Ұлықтаудан кейінгі ой

Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,
Ойланшы сыртын қойып, сөздің ішін!

АБАЙ.

Сайлау өтті! Президент сайланды! Қазақстандық сайлаушылар Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сенім артты! Сайлаушының сенімі –халықтың сенімі! Сайлау нәтижесін өз халқының бағасы әрі батасы деп қабылдай отырып, барлық қазақстандықтардың шынайы қошеметті қолдауымен Қасым-Жомарт Тоқаев жеті жылдық мерзімдегі президенттік қызметіне кірісті.

Астана қаласындағы «Тәуелсіздік» сарайында 2022 жылдың 26 қарашасында өткен ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев:  «Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын!» деген бір ауыз сөзімен Президентіміз өз қадамын халықтың сенімінен артық,  ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін еместігін алға тарта отырып, өзі де сенімді және халқын де сендіре отырып, болашаққа қадам жасадық.

Алда – жеті жыл! Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ еліне Президент  ретінде қызмет көрсетуінің мерзімі.  Сайлау алдында, нақтылап айтсақ.2022 жылғы 16 қарашаcында Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Менің түсінігімде, Президент – жалдамалы менеджер, халық онымен белгілі бір мерзімге келісім-шарт жасайды. Азаматтардың еркін таңдауының нәтижесінде елдегі ең жоғары мемлекеттік лауазымға ие болған адам миллиондаған отандастарының дауысымен бекітілген келісім-шартқа қол қояды. Сондықтан, Президенттің лауазымы – артықшылықтан бұрын зор жауапкершілік. Бұл қызметті атқарған және атқаратын әрбір адам ең қатал үш соттың – халықтың, тарихтың және өз ар-ожданының алдында жауап береді», – деді. Президенттің осы бір айтқанында терең мән бар екендігіне ой жүгіртсек екен.

Халқының, тарихтың және өзінің ар-ожданының алдындағы тарихи жауапкершілікті бір сезінген адам болса, ол Қасым-Жомарт Тоқаевтай болса етті. Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде басын бәйгеге тіккендігі және де Тәуелсіздік тағдыры үшін батыл шешім қабылдай отырып, елдікті сақтап қалғандығы бөлек бір әңгіме. Ал, енді қазақстандық қоғамды шын ниетімен демократияландыру, әділ де адал қоғам орнату, президенттік билікті монополияндырмау, заңдылық үстемдігін қамтамасыз ету сияқты бүгінгі күнннің аңсарлы мүддесін жүзеге асыруға батыл қадам жасауы халық пен тарих алдындағы жауапкершілікті өз мойнына алғаны еді.

Ұлықтау рәсіміндегі сөзінде Президентіміз заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстанды құру  біздің ортақ мақсатымыз  екендігін атап көрсетті. Біздің қоғам заң мен тәртіптің үстемдік құруына шөлдеп отырғаны анық. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз бастамасымен, ұсынысымен жалпыхалықтық референдум арқылы конституциялық  өзгерістердің жасалуы Жаңа да Әділетті Қазақстанды құрудың басы болса керек-ті.

Ендігі арада Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғырту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болмақшы. Бұл дегенің ендігі арада қоғам алдында ең әуелі  білім беруді  жетілдіру және сол білімді осы заманғы озық үлгіде ұйымдастыра білуге ұмтылу міндеті тұр.Қазіргі уақытта Қазақстанда техникалық білім беру бағытына басмдық берілуде. Біраз жоғары оқу орындары базасындаөзге мемлекеттердің техникалық мамандарын даярлау басталып та кетті. Және де Президенттің пәрменімен жаңа мектептер салу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне де үлкен мән біріп отырғандығын ескерсек, біз білімді ұрпақ өсіру арқылы білімді ұлт қалыптастыруды басты нысана етуіміз керек.

Білімді ұлт қалыптастыра отырып, еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің негізін жаңа технологиялар, жоғары еңбек өнімділігі арқылы дамыту жөніндегі Президент алға қойып отырған міндеттің елімізді өркендетудің шешуші тетігі екендігін терең пайымдау арқылы, біз ендігі арада еңбекқор ұлт болып қалыптасуға зор ынтамен ұмтылуға тиістіміз ғой деп ойлаймыз.

Елдің  ендігі арада өз болашағына деген сенімі берік болғаны жөн. Біз мұны сеніммен айтып отырмыз. Өйткені6 Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің ұлықтау рәсімінде: – Шынайы заң үстемдігін қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жеке меншікті қорғау, бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Сондықтан заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты, – деп атап көрсетуі мемлекетіміздің басты ұстанымы екендігіне иланамыз және осы бағытты Президентіміз қатаң жүзеге асырарына да сенеміз.

–Қазір біз осы қиын-қыстау жолдың басында тұрмыз. Алдымызда атқаратын жұмыс көп. Әрбір азамат елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінуге тиіс, – деген Президентіміздің осы бір ауыз сөзіне тоқтасақ етті.

Өйткені, әлі де болса әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам орнату жөніндегі қолға алынған және біртіндеп жүзеге асырыла бастаған бар реформаларға сенбеушілік те оқта-текте аңдалып қалады. Бұл – бекер! Алайда, елдегі өзгерістерді бір ғана  Президент жасауы керек дейтін болсақ, бұл үлкен қателік әрі білместігіміз болар еді.

–Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, – деп отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір ауыз сөзіне қоса, біз де Қазақстанның әр азаматы өз тарапымыздан не істейміз деген ой болғаны жөн. Осы орайда әркімнің өз отбасы мен Отан алдындағы жауапкершілігі бәрінен жоғары тұрғаны керек.

Ұлықтаудан кейін Президент бірден ауылды өркендету және шет елдерге заңсыз шығарылған активтер мен қаржыларды қайтару жөніндегі Жарлықтарға қол қойды. Бұлар ұзақ жылдардан бері халқымыздың айтып келе жатқанымен, ешкімге құлақ асыра алмаған өзекті де толғақты мәселелері болатын. Ауылды өркендету еңбек етуді қажет етеді.Ауылды өркендету жаңа технологияны қажет етеді. Еңбек пен технологияны ұштастыра білсек, сөз жоқ шаруамыз ілгері басары бар.

Қазіргі уақытта әлемде азық-түліктің жетіспеушілігі жыл сайын айқын байқалып отыр. Бұл мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының да мінберінен сөз болып жүр. Сондықтан да Президентіміздің  Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін жиі қозғап, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға зор көңіл бөлуі тектен-тек болмас керек-ті. Енді міне ауылды дамытуды Заңмен бекітіп отыр.

Заңсыз жолмен шет елдерге өткізіліп жіберілген активтер мен қаржыларды қайтару – ол да Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған реформасының басты бір бағыт деп білеміз. Әрине, шетке өтіп кеткен активтер мен қаржыларды елге қайтарудың халықаралық өз талаптары бар болса, бұл біраз ізденуді және уақытты да қажет етері анық. Алайда, кезінде мемлекет пен халықтың игілігін заңсыз қарпып қалғандардың алды қазір сол «өз байлықтарының» біразын өз еріктерімен мемлекетке қайтара бастауы да бұл істің әлдеқашан басталып кеткендігін айғақтайды.

Осы шеттегі қаржы қайтарылса, бәріміз бір күнде байып кететіндей сезінетініміз де бар. Әрине, шеттен қаржы қайтып жатса, ол еліміздің тұрақты өркендеуіне зор серпін берері анық. Алайда, бір ұғым болуы керек, біз аянбай еңбек ету арқылы ғана байырымыз анық!

Ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың: –Басты міндет – іскер азаматтарымыздың кәсіпкерлік рухына зиянын тигізетін жасанды кедергілер мен шектеулердің бәрін жою.   Кәсіпкерлер бизнеске жүргізілетін себепсіз тексерулерді біржолата ұмытуы қажет. Олар тек салық органдарының алдында ғана есеп береді.  Мемлекет пен бизнес – сенімді серіктестер. Шағын және орта бизнестің дамуына заңсыз кедергі келтіретіндердің бәрі заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады, – дегені елімізде  еңбектің және де адал еңбектің үстемдігі орнығарына сенімді ұялата түседі.

Өз басыма қатты әсер еткен және де үлкен ой салған Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым» дегені болды. Бұл сөз отыз жыл бойы тек жеке басының ғана баюын ойлағандарға атылған оқпен бірдей болған өткір жебе сөз бе деп қалдым.

Енді Президентіміз айтқанындай, «Бабаларымыз қай заманда да бірлігін бәрінен биік қойған. Біз ата жолын сақтай білген, заманауи және өркениетті ел екенімізді бүкіл дүние жүзіне паш еттік. Бірлігіміздің бекемдігін тағы да дәлелдей алдық» және де «Біз халықтың тілегі мен заман талабына сай тиімді мемлекет құруға міндеттіміз. Бұл – маңызды тарихи міндет» екендігін терең түсіне білу еліміздің бүгіні мен болашағы алдындағы парызымыз деп санаймыз.

–Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым, – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың «қызметті – уақытша, ал халықты – мәңгі» деп түсінуі және сол ойын ашық мәлімдеуі адал да әділ қоғам орнатуға деген бастайтын маңызды әрі басты қағида болса керек. Және де «Мен президенттік миссиямды халқыммен бірге алдағы жеті жылда абыроймен атқарып шығамын деп сенемін. Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір! Сондықтан әрқашан бірге болайық, ағайын!» деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік те перзенттік ой-мүддесі әманда халқымызды жақсы да жарқын күндерге бастай берсін!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар