Әкенің арт қан үміті ақиқатқа айналып…

Биыл белгілі ақын-жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлеген Қажыбай көзі тірі болса 80 жасқа толар еді. Таяуда осы мерейлі дата қарсаңында Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінде ақынның ұлы, әдебиеттанушы-ғалым Аян Төлегенұлымен «Мен сенің өміріңнің жалғасымын…» атты кездесу кеші болып өтті.

«Көкшенің көк қаршығасы» атанған Төлеген ақынның 80 жылдығына барлығы 300-ге жуық іс-шара жоспарланған. Бұл кеш – сол іс-шаралардың алғашқы беташары болды. Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова өз сөзінде қарымды қаламгер, қажырлы қайраткер, тамаша драматург, көркемсөз шебері Төлеген Қажыбайдың өңіріміздің әдебиет пен мәдениет саласының дамуына қосқан сүбелі еңбегін ерекше атап өтіп, ұлы Аян Қажыбайға естелік сыйлықпен Алғыс хат табыс етті.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанынан құрылған «Жауқазын» жастар театрының орындауындағы Төлеген ағамыздың сөзіне жазылған «Әгугай домбыра» әні мен оның мөлдір жырларынан, ой салар әңгіме-повестерінен құралған пролог кештің сәнін келтірді. Төлеген Қажыбайдың туғанына 80 жыл толуына орай, өмірі мен шығармашылығын насихаттау, әке мен бала арасындағы сабақтастықты жас буынға насихаттау мақсатында өткен іс-шараны ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, РhD докторы Ерболат Баятұлы жүргізіп отырды. Аталмыш кешке ақынның достары, көзкөрген замандастары Тельман Мұқышев, Шабдан Тоқмұрзин, Сәбит Шағыров, Ғосман Төлеғұлұлы қатысып, әдемі естеліктерімен бөлісті. Кеш Ақмола облыстық филармониясының әншісі Гүлжан Ахметованың орындауындағы «Жолыңды тосып жүрмін» әнімен қорытындыланды.

«Тұлпар аунаған жерде түк қалады» демекші, Аян Төлегенұлы секілдіәкесінің ізін жалғап  әдебиет ауылына нық қадам басқан аяулы перзентімен де өшпес әдеби мұрасы барда Төлеген Қажыбайдың асқақ есімі ешқашан ұмытылмайды деп білеміз.

                                                                                 Аягөз МҰРАТҚЫЗЫ,
М.Ғабдуллин музейінің көпшілік іс-шаралар
бөлімінің аға-ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар