Көпен де өтті өмірден…

Қазақтың белгілі сатирик ақыны, қара сөзден де көркем ой түйген Көпен Әмірбектің бұл дүниеден өткендігі туралы хабар ақмолалық қаламгерлерге де оңай соқпады.

Бір түрлі жанымыз жабырқап, көңіліміз құлазып қалды. Қазақ өнері мен әдебиетінде «Көпен келе жатыр» деген сөз әдемі бір бейнелі тіркеске айналып кеткен еді. Соған қарағанда, әлі көп уақыт біздің бәрімізге сатирик ағамыз бұл жалған дүниені тастап кетпегендей, бір жақтан келе жатқандай көрініп тұрары да анық.

Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Ешкіқора ауылында дүниеге келген. Орта мектептен кейін Отырардағы халық театрына қызметке тұрып, өнерді жанына серік еткен. Артынан оған әдебиетке құштарлығы қосылып, көкшелік белгілі журналист Дәуренбек Шөрентаев ағамызбен бірге бір топта ҚазМУ-ді бітіргеннен кейін газет-журнал жұмыстарына араласты. Көбіне-көп сол кездегі «Ара-Шмель» журналында қызмет істеп, кейін тәуелсіздігімізді алып, өз қолымыз өз аузымызға жете бастаған тұста осы от ауызды, орақ тілді «Ара» журналының бас редакторлығына дейін көтерілді. Әйтсе де, баспасөз саласында талай жауапты жұмыстарда болған Көпен Әмірбек көпшілікке өзінің «Көпен келе жатыр!..» атты сатиралық театрымен, бір кездегі халыққа кеңінен танымал болып кеткен «Қымызхана», «Тамаша» бағдарламаларындағы көпшілік көңілінен шыққан әзіл-сықақтарымен кеңінен таныс.

Сөйткен Көпен ағамыз да енді бұл өмірде жоқ. Рухани-адами тұрғыдан тығыз байланысы болған соң, Көкшетауға да талай ат ізін салып еді. Осыдан біраз жылдар бұрын Алматыда БАҚ қызметкерлерінің азаматтық қорғаныс саласына қатысты қысқа мерзімді оқуында жүргенімде, Көкшетаудан Жабал Ерғалиев ағамыз «Көпен жаңа шыққан кітабын беріп жібереді, соны ала келсең» деп телефон шалды. Мен пойызға мінерден бұрын екінші Алматы вокзалына үлкен қара көлігімен, үстінде былғары плащы бар Көпен де келіп тоқтап, алдынан шығып қарсы алдым. Аз-кем танысып, сөйлескеннен кейін «пойызды қарауылдап тұра берме, жетерсің аман-есен ертең үйге» деген тұрғыда бір ауыз әзілін айтып, «сен Алматыға қонақсың ғой, жүр бірер шыны-аяқ шай ішейік» деп сыпайы бас тартқаныма қарамастан, вокзалдың дәмханасына алып барды. Сол арада тағы да аз-кем әңгімелесіп, Көкшетаудағы өзі білетін ақын-жазушыларды сұрастырып, риза пейілмен қала бердім.

«Көпен Әмірбек қайтыс болыпты» деген қаралы хабарды естігенде алдымен ойыма ол кісімен осы жүздесуім түсті. Өзі кетсе де, сондағы ақжарқын пейілі, аздап сатира жанрына жақындығым барын айтқанымда «біздің полктан екенсің ғой» деп жылы күлгені көңілде сол қалпы жүре берері даусыз.

Хош болыңыз, қазақтың қабырғалы қаламгерлері санатында жақсы атыңыз қалған, Көпен аға! Топырағыңыз торқа болып, Алла иман байлығын берсін.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар