Қысқа болса да, мағыналы ғұмыр

Сапарбек Уәлиханұлы Абдрахманов 1962 жылдың 10 тамызында бұрынғы Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, Қарашілік ауылында дүниеге келді.  Отбасында екінші бала болып саналады.

1969 жылы бірінші сыныпқа барып, 1978 жылы сегізінші сыныпты бітірген соң аудандағы Шағалалы ауыл шаруашылығы совхоз-техникумының электрофикация бөлімшесіне оқуға түсті. Техникумды 1982 жылы ойдағыдай аяқтап, сол жылы күзде Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды. Әскерден келген соң 1984 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп,1989 жылы оны қызыл дипломмен аяқтады. Институтта өзін белсенді  жастар қатарынан көрсетіп, бес жыл бойы топ старостосы болды. Институтты аяқтаған соң, Сапарбекке Москваның Темирязов ауыл шаруашылығы академиясына жолдама берілді, бірақ отбасы жағдайына байланысты бұл оқуға бара алмады.

Ендігі айтпағымыз, 1986 жылы желтоқсан оқиғасы  кезінде  ол Алматыда студент еді. Сол кездегі барлық жастар сияқты, ол да Б.Шәйкенов, Б.Сүлейменов, Ж.Олжабаев, М.Тоққожинов, Қ.Ахетов сияқты курстастарымен шеру өтіп жатқан орталық алаңға барды.

Барлық болған оқиғаны өз көздерімен көріп, наразылықтарын білдірді. Сол үшін бірінші күні әскери жасақтардан таяқ жеп, қоршаудан қашып үлгеріп, жатақханаларына келді. Осыдан кейін қуғын-сүргін басталып, институт әкімшілігі әрбір қадамдарына қатаң бақылау орнатты, бірақ, олар сытылып шығып, екінші күні тағы алаңға барды. Әкімшілік тарапынан алаңға кімдер барғанын білу үшін сұрақ-жауап алынғанда, курстастарынан ешкімді сатпады. Себебі, олар жүректері елім, қазағым  деп соққан жастар еді. Әйтеуір, оқуын жалғастырып, институтты аяқтап  келген соң, «Ленин жолы» совхозында мал дәрігері болып қызмет атқарды. Өз жұмысында абыройлы болды.

Алайда, тағдырдың жазуымен 1991 жылдың 31 шілдесінде жол апатынан қайтыс болды. Артында бір ұл, бір қыз қалды. Қазір балалары өсіп  жетіліп, өмірден өз орындарын тапқан. Үш немересі, екі жиені өсіп келеді. Жары Нағима немерелерін бағып, ұлының қолында Зерендіде тұрады. Өмірден жастай кеткен аяулы қосағының есімін ардақ тұтып, кешегі Желтоқсан оқиғасында да, жалпы, өмірде де үлкен азамат болып өткенін мақтан тұтады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар