Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға

Таяуда Алматы қаласында республикалық жас кітапханашылардың ІV слеті болып өтті. Сол іс-шараға Көкшетау қаласынан қатысып, баяндама оқыдым.  Жиын барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл бөлімі институтының арнайы төсбелгісімен марапатталдым.  Төменде осы жиында оқыған баяндамамды жариялап отырмын. 

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының əлеуметтiк өмiрi мен мəдениетiне аянбай адал қызмет еткен iрi қайраткер, үлкен талант иесi, тарихта орны айрықша зор тұлға. Өкінішке орай қазақ билігі Ахмет Байтұрсынұлын тек ғалым, ұстаз, ағартушы деп қана таниды. Шындығында Ахмет – мемлекет және қоғам қайраткері, қазіргі Қазақстан Республикасының негізін салушы күрескер. Ол – Біртуар! Ол – Феномен! Ол – Пассионар тұлға.      Тумысынан ел мүддесін барлық нәрседен (отбасы, ағайын-туыс, қызмет т.б.) биік қойған ұлтын шын сүйген оғлан еді-ау, жарықтық! Қарқаралыда қызмет жасап жүрген кезде мына өлеңді жазды, назар аударып көріңіздерші:

Қош! Сау бол, Қа…. жуылмаған,
Айдай бер, қалса адамың қуылмаған.
Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ

Жасырын дыбыс шықты шуылдаған.
Бүркеніп, арсыздардың шайнауына
Жем тапты пісірмеген, қуырмаған.
Шыққан соң талғамайтын доңыздарың,
Қасыңа қиын болар жуу маған.

Барлығыңызға белгілі ұлт ұстазы осы айыппен түрмеге қамалды. Дертке шалдықты. Ауруы асқынып, қиналып жүрсе де қолынан қаламын тастамады. «Қазақ» газетін шығарды, әліппе жазды, оқулық даярлады. Халықтың санасын оятатын өткір мақалалар жазды. Осындай ұлы тұлғаның әлі күнге лайықты бағасын ала алмай келе жатқаны мені қатты қынжылтады. Түрмедегі азабы аз болғандай, туып-өскен жерінде өрт шалды.

Əрбiр көзi ашық адамға А. Байтұрсынұлының  кiм екенiн таныту үшiн осы сөздер де жеткiлiктi болар едi. Дегенмен, сəл анығырақ айтсақ, алаш азаматы  ағартушы ғалым болу үшiн елеулi еңбектер атқарып, мемлекет қайраткерлiгiне жету үшiн қиын да күрделi жолдардан өттi. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейлі күніне орай ЮНЕСКО көлемінде және еліміздің барша өңірінде халықаралық, республикалық, аймақтық түрлі деңгейдегі ғылыми конференциялар, жиналыстар, байқаулар және т.б. аталып өтуде.

Біздің Көкшетау  қаласының  мәдениет,  тілдерді  дамыту, дене шынықтыру және спорт  бөлімінің «Қалалық  ақпараттық  кітапхана  жүйесінің» қызметкерлері  де Ұлт ұстазының кеңінен насихатталуы жолында өз үлестерін қосуда. Соның бірегейі, «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясы аясында ұлы тұлғаның  шығармаларын насихаттау жұмыстары.

Жастардың бойына адамгершілік, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту; ақын, қоғам қайраткері, ұстаздың құнды мұраларын дәріптеп, еңбектерін жан-жақты насихаттау мен оқырмандарды А. Байтұрсынұлының әдеби мұрасымен таныстыру мақсатымен  сәуір айында  Бірлік қалалық үлгілі кітапханасында Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» атты Ахмет орталығы  ашылды. Орталықтың ашылуына Алматы қаласы, Ахмет Байтұрсынұлы музей үйі қорынан алынған құжаттар көшірмесі айрықша сән берді. Орталықта өтіп жатқан іс-шаралар ағартушы жайлы терең білім аламын деген оқырмандарға, әсіресе жас буын өкілдеріне ерекше әсер етіп жатыр.

Қаламыздағы электронды кітапхана қызметкерлері қалалық мәдениет бөлімінің қолдауымен «Ахмет тағылымы» аттықалалық «40 мысал» оқу байқауын өткізді. Байқауға 14-22 жас аралығындағы қала жастары қатысты. Ұлт ұстазының кемі 3 мысалын жаттау арқылы жастар оның тағылымына, мысалдар астында жатқан зор мәнге, қатпарлы ойға, көркем пәлсапа мен қазақ тілінің тереңдігіне үңілді. «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» тақырыбында kahoot интеллектуалды ойыны өтті. Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы және өмір жолы жайында құрастырған тест сұрақтарына жастар шоғыры жарыса жауап беріп, қызықты пікір-талас алаңы құрылды. Зағип және нашар көретін азаматтардың қалалық арнаулы кітапханасы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ғалымның шығармашылығын насихаттау мақсатымен «Ұлт ұстазының шығармашылығы» атты жаңа жобаны қолға алған. Зағип оқырмандар үшін «Кокшетау КОС (Казахское общество слепых)» ватсап тобында қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің  жас қызметкерлері және  аталған кітапхананың жас оқырмандарының оқуында Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері топтың қатысушыларына аптасына 2 өлеңнен ұсынылып тұрады. Осы арқылы зағип және нашар көретін оқырман қауымы Ахаңның өлеңдеріне, шығармаларына қызығушылығы оянады.

5 қыркүйек күні «Достар» мәдениет сарайында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған Қазақстан Халқы тілдері күні мерекесі облыс деңгейінде аталып өтті. Іс-шараға ҚР «Дарын» мемлекеттік «Жастар»сыйлығының лауреаты, әнші, боксшы, «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық әннің орындаушысы  Ескендір Ибрагим, Ақмола облысының әкімі, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Жыл соңына дейін кітапхана жүйесі бойынша түрлі бағытта іс-шаралар өткізіледі.

Зағип және нашар көретін азаматтардың қалалық арнаулы кітапханасы ақынның 150 жылдығына арнап,  кітапхана оқырмандары үшін жерлес жазушы-публицист,  журналист, №5 «Таңдау» көпсалалы гимназиясының жоғары категориялы тарих пәнінің мұғалімі, жергілікті газеттердің штаттан тыс шолушысы Әлия Ахетованың «Тебе, мой город» атты кітабындағы Ахмет Байтұрсынұлы жайлы «Истинный радетель о народе»атты мақаласын бедерлі-нүктелі шрифімен басып шығарды. Мақалада өмірбаяны, шығармашылығы, жырлары мен мақалалары оқырман қауымға кеңінен ақпарат береді.

Осындай сан салалы ғылым мен білім иесіне деген құрметтің  арқасында замандастары мен ұрпақтарының рухани дүниесі биік, асқақ болған тұлғаның есімін халық киелі құрметпен атайды. Өзі айтқандай «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін», «Дүниенің кілті қолымда болса, қазаққа жұмақ қылар едім!» демекші, әр нәрсеге талғаммен қарайтын Ахаңжан, қолымда билік болғанда тойыңды дүркіретіп өткізетін едім. Кеш бізді, ардақтым!

Мұхтар Әуезов айтқандай «Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының рухани көсемі» болып қала береді.

Сөзімнің соңын ақынның мына  өлең жолдарымен  аяқтаймын.

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!
Алаштың адамының бәрі мәлім:
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Тақылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала кеп
Киіздей шала басып, қарпылмаған.
Еңкеңдеп ет аңдыған шалдар да көп,
Телміріп, бір тойғанын ар қылмаған.
Ақ көңіл, алаң-бұлаң адамдар бар
Есептеп азын көпке, аңқылдаған.
Қайырсыз, неше сараң байлар да бар
Қайықтай толқындағы қалтылдаған.
Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,
Ұмтылып талап ойлап талпынбаған.
Солардың қатарында біз де жүрміз
Мәз болып құр түймеге жарқылдаған.
Не пайда өнерің мен біліміңнен,
Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?
Бұл бір сөз қасірет етіп, хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.
Байға мал, оқығанға шен мақсұт боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан.

Нұрлан ОЛЖАБАЙҰЛЫ,
Көкшетау қаласындағы электронды кітапхана меңгерушісі.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл бөлімі институтының төс белгі иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар