«Күй-ғұмыр» көңілден шықты

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, профессор, «Халық күйшісі» төсбелгісінің иегері Орынбай Кәріғұлұлы Дүйсеннің «Күй-ғұмыр» атты шығармашылық кеші өтті.

«Күй – құдірет, күй – кие», «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дейді халық. Домбырасын қолынан тастамай, бар өмірін өнерге арнаған, төл музыкамыздың қаймағын бұзбай, түпнұсқасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолында ерен еңбек етіп келе жатқан Орынбай Дүйсеннің «Күй-ғұмыр» атты кеші ерекше мазмұнды шығармаларға толы, мәнді де мағыналы болды. «Күй ойнайды қазағымның қанында, күй ойнайды қазағымның жанында» демекші, қазақтың күйлерін дәріптеп, насихаттаушылардың бірі әрі бірегейі Орынбай Дүйсен асыл уақытының көбін оқу-әдістемелік құралдар, ән-күй, фольклорлық ансамбльдерге, оркестрлерге арнап шығармалар, партитуралар жазуға да бөлген жан. Оның тың еңбектері өскелең ұрпақ үшін таптырмас қазына.

Сахна шымылдығы дирижер Нұрлан Бекеновтың жетекшілік етуімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында Орынбай Дүйсеннің «Ұлы көш» күйімен ашылды. Кеш барысында күй атасы Құрманғазының, Сүгірдің, Динаның, Тәттімбеттің, Дәулеткерейдің өлмес, жауһар туындылары орындалды.

Күйшінің өмірбаянына келетін болсақ, Орынбай Кәріғұлұлы 1951 жылы 6 қазанда Орал облысы, Шыңғырлау ауданы, Алмазный ауылында дүниеге келген. Бұл күнде Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, ұлағатты ұстаз-ғалым, белгілі күйші, композитор, шебер орындаушы, сөз зергері, публицист. Жеті жасында аудан орталығы Шыңғырлауда домбыра тартып, лауреат атанған. Еңбек жолын ауыл клубы, автоклуб меңгерушісі, вокалды-аспаптар ансамблінің жетекшісі қызметтерінен бастаған ол Қазақ КСР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев пен жерлес апайы, әнші Қалампыр Рахимованың ықпалымен республикалық эстрада және өнер студиясына оқуға түскен.

Оны тәмамдаған соң, 1975 Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына профессор Құбыш Әшімұлы Мұхитовтың класына оқуға түсіп, 1982 жылы домбыра мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдап шығады. 1984 жылы сирек орындалатын күйлердің күйтабағын шығарды. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында 1982 жылдан 1998 жылға дейін оқытушылық қызмет атқарған Орынбай Дүйсен орындаушы ретінде дәстүрлі күй өнерін практика және теория жүзінде, жоғары кәсіби деңгейде меңгерген санаулы мамандардың бірі. Оның репертуарында елімізге белгілі халық композиторларының ондаған күйлері бар. Ол 80-нен аса жоғары білімді маман, аспирант, магистранттар дайындаған тәжірибелі ұстаз.

Халқымыздың мақтанышына айналған кешегі өнер тарландарының өмірі мен өнері, қазақ мәдениетіне сіңірген еңбектері, олардың ерекшеліктері туралы ғылыми-зерттеу мақалалары мен «Қазақтың халық күйлері», «Қазақ күйлерінің тарихы», «Жан серігім домбыра», «Балдырған» атты балаларға арналған циклды күйлер жинақтарының авторы.

Ал, енді шығармашылық кешімізге келетін болсақ, «Күй-ғұмыр» концертінің бағдарламасы ерекше болып, көкшетаулықтар мен қала қонақтарына үлкен әсер сыйлады. Дирижер Руслан Қойшыбаевтың жетекшілігімен орындалған күйшінің «Биші қайың», «Ұлы көш», «Алтын орда», «Балдырған», «Әнші дауыс» және «Толғау» күйлері көрермендердің көңілінен шықты. Сүгірдің «Шалқыма», Өскенбайдың «Бұлбұл» күйлері де керемет орындалды.

Автордың «Арман-ай» әні Аягөз Қалмағамбетованың орындауында шырқалғанда залдағы отырған корермендер ду қол шапалақтап, дән ризашылықтарын білдірді. Осылайша тамылжыған күй кешінде майталман күйшінің күйлері көпшілік көңілінен шығып, дәстүрлі өнерге деген ел ықыласын арттыра түсті. Осындайда қазағымның талантты өнерпаздарына арналған мұндай сырлы сазды кештер көп бола берсе шіркін, дейсің.

Қарлығаш ҚАРПЫҚПАЕВА. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар