Жаңа зауыттың келешегі кемел

Таяуда темірбетон өнімдерін өндіретін «SG Beton» зауыты іске қосылды. Зауыт құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Инвестиция көлемі 16 миллиард теңге. Осы заманғы ең озық құрал-жабдықтар орнатылған заманауи зауыт үстіміздегі жылдың қазан айында өз жұмысын бастады.

Волгодоновка ауылының жанында орналасқан «SG Beton» зауыты 15 мың шаршы метр аумақты алып жатқан, заманауи жабдықтармен толық жабдықталған, ең бастысы, озық технологияларды мейлінше тиімді пайдаланатын еліміздегі ең ірі кәсіпорынның бірі. Кәсіпорын құрылыс материалдарының бірнеше түрін барынша сапалы етіп шығаруды жоспарлап отыр. Алға қойған міндет межесі оңынан оңғарылса, қолжетімді тұрғын үй бойынша бірқатар мемлекеттік бағдарламалар сәтті іске асуына септігін тигізбек. Зауытта жол плиталары, әртүрлі өлшемдегі баспалдақтар, панельдік едендер мен іргетас блоктары тәрізді бірнеше түрлі өнімдер шығарылмақ.

Жылына 456 600 метр құрылыстың іргетасын берік етуге қажетті өткір қадаларды шығару жоспарлануда. Бұл көлемді таразы басына тартсаңыз, зауыт тәулігіне екі шақырым болатын қадаларды шығарады деген сөз. Мұндай өнімдер өңірдегі құрылыс жұмыстары үшін өте қажетті. Аталмыш өнімдер өз өлкемізде өндірілсе, өңірдегі құрылыс қарқыны бүгінгіден де арта түсетіні даусыз. Сөз арасында жаңа зауыттың құрылысы мен іске қосылуына барлығы 16 миллиард теңге жеке қаражат құйылып отырғандығын айта кетуіміз керек. Ең бастысы, 240 жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі күні 106 адам жұмысқа орналасқан. Алдағы уақытта зауыт жұмысшыларының кәсіби деңгейін көтеру үшін оқыту көзделуде. Зауыт жұмысшыларының орташа еңбекақысы 300-350 мың теңге шамасында.  Олардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық қолайлы жағдай туғызылған.

–Жергілікті жерде жұмыс болғаны, жұмысшылардың толымды еңбек алғаны өте жақсы, – дейді дәнекерлеуші оператор Александр Заяц, –зауыттағы барлық жұмыс автоматтандырылған. Қол еңбегі көп қажет етілмейді. Алдағы уақытта жұмысшылардың да барынша білімді болғаны дұрыс. Өйткені, ендігі арада бізге жаңа құрылғылармен жұмыс істеуге тура келеді ғой.

Темірбетон  конструкцияларын өндіру кезінде технологиялық процестің барлық кезеңдері дұрыс сақталса, үлкен жүктемеге төтеп бере алады. Өнім өндіру бірнеше кезеңдерге бөлінген. Барлығы мүлтіксіз жұмыс істеп, өндірілетін өнімнің сапасына әсер етпек. Сөз арасында зауыт жаңа заманның талабына толық жауап беретін немістің «Макструдер» фирмасының жабдықтарымен қамтамасыз етілгендігін айта кетсек артық болмас. Толық автоматтандырылған жүйе жұмысшының қателігіне жол бермейді. Жаңа технологияларды қолдану зауыттың жоғары өнімділігін, сондай-ақ6 шикізат пен суды ұқыпты, үнемдеп тұтынуға мүмкіндік береді. Зауыттағы жұмыс екі ауысым бойынша ұйымдастырылып отыр.

Құрылыс материалдарының қымбаттауы еліміздегі салаға кері әсерін тигізгендігі анық. Ал, жергілікті жерде мұндай өнімнің өндірілуі халыққа қол жетімді әрі сапалы тұрғын үй салуға жол ашпақ. Компания тұрғын үй бағасын ұстап тұруға ықпал етеді. Шын мәнінде темірбетон зауытының іске қосылуы бұл тараптағы Мемлекет басшысының тапсырмаларын ойдағыдай орындауға ықпал етеді. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, темірбетон өнімдерінің өндірісі өңірде ғана емес, еліміздегі  сұранысты ақтамақ.  Оның үстіне құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан елордадағы қажеттілікті жергілікті өніммен өтейтін болады.

–«SG Beton» зауыты «G-PARK» компаниялар тобына кіреді. Дәл қазір 650 000 шаршы метр көпқуысты плиталар мен 457 мың өткір қадалар шығаруға мүмкіндік бар, – дейді серіктестік директоры Амангелді Кәкібаев, – алдағы уақытта өнім көлемін екі есеге арттыратын боламыз. Келесі жылы бетон дайындау зауыты салынбақшы. Міне, сол кезде құрылысқа қажетті қыруар дүниенің сұранысын өтейміз деп межелеп отырмыз.

Құрылыс саласы қарқынды дамыған кезде өзге де салалас көптеген жұмыс алға басатын болады. Ел дамуының көкжиегін кеңейте түсетін осындай игілікті қадам емес пе?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар