Қызықтың барлығы Катарда

Катарда футболдан 2022 жылғы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Төрт жылда бір келетін доп додасы 2022 жылғы 20 қарашада басталып, 18 желтоқсанда аяқталмақшы. Дүниежүзіндегі ең көп тараған осы спорт түрінен жан алып, жан берісіп жатқан 32 елдің ең таңдаулы құрамалары бұл біріншілікте осындай құрамда соңғы рет күш сынасатын болады. Өйткені, келесі әлем чемпионатынан бастап оған қатысатын құрамалар саны көбейіп, 48-ге жеткізілмекші.

Тұңғыш рет араб елдерінде өтіп жатқан бұл 22-інші әлем біріншілігінің өз ерекшеліктері бар. Мәселен, бұған дейінгі осындай ірі футбол мерекелерінің бәрі жазғы маусымда өткізіліп келсе, бұл чемпионат күзгі уақытта өткізіліп отыр. Оған бір себеп, бүгінгі таңда дүние жүзіндегі ең бай мемлекеттердің бірінен саналатын Катар елі аяқ доптан әлем чемпионатын қысқа салым өткізуге де болатын елдердің біріне жатады. Мұнда ауа райы тым ыстық та, салқын да емес, нағыз футбол баталияларын қыздыруға ең бір қолайлы кезең.

Айта берсек, футбол жанкүйерлері асыға тосқан бұл футбол додасы небір күтпеген сенсациялар мен қызықтарға толы болуымен ерекшелене түсуде. Бұдан бұрынғы әлем чемпионаттарында да, тіпті күні кешегі осыдан төрт жыл бұрын Ресейдің 8 қаласында өткен 21-інші әлем біріншілігінде  де тура осылай болған. Бұл жолғы сенсациялардың бірі деп бұған дейін фавориттер қатарында саналмаған, әдетте ортан қол құрамалар болып көрінген кейбір Африка, Азия мемлекеттері құрамаларының азуы алты қарыс  Еуропа, Оңтүстік Америка елдерінің футболшыларынан басым түсуін айтар едік. Мәселен, Сауд Арабиясының 2:0 есебімен Аргентинаны, жапондықтардың тура сондай есеппен немістерді жеңгенін, ал, Марокко – Бельгия кездесуінде де 2:0 есебінің тіркелгенін қалай  сенсацияға жатқызбайсыз.

Сегіз топқа бөлініп, алды қарсыластарымен екі кездесуден өткізіп шыққан құрамалар арасында көш бастаушылар да анықтала бастады. Айталық, бірінші А тобында 4 ұпай еншілеген Нидерланды және Эквадор командалары көш бастаса, В тобында футболдың отаны – ағылшын құрамасы 4 ұпаймен алда тұр. Олардан кейін осы біріншілікте жақсы өнер көрсетіп жатқан Иран командасы келеді. Атақты Ливандовский бастаған Польша құрамасы да С тобында көш басын берер емес. Франция құрамасында бүгінге дейін Келлиан Мбаппе үш доп соғып, бірінші орындағы отандастарын алға жетелеуде. Е тобында төрт ұпаймен испаниялықтардың мысы басым. Жексенбі күні жанкүйерлері зор үміт күткен Канаданы 4:1 есебімен ойсырата ұтқан әлемнің вице-чемпиондары Хорватия да көш басында. Ал, биыл көпшілігі чемпион болады деп жорып отырған бразилиялықтар әзірге бір ойын өткізгенімен, қанжығаларын үш ұпаймен майлап қойған. Португалия да дәл солай. Екінші ойынын өткізе қоймағанымен, бірінші кездесуіндегі жеңіс оларды да өз Н тобында көш басына шығарған.

Енді топтардан кімдер плей-оффқа өтетінін білу үшін қалған ойындардың нәтижесін күтеміз. Ал, бұл жанкүйерлерге де, «сен тұр да мен атайын» деп жұлқына түскен футболшыларға да оңай-оспақ шаруа емес. Бәрін болжамның дәлдігі мен құрамалардың төрт жылдың бәсекесіне қаншалықты дайындықпен келгендіктері, футболшылардың жеке шеберліктері мен командалық ойын өрнегі, сондай-ақ, сын сәтте «жүйке» деген құрғырдың сыр бермеуі шешеді.

Футбол десе ішер асын жерге қоятын әлем жанкүйерлері үшін қазір ұйқы-күлкі жоқ. Өйткені, стадиондар мен телеэкрандарда – төрт жылда бір келетін әлем додасы. Соған орай, қазір жолы болған  Катарда да жер-жерден ағылған миллиондаған футбол фанаттары. Осы ретте, барлық ойындардан тікелей көрсетілімдер ұсынып жатқан біздің «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Казспорт» арнасына да мың да бір рахмет. Көрсетілімдері сапалы да жинақы. Ендеше, отандық спорт жанкүйерлері, сіздерге де осы бір ғажайып футбол мерекесін теледидар алдына емін-еркін жайғасып алып, аспай-саспай тамашалай алуларыңызға барлық мүмкіндік бар.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар