Ізденіс пен тәжірибе жинақтау жолы

Таяуда Ақмола облыстық білім басқармасының облыстық оқу-әдістемелік кабинеті және Көкшетау қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының филиалы, сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің бірлесе ұйымдастыруымен «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты тақырыпта өңіріміздегі жалпы білім беретін мектептерінің жас педагогтарының  слеті болып өтті.

Слет барысында жас спикерлердің мотивацияға толы жігерлі сөздері, тағылымды баяндамалары, республикалық форумға қатысқан жас мамандардың шеберлік сыныптары, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдерімен бірлесе өткізілген Педагогикалық шеберлік орталығы тренерлерінің тақырыптық-шығармашылық алаңдары және оқыту тренингтері өткізіліп, жас педагогтар өзара тәжірибе алмасты.

Слеттің ашылу салтанатында Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры Төлеген Нөгербаевқұттықтау сөз сөйлеп, іс-шараға қатысушыларға жылы лебізін білдірді.Төлеген Кәкімұлы өз сөзінде биылғы жылы алғаш рет тамыз айында Астана қаласында ұйымдастырылған жас педагогтар форумының жас мамандардың кәсіби дамуына, жақсы маман болуына ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, Ақмола облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері А.Б.Омарова, Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Г.М.Әбішева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Әлеуметтік және жас педагогикасы» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты А.А.Шаяхметова іс-шараға қатысушы жас  мамандарды құттықтай отырып, мұғалімнің ең басты миссиясы мен мамандық құндылығына тоқталып өтті.

Жас педагогтар алдында мотивациялық сөз сөйлеген спикерлер қатарында Ақмола облысының ішкі саясат басқармасына қарасты облыстық Жастар-ресурстық орталығының басшысы Мәнсия Есекеева өзінің ұстанымдары, оның ішінде үздіксіз іздену, саяхаттау арқылы өзін қалай жетілдіруге болатындығын, «Жастар рухы» Ақмола облыстық филиалының төрағасы, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Сұлтанбек Бекішев  қазіргі Қазақстанның білім беру саласын дамытудың ерекшелігіне, өмір бойы оқу мен кәсіби өзін-өзі жетілдіру қажет екендігіне, өмірде табысты адамның қалыптасуындағы мұғалім рөлінің маңыздылығына тоқталса, «New Star» тұлғаны дамыту орталығының арт директоры Ә.С.Байжолов көптеген шыңдарды бағындырғаны туралы баса айтып, өзінің өмірлік тәжірибесінде ешқашан мойымай, ең негізгі ережелерді ұстанып, әр жағдайдан тек позитивті ойды алу керектігін тілге тиек етті.

Іс-шараның келесі кезеңінде Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдерімен бірлестікте оқыту мәселелерін талқылау бойынша «Сабақ құрастырушысы: жинаймыз және қолданамыз», «Функционалды сауатсыздық: тапшылықты қалай толтыруға болады», «Инклюзивті білім беру: жанама тәжірибеден өз іс-әрекетіне дейін», «Оқытуда АКТ-ны тиімді пайдалану» тақырыптық алаңдар мен Назарбаев зияткерлік мектебі психологының қолдауымен «Эмоционалды зият» тренингі ұйымдастырылды.

Жас мамандардың жеке және кәсіби дамуын арттыру және мәселелерді шеше білуге үйрету мақсатында Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері «Саз шеберханасы», «Арманымызды суреттейміз», «Сальса: бірге билейік», «Актерлік шеберлік» бағыттарында ұйымдастырған Active Spot шығармашылық алаңында әр қатысушы өзінің ішкі сезімін шығармашылық арқылы көрсете алды.

«Слет барометрі» кезеңінде Педагогикалық шеберлік орталығының директоры бұл іс-шараның әлі де жалғасын табатындығын, облысымыздың барлық жас педагогтары үшін алдағы уақытта жыл сайын ұйымдастырылатындығын және жас мамандардың белсенді және шығармашылық қауымдастығын құруға ықпал ететініне сенімді екендігін атап өтті.

Қатысушылар өткізілген шараның жоғары практикалық құндылығын, көптеген пайдалы ақпарат алғанын, болашақ педагогтарды даярлауда оқыту мен оқуды жетілдіру саласында ғана емес, сонымен қатар, педагогикалық білімді жетілдіру, оқу бағдарламасы мен оқытуды құрылымдаудағы практикалық маңыздылығының жоғары болғандығына аса көңіл бөлді.

Төлеген НӨГЕРБАЕВ,
Көкшетау қаласындағы педогогикалық
шеберлік орталығының директоры.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар