Қой жүнін кәдеге асырып, кәсіп ашқан

степногорлық қолөнерші  Гүлбаршын Оралбекова туралы бір үзік сыр

Гүлбаршын апаймен тілдескен сәттен қазақтың қайсар аналарының өмірге деген құлшынысына, қажымас қайратына, бек сеніміне, төзімділігіне тәнті бола түсіп, көңіл ерекше толқи берген. Мұндайда жүрек сөйлейді. Жүрек сөйлесе жалған айта ма? Иә, қиындық кейбір адамды шыңдайды, кейбірі тағдыр сын тартса төзе алмайды. Сынақ берсе сынбайтындар шынымен қайсар, адами болмысы биік жандар ғой.  Мен Гүлбаршын апайды осындай болмысы биік, адамгершілігі жоғары, жаны жомарт жандардың қатарынан таныдым.

Бәлкім өз басым көп балалы отбасында дүниеге келгендіктен бе, әуелден бауырларына жанашыр болып жүрген жандарды көрсем бірден оларға деген ілтипатым ерекше болады. Себебі, бүгінде өзгеге түгілі өз балаларына қамқор бола алмай жүрген жандар қаншама?! Ал, бір тектен жаралған, бір жүректен нәр алған  жандардың бір-біріне жанашыр болуы шынымен де таптырмас өнеге үлгісі. Гүлбаршын апай да бар-жоғы он бес жасында ата-анасынан айырылып, үйдегі алты баланың үлкені болғаннан кейін бар ауыртпалықты өз мойынына алған екен. Әрине, оның қара жұмысқа, еңбек майданына ерте араласқандығын айтпасақ та түсінікті-ау! Қолына кетпен алып, қара жұмысты атқарып, бар напақасын соңынан ерген бес бауырына беріп, олардың ешкімнен кем болмай өсуіне барынша үлес қосты.

Қазақта қыз тілегі деген әдемі бір сөз бар. Қыз жүрегі деген бұдан да асқан әдемі тіркес бар екендігі де тіл ұшына оралып отыр. Екі сөздің де түбірі бір, мағыналас да астарлас. Бұл дегеніңіз қазақ халқы қыз баланың жүрегі де, тілегі де ақ адал болатынын аңғартып, ашып айтқандығының бір белгісі болар.  Қыз жүрегі, қыз тілегінің жалғыз ғана арманы бар еді. Алланың алқауымен сол аппақ тілек орындалды. «Мың шүкір!», – дейді апайдың өзі соны айтып. Соңынан ерген сол бауырларының барлығы, қазір бір-бір отбасы иесі, әркім өз бақытын тапқан.

Гүлбаршын Оралбекова Ерейментау ауданына қарасты Бестоғай ауылының тумасы екен.  Әкесі елге сыйлы шопан болатын. Тағдырдың маңдайға жазғаны сол болып, алдымен әкеден, кейін анадан айырылды. Анасы төсек тартып, қолға қарап қалғанда аялап күтіп, қамқор болған да өзі. «Бала болып, асыр салып ойнаған емеспін. Мектептегі демалыс күндері бар бала ойын ойнап жүргенде, мен үй шаруасын атқарып жүретінмін. Пеш жағу, тамақ пісіру, жұмыс істеу де менің мойнымда еді. Ауылдағы тоқта жұмыс істедім. Таңғы бесте тұратынмын. Ондағы ойым ерте тұрып, пеш жағып, анам мен бауырларыма таңғы асын дайындап қою. Өмір мені осылайша ерте есейтті», – дейді апай бізбен болған әңгіме барысында.

Бір байқағаным апай әңгіме барысында бір кейіп, таусыла сөйлеп, өмірге өкпесін айтып, наразылығын білдірген жоқ. Керісінше, әр сөзінен кейін, Аллаға шүкіршілік етіп, ботам, айналайын, жаным, жүрегім дейтін жан баласының жанына дәру болар әдемі сөздерді қоса айтып, өз жан дүниесінің де нұрға толы екендігін аңғартып, жүрекке жан сезбес жылылық орнатты.  Гүлбаршын апа мектепті тәмамдаған соң, Сілеті ауылындағы дүкенге жұмысқа орналасып, сатушы болып жұмыс істесе керек. Міне, осы сәттен бастап, ол сауда саласына ден қоя бастады. Қай дүкенде, қай сауда орталығында жұмыс істесе де үнемі өзінің адалдығымен, өз ісіне ыждаһаттылықпен қарай білетін жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен және кірпияз тазалығымен өз ортасына сыйлы бола білді.

1999 жылы отбасымен Степногорск қаласына көшіп барып, тағы да сауда-саттықпен айналыса бастады. Бірақ, танымайтын қалада кәсіп бірден жүре қоя ма? Әркімнің өз тамыр-танысы бар. Қалаған затын әр адам өз танысынан сатып алғанды жөн көріп тұратыны заңдылық. Ол кезде Гүлбаршын апайдың өз отбасы, үш балапаны бар еді. Күні-түні отбасы н2пақасын қайтсем арттырам деген ойда жүретін. Бір күні өзінің кезінде тамыр жайған ауылына жол түсті. Сол жолы ауылдағы қажетсіз қалған қой жүнін қаптап автобуспен қалаға алып келіп, оны өңдеп, жуып, жайып кептіріп, іс қылып, сол жүннен көрпе тігуді қолға алса керек. Бұл болашақ кәсібінің алғашқы жемісі еді.

– Анам Әминаның қолы епсекті еді. Сол кісіден үйренгенім бар. Көпқабатты үйде тұрғаныма қарамастан, ауладағы теректерге жіп тартып, ешкімнің көзіне көрінбейтін, ешкімге бөгеті келмейтіндей етіп, түнімен жуған қой жүнін жайып қойып, күні бойы кептіретінмін. Дегенмен, қолда қажетті қаражат болмағаннан кейін кәсіп алға өрлей қоя ма? Сізге өтірік, маған шын, бір күні түскі уақытта теледидар қосып тыңдап отырсам, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде кәсіпкерлерге қолдау ретінде қайтарымсыз грант беретінін айтып жатыр екен. Тәуекелге бел будым. Степногорск қаласындағы кәсіпкерлер бөліміне барып, қой жүнін кәдеге асыратын кәсіп ашқым келетіндігін баса айтып, өзімнің бизнес жобамды ұсындым. Алға қойған мақсаттан таймадым. Көздеген жетер мұратқа демекші, ойым жүзеге асты. Мемлекеттен үш миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алдым. Бұл менің көптен ойда жүрген кәсібімді дөңгелетуге зор серпін берді. Қытайдан жүн өңдейтін арнайы құрылғыларды, тігін машинкаларын, маталар мен қажетті фурнитураларды сатып алдым. Шикізат өзіміздікі. Жақын ауылдардан жүн сатып алып отырдым. Төрт тігінші қызды жұмысқа алдым. Міне, Аллаға шүкір сол цех күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. Сұраныс жоғары. Күніне он-он екі көрпеге дейін тігеміз. Жер-жерден келіп, отандық өнімді сатып алуға ниет танытады. Тіпті, Германия мен Ресейден келіп, сатып алып жатқан жандар бар. Осы орайда, кәсіпкерлерге серпін берген мемлекетке зор алғыс білдіргім келеді, – деді Гүлбаршын апа.

Жасырары жоқ, кімнің қандай мақсаты болғанын кім білсін, бірақ, Гүлбаршын апа кәсібін енді бастаған сәтте,  қойдың жүні сасық, иісі бүкіл үйді алып кетті деп полиция және басқа да құзырлы мекемелерге сыртынан шағым түсіргендер де табылыпты. Бірақ, апай жастайынан үй шаруасын жетік білетін, өте таза әрі пысық адам болғаннан кейін үй ішінің тазалығына әуелден ерекше мән беретін еді. Мұнтаздай жарқырап тұрған пәтерді көргенде комиссия кешірім сұрап, енді қайтіп бұл мәселе көтерілмеген екен. Ал, цехтың іші үйдің ішіндей жарқырап тұрса керек. Иә, тасы өрге домалағанның аяғынан шалу пендеге тән қасиет. Бірақ, Гүлбаршын апа мұндайда кейімейді, керісінше, тағдырға тәубе етіп, адалдық жолынан айныған емес.

Айтпақшы, Гүлбаршын апаның орталық базарда өз бутигі бар. Ол мұнда өз өнімдерін сатады.   Арасында өзі ойдан құрап шығарған Әмина атты ою-өрнегіне сұраныс тым жоғары. «Анама деген ілтипатым болсын деп өз ойымнан өрнек құрадым. Зер сала білгенге оюда да ой жатыр», – дейді апа. Иә, тағдыр сынақ тартса да мойымаған, ата кәсіптің жанашыры Гүлбаршын апаға біз де кәсібінің өркендей түсуін тілеп, бала-шағасының қызығын көруге жазсын деген тілек қосамыз!

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар