Зорлық-зомбылық  мәселесіне бейжай қарауға болмайды

Отбасындағы зорлық-зомбылық бұл бір әулеттің басындағы маңызды мәселе ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ келеңсіздік десек артық айтқандық емес.  Шаңырақ шайқалса тұтастай ұлтқа сын.  Сол себепті де бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Кез-келген түйіткілді сұрақтың түйінін шешуден бұрын, алдын алу қашанда пайдалы.   Осы мақсатта ағымдағы жылдың 25 қарашасынан 10-шы желтоқсанына дейінгі аралықта Ақмола облысында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» деген тақырыпта  акция өткізілуде.

Акцияның негізгі мақсаты халықты тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасымен жете таныстыра түсу, әйелдерге өз құқықтары туралы түсіндіру, отбасылық-тұрмыстық қатынаста жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактикалық есепте тұрған әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдарды анықтау, адам құқықтарын қорғау жөніндегі күш-жігерді біріктіру үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің қызметін жандандыру болып табылады.

Акция барысында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия полиция департаментімен, мүдделі мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, дөңгелек үстелдер жиынын, диалог алаңдарын ұйымдастырып, аталмыш тақырыпта ақпараттық буклеттер мен брошюралар таратуда.

Осындай тағылымы бар жиынның бірі таяуда Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» үйінде  «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен болып өтті. Жиынға мектеп психологтары, әлеуметтік қызметкерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының директоры Айгүл Нұрмағанбетова өз сөзінде  «Қазақстанның тең құқықтар және тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қоры дайындаған еліміздегі 17 дағдарыс орталығы мен баспана қызметінің жылдық мониторингінің қорытындысын назарға ұсынды. Сауалнамаға қатысқан мамандардың жауаптарына сәйкес, еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы маңызды мәселе екендігін аңғару қиын емес. Соның ішінде әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектер қауіп тобына жатады. Мысалы, БҰҰ-ның тұрғын халық саласындағы (ЮНПФА ) қорының деректері бойынша 2019 жылы Түркістан облысында, Шымкент қаласында жүргізілген сауалнамадағы респонденттердің жалпы санының 15 пайызы мүгедектігі бар жандар екен. Олардың көбі жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын мойындаған, өкініштісі, арасында алты жастан сегіз жасқа дейінгі балалар да бар көрінеді.

Сауалнамадағы «Қазақстандағы сексуалдық зорлық-зомбылық мәселесі күрделі ме?» деген сұраққа респонденттердің 68 пайызы «иә» деп жауап берген екен. «Жүргізілген талдау адамдардың деструктивті мінез-құлқы, отбасындағы абъюзерлік қарым-қатынастар, әйелдердің маскүнемдігі, жасөспірімдер арасындағы нашақорлық сияқты мәселелердің бар екендігін аңғартады. Бұл қиындықтар бір ғана отбасының жеке проблемалары ғана емес, өйткені, жасынан нашақорлыққа бой алдырған бала түбі бір қылмысқа баруы ықтимал, маскүнемдіктен зардап шегетін әйелдің құрсағына біткен шарана ауру болып туу әбден мүмкін, күйеулері мен әкелері маскүнемдер мен абъюзер тобына жататындардың кесірінен мемлекет есебінен қаржыландырылатын дағдарыс орталықтары бос болмай тұрғаны да өтірік емес. Осы орайда, тұрмыстық, жыныстық және өзге де зорлық-зомбылық мәселелерінде мүгедек әйелдер мен балалардың құқықтарына қатысты заңнаманы жетілдіру қажет екенін атап өту қажет. Мысалы, ҚР ҚК-нің 120 бабы мен 121бабына сәйкес, жыныстық зорлық кезінде егер жәбірленуші айқын қарсылық көрсетпесе, болған жағдай өзара келісіммен болған деп танылуы мүмкін. Себебі, ешбір кодексте  мүгедектігі бар адамдар дәрменсіз, қарсылық көрсете алмайды деп нақты жазылмаған, – дейді Айгүл Нұрмағанбетова.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда 41 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Ал, облыс орталығы Көкшетауда 2018 жылдан бастап «Шанс» дағдарыс орталығы жұмыс істейді, онда психологиялық, заңгерлік көмек көрсетіледі. Осы жылдың басынан бері орталықта 53 әйел мен 214 балаға қамқорлық көрсетілген. Қазіргі уақытта  орталықта сегіз әйел мен 25 бала бар. Орталық директоры Әсем Асайынованың айтуынша, соңғы уақытта бір келеңсіз үрдіс байқала бастаған.  Мұнда шағымданып келетіндердің басым көпшілігі мемлекет өздері мен балаларын агрессивті күйеулерінен қорғауға міндетті екеніне сенімді. Болған жайды бажайлап, ашуы басылып өкпесі тарқаған соң олардың көбі өз үйлеріне қайтып оралатын көрінеді. Келесі бір жанжал туындаған сәтте тағы да орталыққа келіп паналайды екен.  Сол себепті де зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтары мен оны жасаушылардың жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстарын барлық деңгейде күшейту қажет дейді ол. Сонымен қатар, егер отбасында балаларға қатысты психологиялық немесе физикалық зорлық-зомбылық болса, психологтар ата-аналармен жұмыс істеуі керек.

Әсіресе, балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудару, алдымен мектеп психологтарының міндеті. Аталмыш жиынға қатысқан облыстық білім басқармасының психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мәселелері жөніндегі әдіскері Инара Ермұханова атап өткеніндей, биыл психологиялық қызметтің, оның ішінде педагог-психологтардың қызметі нормативті түрде өзгерді. 2022 жылдың 25 тамызынан бастап олар жаңа ережелер бойынша жұмыс істейді. Яғни, мектептерде бір психологтың орнына психологиялық қызмет жұмыс істей бастады, оның құрамында педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтар бар.

Мектеп психологы Замира Құрманбаева өз сөзінде дөңгелек үстел жиынын ұйымдастырушыларға пайдалы кездесу үшін алғыс айта отырып, қазіргі таңда мектеп психологтарына қандай жауапкершілік жүктелетініне тағы бір рет көз жеткізгендігін баса айтты.

Аталмыш акция аясында осы тақырыптың жалғасы ретінде «Шанс» дағдарыс орталығында да дөңгелек үстел жиыны болып өтті. Мұнда да қаузаған тақырыптың негізгі өзегі осы. Жиын барысында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссиясының хатшысы Дана Майрамова,  Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Гүлнәз Кенжебай, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының директоры Айгүл Нұрмағанбетова, сот саласының қызметкерлері сөз сөйлеп, мәселенің мән-мақсаты, шешу жолдары туралы өз ойларын ортаға салып, талқылады.

Иә, тылсым дүние есігін ашқан  жан баласының тал бесіктен жер бесікке дейінгі тілек-пайымы бақыт деген сөзбен астарлас. Іңгәләп жатқан балаға көптің тілейтіні де бақыт. Ал, бақыт деген не? Әркім әрқалай пайымдары хақ. Анығы, жалғанда ана мен бала жәбір көріп жыламасыншы!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар