Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қарағаштағы мерейтой - АРҚА АЖАРЫ

Қарағаштағы мерейтой

Алаш жұртының сөз ұстаған талай жақсы-жайсаңына ақ бесік болған қасиетті Қарағаш топырағында жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 5-6-шақырылымдарының депутаты, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің мерейтойы кең көлемде аталып өтті.

Алдымен Қарағаш ауылына қозыкөш жердегі ата жұрттың топырағына ат басын іріктік. Қоңыр күздің саналуан бояуы тамылжыған табиғаттың дидарына жағылып қалыпты. Шоқ-шоқ қайыңдардың қойнауы құрқылтайдың ұясындай жып-жылы. Сағына, сарғая тосқан перзентін құшағына алып, самал желмен аймалап, ыстық лебімен маңдайынан сүйіп, құрметін көрсетіп жатқандай.

Ағамыздың кей-кейде ет жүрегі елжіреп туған топырағы туралы, арыдағы аруақты ата-бабасы жайында ағыл-тегіл сыр шертетіні бар. Таңғы шықтай мөлдіреген перзенттік махаббат осы жерден де шынайы көрініс тауыпты. Атажұртқа қаламгер айшықты бір стелла орнатыпты. Осы төңірекке дін исламды насихаттаумен аты шыққан Жаңабатыр қажыдан тараған ұрпақты қамтып, ел ұйытқысы болған  игі-жақсылардың, өз аталарының аруағын құрметтеп, өз қаржысына «Атажұрт» стелласын қойған. Енді бір ауыз сөзді осы тараптан сабақтай кетелік.

Сонау 1927 жыл. Ақ қашып, қызыл қуған аласапыран. Жарым дүниені былғап, ақ сүйек болған адам мәйітінің үстіне өкімет орнатпақ болған, қылышынан қан тамған қызылдар әкелген қасірет бұл төңіректі де шарпыған. Бәлкім, шарпыған деген сөзіміз сол дәуірдегі заман тынысын анық көрсете алмауы мүмкін. Күйдірген, өртеген. Дінді апиын санап, қасиетті қажы, ел ұйытқысы – молданы ата жауынан әрі қудалаған қызыл өкіметтің қаһарынан сескенген аталары, сүттей ұйып отырған қаншама қауым жергілікті жұрт ауызекі тілде іш жақ деп атайтын Сібірдің қалың орманына сіңіп кеткен. Осы атажұртқа рухани дүниелерін азық еткен құрандар мен діни кітаптарды жұрт көзінен жасырып, көміп кетсе керек.

Ұрда-жық өкімет тартып алып, жоқ қылар, алыс жолда да сақтай алмаспыз деп уайымдады ма екен, кім білсін?! Көз көрмеген қияндағы өмір қандай болмақ? Алдары қараңғы. Ондағы көрген азапты, белден келер бейнетті сипаттауға тіл жетпейді. Қиянда жүрсе де көкіректерінен туған ел кетпеген қауым 1932 жылы атажұртқа әупірімдеп  қайта қоныс аударған. Әйтсе де қуғын-сүргін тыйылмапты. Қажылар мен молдалар жаңа өкіметті жақтырмай жатыр екен деген, коллективтендіруге қарсы екен деген жел сөз кең даланың қойнауын кернеп, арлы да абзал адамдардың жан дүниесін ақпанның үскірігіндей суытып тұрған.

Атажұрт ескерткіші басында жазушы Жабал Ерғалиұлы өткеннің өңсіз суретін, тар замандағы тепірешті тебірене айтып берді. Жазушыны қарсы алып, құрмет көрсеткен ауданның игі жақсыларын бастап келген Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов осы бір аталарға деген ізеттің, құрметтің кейінгі жастарға өнеге екендігін айтып өтті.

Сөз өнерін қадірлей білетін, ел мен жердің мұңы мен мүддесін биік-биік мінберлерден көтеріп жүрген қайраткерін бағалай білетін қаумалаған қалың ел ауыл ортасындағы Жабал Ерғалиев салған мешітке келіп, аруақтарға құран бағыштады. Мешіт ішіндегі діндар қауым тұтынып жүрген, қабырғаларда ілулі тұрған әр заттың өзіндік тарихы бар екен. Түсініп, түйсінгенге өміршең өнегесі мол.

Мұнан соң Қарағаш орта мектебі сөз өнері сардарының салтанатын іліп әкетті. Аудан әкімі Берік Әлжанов қалам қайратымен қара ормандай қалың оқырманына қалтқысыз қызмет еткен қаламгерді «Тайынша ауданының құрметті азаматы» атағымен марапаттады.

–Ел өміріне белсене араласып, әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына ерен үлесін қосқаны үшін Жабал Ерғалиевті әрқашан ардақ тұтамыз, – деді аудан әкімі Берік Ақылжанұлы, – қайраткер ағамыздың Көкшетау қаласындағы музыка училищесіне Біржан салдың атын беру туралы мәселе көтергендігін, Абылай ханның ескерткішін орнату жөніндегі комиссияның мүшесі болып, сонау Түркістаннан ұлы ханның жерленген жерінен топырақ алып келгендігі белгілі. Одан өзге де сан шаруасын бүгін айтып тауыса алмас едік. «Жаңбырсыз жаз», «Тұтқын», «Қош бол, құлыным», «Алтыншы бала», «Сөне көрме жұлдыздар» тәрізді шығармалары оқырмандар тарапынан өзінің жоғары бағасын алған дүниелер.

Жабал Ерғалиұлының шырайлы шығармасы туралы белгілі ақын, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа, «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Досымхан Аралбаев, әдебиетші ғалым Ерболат Баятұлы, ақын Құдайберлі Мырзабек тәрізді азаматтар егжей-тегжейлі айтып берді. Мектеп оқушылары драматургтың «Тойғандар мен тозғандар» шығармасынан көрініс орындады.  Тақырып аясындағы тамаша әндер орындалды. Осы арада Қарағаш орта мектебінде өнерлі өрендердің көп екендігіне сүйсінгендігімізді бөле-жара айта кетсек, артықтығы болмас. Сондай-ақ, белгілі жазушы, қарымды қайраткер, ел атын шығарған, туған жер перзентінің құрметіне қазақ күресінен өткізілген ауданаралық жарыстың да шоқтығы биік болғанын атап өту ләзім.

Бұл күні Қарағаштың шөкімдей аспаны сырлы да нұрлы сөзбен аясын кеңейтіп, перзентінің ел мен жерге деген ақ пейілімен, адал ниетіменажарланып, биіктеп тұрды. Туған ел төл перзентін ыстық құшағымен елжірей сүйіп, дара тұлғасының дарынын бағалап, қарымын ескеріп, мәртебесін биіктетіп жатқаны қандай жарасымды!.. Халық біткен осындай байламға келіп, ардақты азаматына әрі қарай да «ақ жол» десті.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар