Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек» деп өскелең ұрпаққа жол ашқан болатын.
Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздан қалған ұланғайыр даламыздың тарихы, бай әдебиетіміз, халқымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерінің сан ғасырлар бойы рухани қазынаның бұлағы кітап бетіне сақталып, ұрпағының ұлы даланың мұрагері болып, тарихын танып, ұлттың рухани уызымен сусындауына септігін тигізіп келеді.
Сондықтан тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қан мен жанына сіңіруде, жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде рухани орда кітапхананың рөлі зор.
Осы орайда, «Балалар жылы» аясында рухани орда ретінде қазіргі балалардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын оятып, рухани жетілуіне үлес қосу мақсатында жыл бойы кітапханамызда түрлі формада көптеген іс-шаралар өткізілді. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтсем: балалар әдебиеті апталығында кішкентай оқырмандарымызға арнап «Кітап мерекесін» ұйымдастырдық. Балаларға арналған түрлі безендірулермен әрленген кітаптардан кітап көрмесі қойылды. Кішкентай оқырмандар өздерінің оқыған кітаптары, ұнаған кейіпкерлері жайлы әңгімеледі.
Балаларға «Балапан» журналы мен түрлі-түсті шарлар тарту етілді. Бірінші маусым балаларды қорғау күні қарсаңында ауыл саябағында «Біз бақытты баламыз» атты іс-шара ұйымдастырылды. Кітапхана қызметкерлері ертегі кейіпкерлерінің костюмдерін киіп, балалармен түрлі ойындар ойнап, асфальтқа сурет салып, балмұздақ таратып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Апта сайын ауылымызда орналасқан үш мектептің оқушыларын кітапханаға саяхатқа шақырдық. Оларды кітапханашылар аңдардың кейіпіндегі киімдерді киіп қарсы алып, кітапханамен таныстырып, кітап қорымызға келіп түскен балалардың оқуына жеңіл, қызықты кітаптарға шолу жасады. Республика күні қарсаңында «Мен елімнің ертеңі» атты патриоттық сағат ұйымдастырылып, ел мен жерге арналған ән-жырдан шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салды.
Аталған іс-шаралар біздің кітапханамыздың балалар бөлімінде ұйымдастырған шаралардың бір парасы ғана. 64 жыл тарихы бар кітапханамыз 2020 жылы күрделі жөндеуден өтіп, балаларға арналып, арнайы заманауи жиһаздармен жабдықталған, бай, әрі қызықты кітап қорымен, барлық жайлылық қарастырылған коворкинг орталығы болып оқырмандарына есігін қайтадан ашқан болатын. Тек биыл ғана емес, әрқашан еліміздің болашағы балаларға қуана қызмет көрсетуге әрқашан дайынбыз.
Гүлжанар БОДАУБАЙ,
Краснояр қалалық үлгілі
кітапханасының меңгерушісі.