Өлеңді сүйген жаны-ай, Бисараның әні-ай!..

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өнер әдебиеттері бөлімі «Өңіріміздің өнер майталмандары» атты жобаны жолға қойды. Осы жоба аясында «Барыңды бағала» айдарымен іс-шаралар өткізіп, өнерсүйер қауымның, жалынды жастардың алдында өнер өлкесіндеөзінің күнделікті еңбегімен еліміздің мәдени мұрасын сақтап, қоғамымыздың рухани-адами негізін нығайтып, шығармашылық еңбектің бағасын арттырып жүрген асыл жандардыңерен еңбектерімен таныстыратын боламыз.

Бұл жоба жәй ғана қолға алынып отырған жоқ, кеше ғана қатарымызда жүрген талай өнердің тарландары, берері мол ақын-жазушы, журналистер келместің кемесіне мініп кетті, сол бағалай алмағанымыздың кесірінен өздерімен қаншама рухани байлықты о дүниеге алып кетті.  Сондықтан да, бүгін «Барымызды бағалай білейік» деген ниетте осы істі қолға алып отырмыз.

Жобаныңалғашқы кейіпкері – қазақ өнерінің көк аспанында өзінің осындай туа біткен табиғи дарынымен томағасы сыпырылған, топшысы берік алғыр құстай ән әуезінің тамаша өрнегін салып, биікке қанат қаққан дүлдүл әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова «Халық әні – оның жаны» деген тақырыпта өткен шығармашылық кешті облыстық кітапхананың директоры Қуаныш Оспан ашып берді.

Іс-шараға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Жауқазын» студенттік жастар театры студиясының мүшелері, Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің жәнеАқан  сері атындағыКөкшетау жоғары мәдениетколледжінің студенттері, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының, Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейінің өкілдері және зиялы қауым қатысты.

Бисара Мәкенованың есімі қазақ әнінің құдіретін танып, жүрегімен тыңдай білген әлеумет үшін жақсы таныс. Ең алдымен әншініәлдилеген әйгілі елін, әйдік жерін айтпай кету мүмкін емес. Ол жер – құт пен қыдыр дарыған, Алашқа Абайдай данышпан хакімді сыйлаған, Шәкәрім мен Мұхтардай ардақтылардың, аяулы алып тұлғалардың шыққан жері, қасиетті Семей топырағы. Біржан сал, Ақан  сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сияқты қазақ музыка өнерінің алыптарының дүниеге келген киелімекені, Арқа  әнінің ту  тіккен  еңбиігі  Көкшетауды кейіпкеріміз бекер таңдамаған болар.

Дайындық кезінде газеттерді парақтап отырып, «Арқа ажары» газетінің 2001 жылғы 15 желтоқсандағы санында «Бисараның екі әні» деген мақала көзіме түсті. Марқұм Төлеген Қажыбаев ағамыздың «Бәрекелді!» айдарымен қарындасына деген жылы лебізі екен:

«Бір қуаныштысы – осы дискіде көкшетаулық талантты әнші, Республиканың еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенованың орындауында Мәдидің «Үшқарасы» мен Жаяу Мұсаның «Хаулау» әндері жазылған. Сөйтіп, Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына көкшелік әнші өзінің елеулі тартуымен келіп отыр», – дейді Төлеген аға.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдан асқан бүгінгі күніне дейін Бисара Мәкенова сол баяғыдай жарқырап, халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Халқын әуелеген әсем әнімен баураған Бисара апай өнерімен, өнегесімен талай шәкірттерді де тәрбиелеп отыр.

Бисара апайға тосын сый ретінде ұсынылған студенттік жылдарын біргеөткізген жан досы, танымал әнші, продюсер, «Қазақтың Майрасы» – Майра Ілиясованың құттықтауы кейіпкерімізді таң қалдырды.Бисара  Мәкенқызы әдемі әңгімесін әсем әнімен қатар өріп, қатысушыларды дән риза етті. Өзімен бірге алып келген шәкірттерінің әсем ән шашуы да ризашылыққа бөледі.

Бисара апайымыздың шашбауын көтеріп келген дос жаран, әріптестері: Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының ардагер әншісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Мара Есмұханова, Көкшетау қаласының балалар музыка мектебінің ұстазы Асылбек Мұқатай,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, PhD докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры Ерболат Баятұлы,  Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Гүлжан Ахметова сөз сөйлеп, кейіпкеріміздің оқырман білмейтін қырларын ашып, таныстырды, сөздерінің соңында бұндай жобаның маңызы зор екенін, өнер жолын қуған жастарды тәрбиелеуде өте қажет екенін айтып, өз ризашылықтарын білдірді.

Халық әртісі Майра Ілиясова да зейнеткерлікте отырған өнер адамдарына осындай қолдау керегін, оларға қоғамның назары жетпей жататындығын айта келе, жастарға өнеге болатын жаңа бастама жалғасын тапсын деп, өз тілегін білдірді.

Іс-шарадан соң қатысушылардан пікір алғанымызда «Әдебиет және өнер» музейінің ғылыми қызметкері Нұрболат Әлменов:

–Өңірімізде өнерлі тұлғалар аз емес. Кейде солардың насихаты кем түсіп жатады. Қолда барда алтынның қадірі жоқ деп те жатамыз. Сол олқылықтың орнын осы іс-шара толтырғандай болды. Әнші апамыз шәкірттерімен бірге ғылым мен білімнің шаңырағын шаттыққа бөлеп, көпшілік көзайымына айналды. Өнер адамдары көрерменін аңсап, қолдау күтіп отырады. Осы істің айналасында жүрген барша азаматтарға алғыс, шығармашылық табыс тілеймін, – деп өз ойын білдірді.

–Мен де Бисара Мәкенқызымен кездесу кешінде болдым. Меніңше, мұндай іс-шаралар жиі болып тұруы керек. Себебі, осындай шаралар арқылы жас буын еліміздің мақтан тұтар өнер иелерін жақын тани алады. Мысалы, осы күнге дейін мен Бисара Мәкенқызы туралы естіп көрмеппін. Сұхбат кезінде, ән айтқанында өнеріне тамсандым, қарапайымдылығына таңқалдым, – дейді «Жауқазын» студенттік жастар театры студиясының мүшесі Асылзат Жәли.

Облыстық кітапханада осылайша жаңа жобаныңтұсауы кесіліп, жолы ашылды. Игі тілектер мен ниеттер, жастардың қолдауы бізді жаңа белестерге бастайды.

Бостангүл ЕРМАНОВА,
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының
өнер әдебиеттері бөлімінің басшысы.

 

Loading

1 Comment

  • Ардақты “Арқа ажары” газетінің ұжымы, атын әріптестерім! Инемен құдық қазғандай қиын да мәртебелі істеріңізге береке берсін! Әрдайым қолдау білдіріп жүресіздер, Алла разы болсын Өздеріңізге! Табысты, жемісті болыңыздар! Тілектеспін!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар