Ырыс молайсын десек…

Азық-түлік молшылығын жасау қашанда маңызды. Ауыл шаруашылығының айдарынан жел естіріп тұруға қарымы қаптал жететін өңірде кәдеге аспай жатқан ішкі резерв әлі де баршылық.

Алдымен тілге тиек етеріміз, төрт түлік малдың жайы. Мал басы бүгінгіден де көбейсе, ет және ет өнімдері сөреде сыңсып тұрса, бәсекелестік пайда болып, бағасы да өспес еді. Ырысты молайтуға мән берсек, кәнеки. Қолбайлау болып тұрған бөгесіндер қай тұста? Таратып айтып көрелік. Ақкөл ауданындағы «Саяси Қолғанат» шаруа қожалығы үш жүз басқа жуық қара мал, 150-дей жылқы бағып отыр. Шағын шаруа қожалығы үшін тәп-тәуір дүние.

Қожалық басшылары алдағы уақытта мал басын өз төлі есебінен көбейтсек деп ұмтылады. Неғұрлым көп бақса, өзіндік құн да арзандай түспек. Ең бастысы да осы. Өзіндік құны төмендеген сайын тұтынушыға ұсынатын ет және ет өнімдерінің бағасы да қолжетімді болмақ. Бірақ, «үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» демекші, көздеген мақсаттың қиялға айналатын тұсы бар.

Басты бөгет, мал азығын дайындауға мүмкіндіктің аздығы. Нақтырақ айтсақ, шабындық және мал азығын өсіретін егістік алқаптың жоқтығы. Шаруа қожалығының әбден тұяқкесті болған 800 гектар жайылымы бар. Жаз қыруар малды иіріп бағып күнелткенімен, мал қораға кірген кезде мәселе туындайды. Жалғыз амал – мал азығын сатып алу. Қысы ұзақ өңірде мал азығын сатып алып, төрт түліктің басын өсіру өте қиын шаруа. Өйткені, салмағы 350 келі болатын, кейбірінде сапасы сын көтере бермейтін шөптің бір бумасы 10-12 мың теңге аралығында. Ал, арпаның бір тоннасы 100 мың теңгенің төңірегінде. Демек, қара мал қыста өзінің құнын өзі жеп қояды деуге болады.

Бұл тығырықтан қалай шығуға болады? Жергілікті шаруа қожалықтары басшыларының пайымдауларына қарағанда, ендігі арада соқаның тісінен аман қалған табиғи жайылымдарға тиісуге болмайды. Соңғы уақытта қаншама жер жыртылып, табиғи шөп қоры таусылуға таяп қалды. Әрине, егін де егілуі керек, бірақ, мал шаруашылығын, оның жемшөбін дайындау мәселесін күні бұрын ойлап, үйлестіріп отырған абзал. Ендігі бір мәселе, тозған жайылымдардың сапасын жақсарту үшін, әрі мал азығын молынан дайындау мақсатында көп жылдық екпе шөптерді егу. Тиімді болары талас тудырмайтын бұл жай әзірге мүмкін болмай тұр. Өйткені, малға жұғымды, өнімі мол екпе шөптердің тұқымы өте қымбат. Жекелеген шағын шаруашылықтардың шамасы келмейді. Демек, орталықтандырыла ұйымдастырғаннан басқа амал жоқ.

–Қазір үлкен ауыл шаруашылығы құрылымдарында болмаса, біз тәрізді кішкентай шаруа қожалықтарында агроном мүлде жоқ, – дейді шаруа қожалығының басшысы Қолғанат Саяси, – агроном болмағандықтан, жайылым мен шабындықтың жайын ғылыми зерттеп, жүйелеп отыру жұмысы мүлдем жүргізілмейді. Әйтеуір, ішкі түйсікпен азын-аулақ егістік жерді пайдалануда озық технология мен іргелі ғылымға иек артпағаннан кейін нәтиже бола ма? Жердің баға жетпес байлық екендігі шындық. Бірақ, біз соны дұрыс пайдалана алмай отырмыз.

Тиімді пайдалану дегеннен шығады, бұл шаруашылыққа жайылымдық жер сонау Степногорск қаласының түбіндегі Байқоныс елді мекенінің жанынан бөлінген екен. Төтелей тартсаңыз, 80 шақырым. Күн сайын әрілі-берілі қатынап, мал бағу мүмкін бе?! Әлдебір қажеттілігі туындап, техникаға қосалқы бөлшек, малшы қауымға азық-түлік жеткізу үшін 160 шақырым жол жүру керек. Күні бұрын жер телімі жанашырлықпен бөлінбегеннен кейін малсақ қауым мехнат шегіп отыр.

Ендігі бір мәселе, кооперативтерге бірігу жайы. Шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, біріксе береке үйірілер еді. Мәселен, жаңа жобаға қатысуға мол мүмкіндік тумақ. Несие алуға бірігіп, кепіл де қоюға болады. Машина-трактор паркін жаңалаудың да сәті түспек. Бірігіп көп жылдық екпе шөп алқаптарын мейлінше кеңейтсе, өздері өндіретін өзіндік құны арзан, сапалы мал азығына қарық болмақ. Қазір осыдан отыз жыл бұрын егілген екпе шөп алқаптарының тоз-тозы шығып, айтақыр болып қалды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін де бірлесіп жұмыс істеген тиімді.

Ендігі бір мәселе, ел ішінен табысы тәуір болса да малға қарайтын адамның табылмауы. Бәлкім, ауыл адамдарын да кінәлауға болмас. Олар да осы шаруа қожалықтары тәрізді төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отыр. Жалғыз айырмашылығы – бағымдағы малдың аздығы.

–Біз жарты ай мал баққаны үшін 150 мың теңге еңбекақы төлейміз, – дейді Қолғанат Саяси, – соның өзінде мал жайын білетін адам табу қиын. Малшылардың тойға, батаға сұрануы  жиі. Адам болған соң барлығы керек шығар, ондайда қолымызға құрық ұстап өзіміз шығамыз. Осылайша, елбесіп-селбесіп күн көріп жатырмыз. Азық-түлік молшылығын жасаудың бірден-бір жолы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарымен бірге, шағын қожалықтардың бар мүмкіндігін пайдалану. Мұның екі жағы бар, біріншіден, әлі күнге дейін тәуекел етіп несие алып, төрт түлікті өсіруге бата алмай отырғандар түтіні түзу ұшқан жеке шаруашылықтың жетістігін көрсе, үлгі болар еді. Алдыңғының алға басқан қадамынан өнеге алмай ма? Сөйтіп, ауылда екі қолын алдына сыйғыза алмай отырған ағайын адал еңбек етіп, ырысты көбейтуге ұмтылады. Екінші тиімді жағы, қанша жылдан бері ауылдың көсегесін қайтсек көгертеміз деп тығырыққа тірелген мәселе өзінен-өзі шешіледі. Босағасына береке бітсе, ауыл адамдары ешкімге алақан жайып тіленбей, өз қотырын өзі қасымай ма?!

Жайылым мәселесі әлі де бар. Бурабай ауданындағы Қатаркөл селолық округіне қарасты Вишневский елді мекеніндегі шаруа қожалығының басшысы Аман Қалиасқардың айтуынша, жергілікті жерде мал шаруашылығын дамыту үшін ең алдымен жайылымдық және шабындық жер керек.

–Бурабай баурайы курортты аймақ, екіншіден, ұлттық табиғи парк бар. Бұл маңайға мал жаюға рұқсат етілмейді. Ол әрине, түсінікті. Ал, етектегі егістік алқаптар біздің тынысымызды тарылтып тұр, – дейді Аман Қалиасқар, – мал шаруашылығы алға басса, ауылдағы ағайынға да тұрақты жұмыс болар еді. Ауылдықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға кәдімгідей ықпал етеді емес пе?

Шаруа  қожалығы басшысының айтуына қарағанда, тағы бір сойылдай мәселе, ақадал малын бұлдап өткізу. Ауылдық жерлерде бұл мәселе қожырап тұр. Үлкен бейнетпен өсірген мал негізінен, алып-сатарларға тапсырылады. Сол кезде малсақ қауымның несібесінен алып-сатардың табысы көп болып шығады. Бұған дейін қанша мәрте айтылғанымен, ауылдағы ағайын малын базарға шығару мүмкіндігі кемшін.

–Егер шаруашылық қажеттілігіне бірді-екілі мал сойып сататұғын болсақ, – дейді қожалық басшысы, – ауылдағы ағайынға жіліктеп бөліп бере саламыз. Ақшасының уақытылы қолға тию жағы қиындау. Басқа амал жоқ.

Ендігі бір мәселе, аудандарда  қара малды бордақылайтын алаңдарды көбейту. Егер әр мал баққан қазақ бойдақ малын бордақылау алаңына тапсырып, құжатын алатын болса, күні ертең ет өндіруге қосқан үлесі үшін тиесілі субсидиядан үміттене алады.

Ел ішіндегі мал сүмесімен күн көрген малсақ қауымның осы бір мәселелерін шешу арқылы азық-түлік молшылығын жасауға кең жол ашуға болар еді. Әрі жанын жалдап, жұмыс істеген малсақ қауымның да ырысы молайып қалмай ма? Бұл астананың азық-түлік белдеуіндегі әзірге игерілмей жатқан игіліктің бір парасы.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар