2020 жылы Ақмола облысының әкімдігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі арасында Ақмола облысы бойынша экологиялық проблемаларды кешенді түрде шешу жөніндегі Жол картасы бекітілді. Жол картасында 30 іс-шараның орындалу мерзімі атап көрсетілген. Департамент осы шараларды сапалы орындау және мерзімнің бұзылуына жол бермеу мақсатында Жол картасы пункттерінің іске асыруын бақылауға алды.
Бүгінгі күні Ақкөл қаласы, Аршалы, Қорғалжын, Қосшы, Қоянды, Зеренді аудандарының орталықтарында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының құрылысына құжаттар әзірлеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ, Көкшетау қаласында қоқыс сұрыптау пункті бар қатты тұрмыстық қалдықтардың жаңа полигонының құрылысына техникалық-экономикалық негіздеме жүргізілуде. Бұдан басқа Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында ҚТҚ полигонының құрылысына техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ ұсынған ғарыштан түсірілген суреттер негізінде Ақмола облысының аумағында 2022 жылы 830 рұқсатсыз қалдықтарды орналастыру орны анықталды. Қазіргі уақытта қалалар мен аудандардың әкімдіктері рұқсат етілмеген 757 (91 пайыз) қоқыс үйінділерін жойды.
Аршалы ауданының 9,5 мыңнан астам халқы бар 14 елді мекенін газдандыру бойынша 8 жобаны іске асыру аяқталды. 2023-2025 жылдары Қосшы қаласы мен Целиноград ауданының 95 мың тұрғыны бар 8 елді мекенін газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2022-2023 жылдары 25,5 мың халқы бар Аршалы және Целиноград аудандарында 5 жобаны іске асыру жоспарланған.
Елді мекендерді газдандыру жобаларын іске асыру 130 мыңнан астам халықты табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Газдандыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға оң әсер ететіні анық.
Ағымдағы жылы қуаты 3,5 мВт «Краснояр» жел электр станциясының құрылысы аяқталды. Ерейментау ауданында қуаты 5 МВт және қуаты 25 МВт «Golden Energy Corp» ЖШС жел электр станциясы пайдалануға берілді. Аршалы ауданында 50 МВт жел электр станциясының бірінші кешені, сондай-ақ, 50 МВт «ЦАТЭК Green Energy» екінші кешені іске қосылды.
Бұдан басқа, Зеренді ауданында «Эталон Пауэр» ЖШС компаниясы Садовое ауылдық округінде осы жобаны іске асыруды қолға алуда. Қазіргі уақытта қуаттылығы 18,15 МВт жел электр станциясының құрылысы бойынша ЖСҚ әзірленіп, жабдықтар сатып алынды. ЖЭС үшін іргетас орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. 11 көтергіш діңгектерді орнату басталып, ішінара тоқты трансформациялаудың қосалқы станциясы орнатылды.
Сондай-ақ, қойылған міндеттерді орындау аясында Астана-Щучинск тас жолының бойында көгалдандыру бойынша іс-шаралар өткізілді. Автобанның бойында орман екпелерін отырғызудың жалпы ауданы 2575 гектары, ұзындығы 160 шақырым, ені 250-ден 500 метрге дейінгі алқапты құрап отыр. Бұған қоса, облысымызда 2025 жылға дейін орман 24,5 мың гектар алқапқа ағаш отырғызу жоспарлануда.
Көкшетау қаласы мен аудан орталықтарының аумағын көгалдандыру шеңберінде өңірде жасыл екпелер алаңын ұлғайту, елді мекендердің айналасында санитарлық-қорғау аймақтарын құру, ормандарды және ағаш өсіру алаңын кезең-кезеңімен ұлғайту бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде.
Гүлназ ТҰЙҒЫНОВА,
Ақмола облысы бойынша экология департаментінің
бас маманы.