Соғыс шыңдаған қос ұстаз

Иә, бәріне де уақыт төреші.Өткен күндерге де, ел деп өткен игілердің ар-ожданы, кісілік келбеттеріне де. Әйтеуір, бір нәрсе айқын. Жақсылардың аяулы есімі, туған еліне сіңірген еңбегі ешуақытта ұмытылмауы тиіс. Ал, бар саналы өмірі халқына адал қызмет етумен өткен ондай тұғырлы тұлғалар аз емес бізде.

Елдің де, ердің де тағдыры талай рет қыл үстінде тұрған  сонау бір қысылтаяң жылдар көкжиегіне көз жіберсек, сол бүгінгі бейбіт күн, бақытты өміріміздің өтеуі үшін шыбын жанын не нәрседен де аянбаған ардақтыларымыздың қатарынан Қабылқай Сейпиұлын да көрер едік. Ол өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында Көкшетаудың іргесіндегі Молотов атындағы колхозда дүниеге келеді. Бұл қазіргі Ақан ауылы. Қарауыл ішіндегі Шұңғырша. Атақты дін басы Науан хазірет Таласұлымен аталас туыс.

Енді ғана аштық, репрессия салдары кейін шегіншектеп, ел ес жия бастаған мамыражай жаз мезгілін «соғыс» деген суық сөз ойрандап, тұп-тура жиырмадағы Қабылқай да содан Отан қорғауға аттанып кете барды. Артта  кіндік кесіп, кір жуған туған жер, алда беймәлім де өртті майдан. Ақмола қаласындағы қысқа ғана әскери дайындықтан кейін 6-шы Армияның 72-атқыштар дивизиясының құрамында бірден Сталинград шайқасының от-жалынына түседі. Сұрапыл ұрыстар, кескілескен шайқастар. Бәрін де көреді, бәріне де төзеді жас қайрат пен жас жүрек. Небір тұтқиылдан аман шығып, полкімен Оңтүстік Украин майданына қарай ойысып, Харьков қаласы үшін табан тірескен ұрыстарға қатысады. Әйтеуір, көрер жарығы бар екен, сол қанды қасапта талайлар жат жерде қалып жатқанда, сол қолынан ауыр жаралану бұйырып, госпитальға түседі. Бұл – соғыс орталап қалған 1943 жылдың наурызы еді. Ал, оған дейін тағы екі рет жараланған, жазыла салып, Курс, Орел қалаларын жаудан азат етіскен есіл ер осы үшінші жарасынан кейін әскерге жарамсыз деп танылып, елге оралады.

Әрине, оралу деген айтуға оңай, әйтпесе, тылдағы Пенза қаласында бірте-бірте ғана өз-өзіне келіп, алты айдан кейін екінші  топтағы мүгедектігімен Көкшетауға жеткен жас жігіттің жағдайын өзіңіз  түсіне берерсіз.

Жұмыс күші қат. Саналы азаматқа мен соғыс көрдім, оқ тиіп, жарымжанмын деп бәлсініп отыра беруге болмайды. Ертеңгі күнін де ойлау керек. Соғысқа дейінгі азды-көпті мамандығы есепші. Сөйтіп, колхозда жүрген жерінен Алматыға қаржы саласына басшы қызметкерлер даярлайтын курсқа оқуға жіберіледі. Келе орын да дайын екен. Алдымен Көкшетау қалалық, кейін Көкшетау аудандық қаржы бөлімдеріне жетекшілік етеді.

Соғыстың салған ауыр тән жарасы да бір күн болмаса, бір күні сыздап, сырқырауымен ақыры, денсаулығына байланысты бұл жұмыстан өз ықтиярымен босауына тура келген.Енді не істесе екен, өзін көрсете алар қай кәсіптің тізгінінен ұстаса екен?! Ақыры, жаны мұғалімдікті қалап, жиырма үш жасында Ақмола қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, партаға отырды. Одан әрі 1947 жылдан бастап Макинск қаласындағы қазақ-орыс орта мектебінде өмірінің бар мәніне айналған ұстаздық өмір жолы өріс алады. Содан тапжылмастан осы бір ғана мектепте жиырма екі жыл бойы тарих пәнінен сабақ беріп, өз ісінің майталманы атанғаны, арасында Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, уақыт талабымен бірге адымдағаны егжей-тегжейлі тоқтала берсе, көп әңгіме. Үздіксіз осы білім ордасының бастауыш партия ұйымын басқарып, бірнеше рет Макинск қалалық Кеңесінің депутаты болып сайлануы да тұла бойындағы табиғат берген, сұм соғыстың от-жалыны шыңдаған ізгі қасиетінен еді.

Әсіресе, туа біткен, жүре қалыптасқан ұқыптылығы, бір сөзді екі етпей, әрдайым айтқанында тұра білетін жауапкершілігі, сыпайы жүріс-тұрысы, ішкі мәдениеті, киім киісіне дейін тегін адам емес екені сезіліп тұратын. Осының бәрін көрген өзге әріптестері мен шәкірттері де кешегі майдангер, бүгінгі ұстазды ерекше құрметтеп, «ағалап», «мұғалімдеп» жүруден танбайтын.

Тұтастай бір мектеп қабырғасында үлкен-кішіге лайықты тұлға болу, алдынан өткен оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, көп құрметіне бөлену майдангер ұстаздың өмірде тынымсыз еңбек, орнықты мінез-құлқымен қол жеткізген өзіндік биігі болатын. Бұл үшін өз ой-өрісін мерзімдік баспасөз, басқа да пайдалы әдебиеттер арқылы үнемі кеңейтумен болып, көп ізденіп, көп ұмтылатын.

Аудан педагогтарының арасында абырой-беделі мол, Ұлы Отан соғысына қатысушы, қатысып қана қоймай, зұлым жаумен шайқаста ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен жан. Олай болмағанда, кеудесінде І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқырар ма еді?! Сондықтан, мұндай жоғары білімді, от пен судан өткен, жақсы-жаманның парқын білетін адамдарды басшылық қызметке тағайындау да ол кездің жақсы үрдісі еді.

Оның үстіне алғаш соғыстан жаралы болып оралып, қаржы бөлімін басқарғанда, облыстық партия комитетінің номенклатурасына тіркелгені бар. Сөйтіп, Қабылқай ағамызға да аудандық оқу бөлімі мектептердің біріне директор болуға ұсыныс жасайды. Бірақ, сонда үлкен ұлы Болаттың айтуынша, майдангер ұстаз алып-ұшпай, алды-артын салмақтап, өзіне тән қарапайымдылығымен рахметін айтып, бұл ұсыныстан бас тартқан екен. «Әке, неге бармадың?!» деген үйдегі балаларының сұрағына сонда «Мектепке басшы табылады, ал, мен үйреншікті дағдымнан жаңылмай, балаларға қолымнан келгенше білімімді беріп, класыма күнде кіріп-шығып жүргім келеді, – деп жауап берген көрінеді. Міне, қызметке қызықпай, шәкірт алдында өзінің ең басты парызын ғана білген нағыз ұстаз бейнесі!

Қабылқай Сейпиұлы өзі қан кешкен соғыс жайлы айтуды да ұнатпайтын. Біреу қолқаласа,  «Жақсы нәрсе емес қой. Жап-жаңа қасыңда жүріп, сұлық қалған серігіңнің бір қорғасын оқпен өліп кеткенін көргеннен ауыр азап жоқ шығар» дейтіні бар-ды. Сондайда жанындағы адам да тізгін тартып, амалсыздан сөзін басқа тақырыпқа бұрып жіберуші еді.

Көзі тірісінде осылай, өзін-өзі көтермелеп, бағасын арттыра сөйлеу, жөн-жосықсыз аузынан бір ағат сөз шығу бұл кісіде болған емес. Үйде де, түзде де тәртіп пен тазалықты сүйіп, қора-қопсысына дейін тәтпіштеп, көлденең бір тал шөп жатқызбайтын. Бұл өзімен бір көшеде бірге тұрған, таныс-біліс болған басқа адамдарға, тіпті, шәкірттеріне де үлгі еді. Шәкірттері демекші, ұзын-ырғасы 40 жылдан астам ұстаздық қызметінде қарт майдангердің алдынан кімдер білім алмады дейсіз. Ондай Қабылқай ағаның тәлімін алып, өмірлік өнегесін көрген жандарды бүгінгі экономикамыздың, әлеуметтік тыныс-тіршілігіміздің кез-келген саласынан көруімізге болады.

Ал, енді осы шәкірттерінің біразы жақсы ұстаздардың алдын көргендері, өз талпыныстары бар, еңбек жолдарында біраз биіктерді бағындырғаны да Қабылқай Сейпиұлының үнемі қарт жүрегін қуанышқа бөлеп, көңілін толқытып отыратын. Күнде арайлап таң атысымен, бір үйден  ерлі-зайыпты екі адам қолтықтасып, мектеп атты қасиетті ұяға аяңдай басып бара жатар еді. Өйткені, ардақты ағамыздың өмірлік жан серігі Асылтас апай да бала жанының бағбаны – ұстаз болатын. Соғыс шыңдаған қос ұстаз осылай қашан зейнет жасына жеткенше, тіпті одан асқанша бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуден жазбады. Сол оймен ұйқысынан оянды,сол оймен ұйқысына жатты. Оның үстіне өздері де өмірге бес бала әкеліп, сол балапандарына да нағыз ұстазға тән тәлім-тәрбие берді.

Осы арада «соғыс шыңдаған» деген сөз де аузымызға тектен-текке оралып отырған жоқ. Қабылқай ағамыздың жағдайы, ел басына күн туғанда етігімен су кешкені белгілі. Ал, Асылтас апайымызға бұл теңеуді телуіміз, ол кісі де қаршадайынан соғыс салған ауыртпалықты бір кісідей көріп, майданға аттанған ағаларының орнына тылда тракторға отырады. Сөйтіп, қашан Жеңіс күні келіп, ел арқасы ептеп кеңігенше, ауылдағы екі трактордың бірін тізгіндеп, ерлерше қайрат көрсетеді. Сөйтіп, нәзік білегі, қыз атымен таудай іс тындырып, көп алғысын арқалайды. Ал, соғыстан кейін Қабылқай ағаға қосылған соң, сол кісінің ақыл-кеңесімен Ақмола педагогикалық училищесін тәмамдап, ұстаздық жолға бет алады.

Бұл жол әрине, жөн білетін, жоба білетін, өз таңдаған мамандықтарына асқан адалдықпен қараған қос ардагерге де өмір қанағаты мен жемісін сыйлады. Талай биіктерге қанат қаққан шәкірттерімен қоса, өз балалары да тындырымды істерімен қуанышқа бөлеп, мерейлерін тасытты. Әсіресе, институтты көлік саласы бойынша бітірген Болат ұлдары талай қызмет сатысынан мүдірмей өтіп, Қазақ КСР Автокөлік министрінің орынбасары қызметіне шақырылған кезі де болды. 1969 жылы өзінің кіндік қаны тамған Ақан ауылына көшіп келіп, сонда ұстаздық қызметін жалғастырған Қабылқай аға мен апайымыздың бұл жасы жетіп, кәріліктің де ауылына кірген кезі еді. Сондықтан, осы кісілерге, артындағы іні-қарындастарына қарайлаған Бәкең ата-анасының да ақылымен бұл үлкен қызметтен тартыншақтай берді. Сөйтіп, баяғыда мектеп директорлығынан бас тартқан әке сияқты бұл лауазым ұлын да айналып өтті.

Иә, мұның бәрі «адам қызметпен емес, ісімен, мінезімен көрікті» деген тәмсілдің растығы шығар. Қос аяулы жанның өмірден өткендеріне де талай жылдар өтсе де, әулеттің ендігі үлкені жалғыз Болат ағамыз емес, туған бауырлары Күлпәш, Бораш, Марат, Күләш, олардан өрбіген 15 немере, шөбере де сол үлкендер салған тура жолмен бар кедергілерді еңсеріп, «адалдығым, адамдығым – арым» деп арман-мақсаттарына қарай жүріп келеді. Әрине, немере-шөберелер әлі жас болғанымен, олар да түбі осы бір ата-әжелерінің қадіріне жете түсерлері анық. Ендеше, біз де Қабылқай Сейпиұлы сияқты кешегі өткен майдангерлеріміз бен жақсыларымызды ұмытпай, есімізге ала жүрейік дегіміз келеді.

Қ.КӘКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар