Тәуелсіздік алған күн

Мың тоғыз жүз тоқсан бір. Он алтыншы желтоқсан,
Сәлем айтып жұлдыздан, қарауытқан қысқы аспан.
Чкаловта аялдап, қайта автобус қозғалды,
Тілгілеген қос жарық, көз алмаймыз тас жолдан.

Ермек еткен манадан, қолда транзисторы,
Бұрап-бұрап  құлағын,  сөйлетті-ау, ақыры.
Бір жүріп, бір үзіліп, қырылдаған радио,
Сосын және дауысы таныс қазақ дикторы.

Бірде тақап құлаққа, бірде қойса тізеге,
Мидай дала эфирді, қайта-қайта үзе ме?!.
Кенет артқа бұрылып, «Тәуелсіздік алдық»  деп,
Сол мазасыз жігітің, айғай салды біздерге.

Бір нәрсенің боларын сезіп жүрген жүрекпен,
Әйтеуір, ішіміз ести сала қылп еткен.
Бәрі алып болғанда, келген екен бізге де,
Шын сүйінші хабар ғой,  күте-күте кеш жеткен.

Ал, ендеше бола ма, қуанбасқа біздерге,
Құдай дағы кешірмес, жұмақ жақты іздерде.
Аз қазақ салонда, «құтты болсын!» айтысып,
Тұрып-тұрып ктекенбіз, орнымыздан ілезде.

Жақтырды ма қалғаны, жақтырмады кім білсін,
Түк емес-ті оныңыз, арқа қозған біз үшін.
Түсінбей не болғанын, өздері де аң-таң ғой,
Енді ме, шетінен өктемдігін ұмытсын…

Әй  сондағы жалқы сәт, шығармысың есімнен,
Әлі күнге нарқыңды мың бір мәрте өсірем.
Тәуелсіздік дегеннің не сыйларын білместен,
Қоңыр салқын сол «ЛАЗ»-да керемет күй кешіп ем.

Іссапарым-ай менің, жолда осыны естіген,
Ойлап-ойлап алам да, өткеніме көз тігем.
Содан бері көргенім, сол шаттыққа тұрды ма,
Сұрап алу керек ед, жөн білер бір естіден.

Қайтем алып уақытын, онсыз да аз біреудің,
Өзім дағы білетін ау-жайын, Тілеулім.
Түспегенде сен бар ғой, жемқорлардың қолына,
Қазақ едім алшаңдап, басқалардай жүретін.

Күн өткізбей малданып, құр атауын тек қана,
Керек болып тұр бізге, тәуелсіздік үр жаңа.
Автобуста жеткізген, төбемізге көкке бір,
Сол жігіт те артына қарай ма енді мұңдана…

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар