімелеп, мол мұра қалдырды. Бұған бір кездегі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ғабит Мүсіреповтың қамқорлығымен ұзақ жылдар бойы осы Одақтың Қарағанды облысаралық бөлімшесін басқарған қоғамдық жұмысын, Омбыда Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллинге мемориалдық тақта орнату ісіне ұйытқы болған мәрттігін қоссақ, Жайық Бектұровтың біз үшін кім екендігі өз-өзінен тағы бір айқындала түседі.
Ауданның қоғамдық жұртшылық өкілдері қатысқан салтанатты жиында тағдырлы тұлғаның міне, осы бітім-болмысы, қиянаттан ықпаған биік рухы, табиғи дарыны жан-жақты сөз болып, ашыла түсті. Алдымен, жиналғандар жазушының өнегелі өмірін қамтыған деректі фильмді ой елегінен өткізіп, жанды бет-бейнесі, дауысымен қауышып, өңір басшысы Юрий Курушиннің құттықтау сөзіне құлақ түрді. Жалпы, мерейтой барысында кімге болсын осы бір азаматтың сыпайы мінезі-құлқы, қазақ тіліне құрметі өте жақсы әсер қалдырды.
Келген қонақтар тарапынан алғашқы болып сөз алған Оралбай Әбдікәрімов ағамыздан да осы сапар барысында жақсыны ұлықтай білудің бірнеше игі жоралғысын аңғардық. Соның бірі – амандық болса, Жайық Бектұровтың 120 жылдығын облыс көлемінде, ал, 125 жылдығын республика деңгейінде атап өтуге күш салу.
Ұлт әдебиетінің тағы бір белді өкілі Серік Негимов өз сөзін Жақаңның «Енесінен айырылған төл секілді» кітабында Алаш қайраткерлеріне қатысты деректердің ұшан-теңіз екендігіне тоқталды. Шешен сөйлеп, көп білетін ғалым жазушының «Жер-су тарихы» атты еңбегінде тұнып тұрған қазақша атаулардың да біразын ауызша тізіп берді. Осы арада тарихты еске түсіріп, Сәкен Сейфуллиннің сүйген жары Гүлбаһрамның Петропавлға этаппен келе жатып, жалғыз ұлдары Аян қайтыс болғанда, «Мынау Сәкеннің Көкшетауы ғой» деп, Аянды осындағы зиратқа жерлегенін, осы әңгімені Гүлбаһрамның өз аузынан естігенін айта келе, Ақкөлде Сағадат пен Жайықтың, Көкшетау қаласында не Оқжетпестің қиясында Сәкеннің ескерткіші тұрса деген өз ұсынысын білдірді.
Қазақтың күміс көмей әнші қызы, жерлесіміз Қапаш Құлышева осыған үндестіріп, Сәкеннің «Біздің жақта» әнін домбырамен тамылжыта шырқағанда, тебіренбеген жан қалмаған секілді.
Айта берсек, Қарағандыда Жақаңа сенімді серік, ізетті іні бола білген белгілі азаматтардың бірі – көрнекті ақын Серік Ақсұңқарұлы. Жазушылар одағы облыстық филиалы басшылығының тізгінін де өзіне сеніп беріп кеткенін мысал еткен ақын «Ол кісі Қарағанды зиялы қауымының көсемі еді» деген бағасымен «Жайық Бектұровтың қабірінің басында» атты өлеңін оқыды.
Белгілі әдебиеттанушы, ғалым, ғылым докторы Бейбіт Мамыраев та кезінде Жақаңнан дипломдық жұмысына пікір жаздырып алған. Сондықтан, оны сырттай емес, жүзбе-жүз білген, көріп дидарласқан адам. Осы тұрғыда бөліскен естелігі де тартымды шыққанын айтқан ләзім.
Ал, өзінің арнайы келіп, қатысуымен осы тойдың шоқтығын және бір көтеріп тастаған келесі ақынға тоқталсақ, ол биылғы әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлықтан басты үміткер Ғалым Жайлыбай. Көрнекті қалам иесінің қағазға түсірген шоғыр-шоғыр ойларынан Жайық Бектұровтың өмірі мен сол бір азапты жылдардағы, кейін әдебиет майданындағы жиынтық образы мен мұндалағандай. Ақынның айтуынша, қаламгердің поэмаларына да әлі әдеби баға берілген жоқ.
Салтанатты жиынға қатысқан басқа меймандар, атап айтқанда, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов, Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының басшысы Нұргүл Каленованың да Жақаң рухын ақсақтата сөйлеген сөздерін көпшілік ұйып тыңдады. Өйткені, бұл күнгі осы бір арда азамат туралы әр ой-пікір, әр естелік, әр бағада шынайылық, ақ көңілден ақтарылған жылылық жатқаны сөзсіз.
Осы жылдар ішінде Еркін Дәуешұлы ағамыз біз үшін Жайықты танытушы болса, біздер сол арқылы жылдан-жылға Жайықты білушіге айналдық. Көкшетаудың өз басынан барған осынау мақала авторы да шарада сөз алып, талайлы тағдыр иесінен жөн лебізін іркіп қалған жоқ.
Ал, салтанатты жиынды қорытындылаған Ақкөл ауданының құрметті азаматы Еркін ағаның өзі болса, көздеген жазушы мерейтойы өткізіліп жатқан соң, арқадан бір жүктің жеңілдеуіне байланысты 2024 жылы атап өтілетін Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, №1 Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтың 100 жылдық мерейтойына қарай көбірек ойысты. Батырдың туған жері – Еңбек ауылының алдағы осы айтулы күнге дайындығы, музейі мен тұрғызылар ескерткішінің жайына дейін сөз болып, көпшілікпен ақылға салынды.
Осы арада қос ердің қамын қатар ойлап жүрген Еркін Дәуешұлының өзіне қатысты бір айрықша сәттің де кезегі келе қалып, «АMANAT» партиясының өкілі, белгілі журналист-жазушы Мағжан Садыханов жайықтанушы ағамызға республикалық байқаудың жеңімпазы ретінде «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атағының төсбелгісі мен куәлігін тапсырды.
Иә, бұл шынымен де Ақкөл жерінде оқу, білім іздеп елден жастай кеткен, дегені бірде болып, бірде болмай, НКВД құрығы сан арманы мен аңсарынан айырған, ұлтқа қызмет жолында қанаты күйген Жайық Бектұровтың аяулы есімі жерлестерінің аузында тағы бір жаңғыра түскен айтулы күн болды.
Бұл күні соңғы жылдардың жаңалығы – Жайық ағамыз өз еңбектерінде жазып кеткен Қазы батыр мен сарбаздарының басына орнатылған ескерткіш белгімен жазушының ата жұртында болуымыз да көңілде ұмытылмас әсер қалдырды. Айналасы дөңгелене орман-тоғаймен көмкерілген мына араның тұрмыс-тіршілікке жайлылығына тәнті бола тұрып, бір уақ бала Жақаңның ізі қалған дала сырына үңілесің.
Осыдан төрт-бес шақырым жерде жатқан, сондықтан, жазушының туған мекені болып саналатын Аманкелді ауылында бізді құшақ жая қарсы алған Сағындық Ыбыраевтың шаңырағының Жақаңа туыстығы бар екен. Меймандарға берген қонақасынан берекелі үйдің маңдайға біткен ырыздығы сезіледі. Осының бәрі ерінбеген еңбектен-ау деген ойға қалдық. Үй іші, техника тұрған ауласы да тап-тұйнақтай. Сағындықтың өзі болса, шаруасын дөңгелетіп отырған фермер көрінеді.
Иә, лайықты туыстықтың да мына көрінісі Жайық ағамыз туралы ізгі ойды одан әрі өрбіттіріп, тереңдетіп барады ғой. Лайым солай болсын!..
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
Ақкөл ауданы.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.
Жайық Бектұровтың қабірі басында
Қара шал, тізгін тартып, бөгел бері!
Өксікті айт өмірдегі, өлендегі.
Мағжан, Сәкен кеткен дүниеге
Сен дағы жатырсың ба жөнелгелі?!
Қоя тұр…
Екі араны жалғаймыз да,
Екеуміз егіле әнге салмаймыз ба?
Сен жоқта шыққан тегін, түбін білмес,
Тексіздің тұқымы боп қалмаймыз ба?!
Қоя тұр…
Бастан қанды ғасыр өтті.
Жай өтпей, өр кеудеңді басып өтті!
Соңыңда – шерін қозғап, боздап сүйген,
Қазағың қап барады қасіретті!
Сұм ажал, ақынсың ба, батырсың ба –
Қайтеді, атам да жоқ, ақылшым да.
Алаштың азаттығын көзбен көріп,
Алаңсыз аттанғалы жатырсың ба?!
Ендеше, хош дейді ұлың қасіретті.
Соңы бір замананың, басы да өтті.
Артында – шыққан түбін білетұғын,
Ұлы бір ұлыс қалды қасиетті…
Мемлекеттік сыйлықтың иегері,
көрнекті ақын Серік Ақсұңқарұлы.
1997 жыл.