Өңірдің әлеуметтік-экономикалық  даму қарқыны жоғары

Ақмола облысының өнеркәсіп орындарының өндіріс көлемі 8,8 пайызға өсті. Әсіресе, бұл өсім металлургия мен химия өнеркәсібінде байқалады. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев өңірдің биылғы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте айтып берді.

Спикердің айтуынша, облыс дамудың жақсы қарқынын көрсетіп отыр. Осылайша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 18,8 пайызға артты, бұл ең алдымен дәнді дақылдардан жоғары өнім алуымыздың арқасы. Биыл гектар берекесі орта есеппен 11,6 центнерден айналып, 5,4 миллион тонна астық жиналды. Жарқайың, Сандықтау, Жақсы және Есіл аудандары осынау мол астыққа айтарлықтай үлес қосты. Бұл барлық жиналған өнімнің 9,5 пайызы осы өңірлерге тиесілі деген сөз.

–Өңір экономикасына 6,5 пайыз өсіммен 465 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды. Бұл, ең алдымен, Бурабай ауданындағы «Эр Джи Голд» ЖШС тау-кен гидрометаллургиялық кешені және Аршалы ауданындағы «Эс Джи Брик» ЖШС кірпіш зауыты, Аршалы ауданындағы «Эс Джи бетон зауыты» ЖШС темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты және Целиноград ауданындағы «Посейдон» ЖШС  форель, бекіре тұқымдас балықтарды өсіру  бойынша балық фермасы сияқты бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асырумен байланысты, – деді Қанат Дүзелбаев.

Сондай-ақ, өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 26,8 пайызға өсіп, жыл басынан бері 540 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Бұл ақмолалық  4675 отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуына мүмкіндік берді.

Халықты жұмыспен  қамтамасыз ету бағытында да жағдай жақсы. Экономиканың барлық салаларында 18 100 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 11 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орны. Орташа жалақы 240,6 мың теңгеге дейін, яғни, 23,1  пайызға өсті.

Елорда маңындағы елді мекендерде де халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралар іске асырылуда.Осы мақсаттарға биылғы жылы ірі қалалардың шет жақтарын дамыту бағдарламасы шеңберіндегі мәселелерді реттеуге орталық мемлекеттік органдар республикалық бюджеттен 15 миллиард теңге қарастырған. Жергілікті бюджеттен қосымша 2,6 миллиард теңге бөлінгені тағы бар.

–Осы қаражат аясында Аршалы ауданындағы Жалтыркөл, 42 разъезд, Жібек жолы, Целиноград ауданындағы Қараөткел мен Талапкер елді мекендеріне тиесілі 60 шақырым көше-жол желісі салынды. Сондай-ақ, Қосшы қаласындағы 100 адам қабылдайтын емхана пайдалануға берілді. 280 орындық балабақша, 1200 орындық екі мектеп және  алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының, ауыз сумен және жылумен электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы жалғасуда, – деді Қанат Дүзелбаев брифинг барысында.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар