«Бектауыл Баубек батыр»  кітабын оқығанда

Менің қолымда «Бектауыл Баубек батыр»кітабы. 1995 жылы баспадан шыққан, редакторы Майра Шөкен, таралымы 3000 дана.Кітаптың авторы – Ахметхан Байжан.Кітаптың алғашқы бетінде «Осы еңбегімді ер жігіттің үш жұртының бірі –нағашыларыма, Қарауыл елінің аруағына бағыштаймын» деп жазылған.Автордың осы алғысөзінде көп мән-мағына жатыр деп ойлаймын.

Анасының сүтімен бойына сіңірген нағашы жұртына деген құрмет, әсіресе, нағашыларының Төресі– батыр Баубек туралы аңыз-әңгімелер Ахметхан ағамыздың жүрегіне мәңгілікке жайғасқан.

Өмір жолын журналистика саласында бастаған,тілшілік өнердің қыр-сырын әбден меңгерген сайынбала күнгі арманыБаубек атасы туралы хикаят шығарма жазу, парыз міндетке айналды. Осы игілікті істі жүзеге асыру үшін Ахметхан ағамыз нағашы жұртының көне көз ақсақалдарын аралап, Баубек батыр туралы мағлұматтар жинады. Өкінішке орай,патша өкіметі Кенесары хан және оның серіктестері туралы ақпараттан қатты қорқатын,аттарын атауға қатаң тиым салған.Кенесары хан,орыс патшасының ата жауы болып есептелетін. Неге екені белгісіз, осындай әділетсіздікқазақ халқының тарихи тұлғаларына деген өшпенділік совет үкіметі кезіндеде бұрынғыданда қатты күшейді. Біздер, Баубек батырдың ұрпақтары, атамыздың атын үйде сыбырлап қана айтатынбыз, қатты дауыстап айтуға қорқатынбыз.

Қазақ елінің егемендік алған алғашқы жылдарында, тоталитарлық жүйенің әліде ызғары сезіліп тұрған кезінде Ахметхан ағамыздың Баубек батыр туралы шығарма жазуы өте үлкен ерлік деп есептер едім. Ол уақытта бұл шара оңай шаруа емес еді. Бірақта, батыр нағашысына деген құрмет барлық қиындықты кейінге қалдырды.

Бектауыл Баубек батыр туралы хикаят алғашқы парағынан бастап, оқырманды өзіне баурап, ғасырдан артық өткен заманға жетелеп апарады. Шығарманың желісіне қарап,жазушы Ахметхан ағамыздың ой тереңдігіне таң қаласың, не деген көрегендік, сезімталдық десеңізші.

Тұтқындалып, Ресей елінің Түмен облысына бет алып, атарбада келе жатып, Баубек батыр атамыздыңкөз алдында өткен өмір жолыкөрген түстей зымырап өтіп жатты. Шіркін өмір-ай, кеше ғана Кенесары ханның ордасына «қол бала» болып келіп, өмірдің ащысының да, тәттісінің де дәмін татып, талай жорықтарда хан әскерімен соғысқа қатысып,өмір мен өлімнің арасында жортқан күндер келмеске кетті.

Қазақ елінің соңғы ханы Кенекеңмен Қырғыз еліне көмекке аттанған жорық сапар әлі есінде. Бұл бір мехнаты көп алыс сапар еді. Әттең шіркін,бұл Кенесары ханмен соңғы сапар екенін,Алланың әмірімен, жүрек шіркін сезбеді-ау, қайтерсің. Тұтқындағы азабы мен бейнеті көп өмір, қол басшысынан айырылу Баубек батырға ауыр соққы болды. Аруағыңнан айналайын, Шұға анамыздың көрегендігі мен шарапатының арқасында, қырғыз елінің батырының көмегімен тұтқыннан қашып аман-есен елге оралды. Баубек атамыз, туған-туыс, ағайындарын жинап, есіліп аққан Есіл өзеніне теріскейден, Ұлы таудан басталатын Терісаққан өзені қосылатын жерге қоныстанды.

Біздің, көреген батыр баба сыйлағаната қоныс,екі өзен Алланың қолдауымен адамзат баласына өмір сүру үшін барлық жағдайды жасап тұр,тек қана еңбек етсең болғаны.Өмірдің нәрі – ішетін суың, мал-жанның қорегі – белуардан келетін түбек толған көк майса шөбің. Көктемде өзендер тасыса болды, ешқандай уайымсыз дайын шөпті шауып ала бересің. Қармақ салсаң, қысы-жазы өзендерден дәмді балық аулайсың. Балық болғанда қандай, шіркін,асау тайдай тулаған ақбалық, сарытабан,қарабалық,неше түрлі шабақтар,алабұға және балықтың төресі, өзендердің сақшысы – шортан.

Аруағыңнан айналайын, Баубек батыр атамыз «Екі талай заман туғанда, осы өзендердің балығымен менің ұрпағымды аштықтан аман алып қаларсыңдар» деген екен. Алланың берген көрегендігі-ай, шіркін,өкінішке орай, айтқаны келді 1921 және 1931жылдардағы аштықта, әуелі Алла, сосын осы балықтың арқасында еліміз аман қалды. Өсіп келе жатқан ұрпақ Ахметхан Байжан ағамыздың бектауыл Баубек батыр туралы шығармасын оқып, өздерінің кім екендігін,қайдан шыққандарын, осындай байтақ жерге қалай ие болғандарын, ол жағдай кімнің еңбегінің арқасында болғанын түсінді ғой деп ойлаймын. «Қазақтың сүйемдей жері үшін сүйегін сыртта қалдырған» қайсар бабалары Баубек аталарының рухына тағзым етіп, мақтаныш сезімге бөленді. Біз, батыр Баубектің ұрпағы екенбіз ғой деп еңсесі көтеріліп, марқайып қалды.

Қима ауданының халқының қолдауымен 1993 жылы атамыздың денесінің бір мүшесі қалған жерге зәулім кесене салынды. Ғалым баласы Жанарбек бастаған атаның ұрпақтары 2016 жылы Ресей мемлекетінің Түмен облысының Ишим қаласынан алты шақырым жерде орналасқан мұсылман қорымынан Баубек атамыздың жатқан жерін тапты. Ишим қаласының ақсақалдары Еріш Бодықұлы және Қали атабабамыздың жатқан зиратын көрсетті.Атаның ұрпақтары Әбілмәжит Шаяхметұлы, Жанарбек, Әнуарбек, Әділбек Ғалым балалары, 2017 жылы атамыздың басына белгі тас орнатты. Танымал ақын Құдайберлі Мырзабек ініміздің мына өлең шумағы соған куә.

Жарықтық мұз төсеніп, қар жастанып,

Өткізген өміріне тау-тас қанық.

Аңызды өзі жайлы жатыр тыңдап,

Түменнің бір төбесін жамбасқа алып.

Ақмола облысы әкімінің тікелей қолдауымен 2018 жылы 28 қыркүйекте Баубек бабамыздың табанының ізі қалған елінде, көптеген киіз үй тігіліп, соның ең еңселі, кең киіз үйінде, тарих ғалымдарының қатысуымен ғылыми конференция өтті. Атамыздың ұрпақтарына, келген көптеген қонақтарға арналыпат жарыс, балуандар күресі, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Өзі жоқ болсада, талантты жазушы Ахметхан Байжан ағамыз бастаған сауапты,шарапатты игі іс әліде жалғасын табатынына кәміл сенемін. Өмір-өзен, өлшеусіз уақыт бізге білінбей, зуылдап өтіп жатыр. Армансыз адам болмайды. Қарауыл Баубек батырдың ұрпақтарының ендігі арманы – Қима жерінде тоқсан жолдың торабында,жол бойында, атамызға көрнекті,еңселі ескерткіш орнатылса, шіркін. Жол жүрген жолаушы, мынау кімге қойылған ескерткіш,не үшін депізгі ойға берілсе.

Біз қоғам болып, Отанға деген патриоттық сезім туралы көп айтамыз, Ойланайықшы ағайын, Баубек батырдың өмірі, жүрген жолы, Кенесары ханға берген антына адалдығы,сол жолда жанын пида етуі… Міне, одан артық қандай өнеге керек. Осы мақаланы жазуыма балам Қайрат түрткі болғанда да қолыма қаламды алдымен осы оймен алған едім. Дәл солай сөзімді аяқтаймын.

Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ,
зейнеткер.

 Астана қаласы.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар