«EL-jastar» театры «Алаш» қойылымын ұсынды

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған бұл қойылымның премьерасын«Ақан сері атындағы жоғарғы мәдениет колледжінің дарынды студенттері ұсынды.

«EL-jastar» театры студенттерінің  Алаш арыстарына деген ақ пейілі мен оларды насихаттауға бағытталған бағалы бастамасын көрермен ерекше ықыласпен қабыл алды. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салып, ағартушылық қызметімен қоса, халқымыздың 20-шы ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы және оның замандастары – Алаштың біртуар ұлдарының жалған айыппен сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандарына айналуы сынды қасіретті болашақ актерлер жақсы жеткізе білді. Көрермен қойылым арқылы тарих тоғысының мәлім де беймәлім тұстарын сезіне алды.

–Бүгінгі «Алаш» атты поэтикалық драмада Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары арқылы оның болмысын, портретін халыққа жеткізуге тырыстық. Аз уақыт ішінде студенттер өз деңгейіне сай қойылымды жақсы алып шықты деп ойлаймын. Болашақ театр маманы болам деп жүрген жастарымыз үшін бұл үлкен мүмкіндік болды. Алдағы уақытта олқылықтардың орнын толықтырып, жаңа бір идеялар қосып, көрермен назарына тағы ұсынамыз. Театрдың кинодан ерекшелігі сол, үнемі дамып, қателерді аңғарып, жұмыс істеп отыруға мүмкіндік бар, – дейді қоюшы режиссер Нұрислам Әбділ.

Қойылым бір сағатқа созылды. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы саяси қуғын-сүргінде азап шеккен Ахмет Байтұрсынұлы мен замандастары бастан кешкен ойранды жылдардың қайғы-қасіретін, шексіз әділетсіздігін бейнелейтін драмалық қойылымда басты рөлді сомдаған 2 курс студенті Ерболат Бекежан рөлді алып шығу оңайға соқпағанын, бірақ, бұған Ахмет болмысын жақын танып білу үлкен септігін тигізгенін айтады.

–Қойылым алдында ерекше  толқып тұрмын. Мен үшін осынау біртуар тұлғаның рөлін сомдау – үлкен жауапкершілік. Ол кісінін халық үшін жасаған ерен еңбегі мен елі үшін пида еткен ғұмырын көрермен көңіліне жете жеткізу парызым деп білемін. Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын бала күнімізден оқып өстік. Алайда, осы қойылым арқылы оның өлеңдерінің тереңде жатқан мағынасын және ішкі тебіренісін жақын түсіне түскеніме қуаныштымын, – деді «EL-jastar» театрының мүшесі, драмадағы басты рөлді сомдаушы Ерболат Бекежан.

Қойылым аяқталғаннан кейін кеш қонақтары қойылымға қатысты пікірлерін, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова облыс басшысының атынан қатысушыларды алғыс хаттармен марапаттады. Кештің құрметті қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев жастар театрларын дамытып, көмек-қолдау көрсету қажеттігін айтты.  Жастардың жалынды жігері мұқалмасын, жолдары қашан да ашық болсын деген тілекке бәріміз де қосыламыз.

Тарихта тектілігімен аты шыққан тұлғаларымыздың тағылымын зерделеп,  даналығын ұғу, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі күннің басты бір міндеті.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар