Еңбек – өмір мәні

Көкшетау қалалық орталық үлгілі кітапханасының ұйымдастыруымен Еңбек күніне байланысты дарынды өнер иесі, сахна саңлағы, «Парасат» орденінің иегері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының халық әртісі Жібек Есекейқызы Бағысовамен «Еңбек – өмір мәні» атты кездесу кеші болып өтті.

Кездесу кешіне Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің студенттері, кітапхана оқырмандары, С.Жүнісов атындағы №18 орта мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушылары қатысты. Кеш барысында Жібек Есекейқызы балалық шағы жайлы сыр шертіп, өнер жолында жеткен табыстары жөнінде айтып өтті.

Сондай-ақ, Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің студенттері Нұрдәулет Әбдірахман, Иманғазы Әнәс, Құралай Сағидолла, Зарема Қасенжан, Мадина Әубәкірова қобыз, жетіген, домбырада кешті өздерінің музыкалық нөмерлерімен жылы әсерге бөледі. Кеште Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры Серік Жетпісқалиев пен Лариса Минина құттықтау сөз алып, Жібек Есекейқызына гүл шоқтарын сыйлады.

Өз кезегінде Жібек Есекейқызы кітапхана қызметшілеріне ризашылығын білдіріп, кітапханаға «Өмірлік өнер мектебім» атты кітабын табыс етті. Кеш соңында көпті көрген, жақсы қасиет пен үлгі-өнегені серік еткен Жібек Есекейқызы келген жастарға өзінің ақыл-кеңесін айтып, батасын берді.

Рустам ӘУБӘКІРОВ,
Көкшетау қалалық орталық үлгілі кітапханасының кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар