Ауыл шаруашылығы техникасы көптеп сатылатын болады

 Көкшетауда таяу арада ауыл шаруашылығы техникасының жаңа сауда-көрме алаңы ашылады. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев осыған байланысты «Агротрак» компаниясының ауыл шаруашылығы техникасы дилерінің және «ASTANA MOTORS KOKSHETAU» сервис орталығының қызметімен танысып, жұмыстың ұйымдастырылуына жоғары баға берді.

«Агротрак»  компаниясының филиалы Көкшетауда 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Кәсіпорын Қазақстандағы ресейлік және шетелдік өндірістің ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектерін сататын ірі операторлардың бірі. Бұл филиал сонымен қатар, «AMAZONE» неміс компаниясының және басқа да бірқатар брендтік ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің ресми дилері. Бұнда топырақ өңдеу, егін егу және жемшөп дайындау техникасы, сондай-ақ, түпнұсқа қосалқы бөлшектердің кең ассортименті ұсынылған. Компания басшылығы атап өткеніндей, олар клиенттік базаны ұлғайту және кеңейту мақсатында ауымды жобаларды бастауға ниетті.  Фермерлердің сұранысы жоғары. Кәсіпорын тұтынушыларға техника мен бөлшектерді жеткізіп қана қоймай, оларға қызмет көрсетеді. Бір мезгілде 150-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасын күрделі жөндеуден өткізуге қауқарлы. Бұл жерден техниканы тек Ақмола облысының шаруалары ғана емес, Солтүстік  Қазақстан облысынан да келіп сатып алады. Сондықтан да,  қазір жаңа сауда-көрме алаңын іске қосуға дайындық қызу жүріп жатыр.

–Біз ауыл шаруашылығы тауарын сатып алушыларға оны  24 сағат ішінде тегін жеткізуге дайынбыз. Сонымен қатар, бұл жеткізу сатып алу сомасына байланысты емес. Біз өзіміздің интернет-дүкенімізді іске қосып, оны табысты пайдаланамыз. Онда шаруалар қалаға келмей-ақ кез келген қосалқы бөлшекке үйде отырып,  тапсырыс бере алады. Біз жаңа алаң ашылғаннан кейін сервистік қызметтерді жақсартып, ауыл шаруашылығы техникасына кепілдік беру  мерзімін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – деп бөлісті «Агротрак»  компаниясы филиалының директоры Константин Третьяков.

Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушылар үшін жаңа сауда-көрме алаңында оқыту курстары да  болады. Яғни, сол жердегі фермерлерге техниканы тиімді қолдану және олқылықтардың алдын алу үшін оны қалай дұрыс пайдалану керектігін үйретеді. Өңір басшысы Ермек Маржықпаев дилерлік орталықпен танысып, оның қызметіне жоғары баға берді. Ол фермерлерді ауыл шаруашылығы мақсатындағы жаңа және жоғары өнімді техникамен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Бұл Ақмола егіншілерінің техникалық базасын  айтарлықтай жаңартуға септігін тигізері сөзсіз.

Өнімділігі жоғары комбайндар мен тракторлар ғана емес, ақмолалықтар үшін жаңа автомобильдер де енді қолжетімді. «Toyota» автомобиль маркасының ресми дилерлік орталығы – «ASTANA MOTORS KOKSHETAU» жақында ғана ашылғанымен, болашағынан зор үміт күттіреді. Қазіргі заманғы автоорталықта көлікті таңдауға болатын техникалық қызмет көрсету станциясы және шоу-дүкен бар. Жоба шамамен 3 миллион долларға инвестицияланды. Облыс әкімі орталықты аралап, сатылатын автомобильдер желісімен танысты. Бұнда бірқатар ерекшеліктер бар, дилердің жаңа және меншікті несиелік бағдарламалары, жетекші шетелдік брендтерге арналған заманауи жабдықтар мен түпнұсқа қосалқы бөлшектерін сатып алуға болады. Әрі ескі көлікті су жаңасына ауыстыруға мүмкіндік бар. Ермек Маржықпаев бұндай жаңа кәсіпорынның өңірдің автомобиль нарығына оң әсерін тигізетінін атап өтті. Компания басшылығы олардың тек жоғары сапалы өнімдер мен қызметтерді ұсынуға, сондай-ақ,  тұтынушыларға адал қызмет көрсетуге ниетті екендігіне сендірді.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар