Көкшедегі қуыршақ театры

Базарлығы мол Балалар жылы аясында Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жанынан құрылған тұңғыш қуыршақ театры кішкентай  көрермендерін қуанышқа кенелтті.

Аумағы атшаптырым театр фойесі кішкентай көрермендердің күміс күлкісімен сыңғырлап, ажарланып тұрды. Алдымен, қуыршақ театрының ашылу рәсімі өтіп, шашу шашылып, көрермендер залына өткен кішкентай бүлдіршіндергеНина Гернеттің шығармашылығынан алынған «Балапан қаз» ертегісіұсынылды. Бүлдіршіндер қызық та қым-қиғаш әсерге бөлейтін, желісімен жан баурайтын таңғажайып ертегіні тамашалау барысында сахна кейіпкерлерінің сұрақтарына өздері де жауап беру арқылы олармен бірге ойнағандай, тұтаса өріліп, әсерлі күйге енді.

Жас труппа дуальді оқу жүйесі бойынша арнайы келген Қазақ ұлттық өнер университетінің «Қуыршақ театрының әртісі» мамандығының 4 курс студенттерінен құралған. Топ жетекшісі және «Балапан қаз» ертегісініңқоюшы режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Серікбай Мақұлбеков. Әуенмен әрлеген Ақжол Сәбит. Кейіпкерлері мен орындаушылары: Балапан қаз – Ақерке Даму, кірпі – Арсен Балтабай, Нұрлыбек Тілеулес, түлкі – Диас Шәріп, жүргізуші қыз – Ақерке Хасихан, Ақбала – Наргиз Ғабдилғазизова.

–Қуыршақ театрының алғашқы қойылымы – «Балапан қаз» ертегісі шытырман оқиғаға толы. Қойылым жас көрермендерге терең ой тастап, рухани кемелденуіне жол сілтері сөзсіз. Бұл театр балаларды ізгілік әлеміне жетелеп, турашылдық пен әділдікке баулып, олардың жоғары мәдениетті көрермен болып қалыптасуына ықпал етеді, – деген қоюшы режиссер Серікбай Мақұлбеков кішкентай бүлдіршіндерді таңғажайыптар әлеміне бірге саяхаттауға шақырды.

Қойылым соңында Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Жарас Қалдаров пен қоюшы режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Серікбай Мақұлбеков сахна төрінде құттықтау сөз сөйледі.

Ізгілік әлеміне жетелейтін қуыршақ театрының алғашқы көрермені ретінде арнайы шақыртумен келген балақайларға ертегі тегін көрсетіліп, кішкентай бүлдіршіндерге Ақмола облысы әкімінің атынан сый-сияпаттар табыс етілді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар