Өнерлі жастарға өріс кең

Ұлттық мұрамызды дәріптеуде облыс орталығындағы «Болашақ» сарайының қосымша білім беру орталығындағы «Күншуақ» домбыра үйірмесі жүйелі жұмыс істеп келеді.

Халқымыздың төл өнері жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен шанағынан күмбірлеген күй төгілген қара домбыра еске түседі. Асыл қазынамызға айналған қос ішекті қара домбыраның үнінде ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі жатыр.

Бүгінде ұлттық музыкалық аспаптың құндылығын ұлықтап, босағаға биік ілетін отбасын сирек кездестіреміз. Әйтсе де, қасиетті домбырамыздың қадірі ешқашан түспек емес. Қазақ барда домбыра бар. Домбыра үні ешқашан тыңдаусыз қалмайды. Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген.

Қазіргі таңда «Bolashaq Saraiy»-ның бірнеше үйірмелерінің ішіндегі бірегейі – осы домбыра үйірмесі. Аспапқа қызығатын жастарымыздың саны күн санап артып келеді.

– Домбыраның үнін әлемге танытамын деген өрен жастарымыз барда асыл мұрамыз келер ұрпаққа жетері анық. Үйірмеге қатысушы әр оқушы жеке орындауымен, топтық өнерлерімен талай сайыста жүлде алып оралуда. Аймақтық жарыстармен қатар, облыстық, республикалық сонымен қатар, әлемдік додаларға да қатысып, ел намысын қорғауда, – дейді мекеме директоры Айнагүл Балташева.

Иә, бұл құлақтан кірер әсем әуенді дамытып жүрген ұстаздардың еңбегінің жемісі. Мәселен, республикалық  фестиваль мен байқауда «Аспапты музыка, домбыра» номинациясы бойынша Гүлфруза Әбжанова жетекшілік ететін «Bolashaq Saraiy»-ның «Үкілі домбыра» үйірмесінің тәрбиеленушілері Әлішер Мердәулет пен Нұрай Ержанова бірінші орын алса, Санжар Қойшығара екінші орынды иеленген. Сол аталмыш байқауда «Жұлдыздар» үлгілі вокалдық студиясының тәрбиеленушілері Ариана Байсеу екінші, ал, Айзере Бахытжан мен Алиана Аянқызы үшінші орындардан көрінген.

Олай болса, дарынымен талайды тамсандырар өнерлі жастарымыз алда тек биік белестерге жетіп, еліміздің атын таныта түссін дейміз. «Bolashaq Saraiy» барша оқушыға мүмкіндік берер үлкен өнер мекені. Осындай талапты жастарымыздың ынтасына жігер қосып, бәйгеде шабатын талай жүйріктерді тәрбиелейтін ордаға айнала берсін. Білім ордасындағы әр оқушыға жетер жетістіктерің мол, бағындырар белестерің биік болсын дегіміз келеді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар