Энергетиктер еңбегі еселі

Таяуда энергетика саласының қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесінде «Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты» деп атап айтқан болатын.

«Көкшетау Энерге» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз міндеттерін мінсіз атқарып келе жатқан ұйымшыл ұжым. Соңғы жылдардағы толайым табыстары мен қол жеткізген жетістіктері еңбектерін екшеп көрсеткен бейнефильмде қолмен қойғандай баяндалды. Бұл орайда, материалдық-техникалық базаның жақсарып, кадрлардың кәсіби білімінің жетілдіріліп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына көбірек көңіл бөлініп жатқандығын әрі алдағы уақытта да осы тарапта қисапсыз іс атқаруды межелеп отырғанын көріп білдік. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Малғаждар Тәткеев өзінің құттықтау сөзінде сала қызметкерлерінің уақытпен санаспай атқарып жатқан қажырлы еңбектерін айрықша атап өтті. Серіктестіктің жұмысына жоғары баға берді.

Кәсіби мерекеде ауа райының кез-келген төтенше сынағына төтеп беріп, күнді түнге, түнді күнге ұластырып, өз мамандықтарына мейлінше жауапкершілікпен қарап, ақадал жұмыс істеп жатқан ұжым мүшелері құрмет пен қошеметке ие болды. Осы арада ұжымда қарапайым жұмысшылардың еңбегін елеп-ескеру, олардың нәтижелі шаруасын атап айту оң сипат алып отырғандығын көруге болады. Соңғы кезде іс тетігін шешетін төменгі буынның  төккен тері, еткен еңбегі кей ретте көзден таса қалып жатса, бұл ұжымда мүлде басқаша екен. Осы бір адал пейіл көңіл көншітерлік. Төл мерекелерінде 200-ден астам адам Құрмет граммоталары мен Алғыс хаттарға ие болды. Ақшалай сыйлықтар да табыс етілді. «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының еңбек сіңірген энергетигі Досымхан Аралбаев ұжымның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы таратып айтып берді. Келер күндердің көкжиегіне ұмтылған, мақтау мен марапаттауға әбден лайық  шаруалар төңірегінде іркіліп қалмай, саланың алаңдатарлық ахуалын да айтып өтті және бұл түйткілді ешқашан жасырған емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында да талай жазылған.

Соңғы жылдары энергетика саласындағы тозығы жеткен құралдардың апатқа ұшырауы жиі кездесетіні де жасырын емес. Айталық, Екібастұз, Риддер, Арқалық, Петропавл, Атырау, Ақтау және басқа өңірлерде орын алған оқыс оқиғалар осындай келеңсіздіктің дәлелі. Біздегі жағдай да асыра мақтайтындай емес. Электр желілерінің тозуы 80 пайызға жеткен. Басшының айтуына қарағанда, жылына 0,3 пайыз ғана қондырғы жаңартылуда. Ал, амортизациялық тозу процесі өсіп келеді. Әйтсе де, қиындыққа қарсы өздерінің кәсіби біліктіліктерін, қажыр-қайратын  қоя білген ынтымағы мықты ұжым өңірдегі кәсіпорындар мен тұрғын үйлерді электр қуатынсыз қалдырмауға тырысады. Ал, электр қуатын тұтыну ұдайы арта түсуде. 2021 жылы  тұтыну көлемі сағатына 1,4 миллиард кВт-ға жетсе, үстіміздегі жылы бұл көлем 1,5 миллиардқа көбейген. Демек, 7 пайызға өсім бар. Ал, ол көлемді қамтамасыз ету оңай-оспақ шаруа емес. Әйтсе де, стратегиялық даму бағыты басымдыққа ие.

Сөзіміздің басында серіктестіктің материалдық-техникалық базасы біршама жақсарып келе жатқанын айтқан болатынбыз. Биылғы жылы ұжым 15 көлік пен арнайы техникаға ие болып отыр. Соңғы бес жылдың ішінде осындай 40 техника алынды. Ағымдағы жылы осындай мақсатқа 247 миллион теңге қаражат жұмсалды. Ішінара электр желілерін жаңғырту қолға алынған. Шалғайдағы шағын ауылдар электр қуатынсыз қалып жатқан жоқ. Тіпті, көшкен елдің жұртында бір-екі үй қалса да, жарықтары сөнген емес. Ал, тұтынушысы аз болғандықтан, серіктестік үшін қаншама шығын. Жұмысшылардың еңбекақысын өсіру де ұдайы назарда. Ағымдағы жылдың 1 наурызында ол 10 пайызға көтерілді.

Салтанатты рәсімде осы салаға бар ғұмырын арнаған ардагерлерге Қазақстан Энергетика ассоциациясының  «Ардагер энергетик» төсбелгісі табыс етілді. Серіктестік Ақмола облысымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар аудандарына қызмет көрсетеді. Көрші облыс басшылары да кәсіби мерекеге байланысты ұйымшыл ұжымды құттықтап, еңбектеріне жеміс тілеуде.  Соның айғағындай, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хаттары еңбек озаттарына табысталды.

Жан жадыратарлық жылы шуақ төгілген жиында жоғары өндірістік жетістіктері үшін сыйланған автокөліктер мен арнайы техникалардың кілтін белгілі жазушы, мемлекет қайраткері Жабал Ерғалиев, Қоғамдық келісім мекемесінің директоры Ермек Нұғыманов, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Амангелді Смайылов табыс етті.

Ұжымда күнделікті жұмыспен қатар, спортпен, қоғамдық жұмыстармен айналысуға мол мүмкіндік тудырылған. Таяуда өткен спартакиадада энергетиктер үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, волейбол тәрізді спорттың алты түрінен сынға түсіпті. Қажырлылық пен шеберлік сынға түскенде жұлдызы жанғандар анайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Кәсіби мерекені атап өту барысында өз істеріне барынша ыждаһатпен қарайтын саланың озық еңбеккерлерінің өнегелі істері әріптестеріне үлгі етіліп, мерейлері тасыды. Қасыңда жүрген адамның ел игілігі үшін атқарып жатқан адал еңбегінің аталып өтуі қандай жақсы!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Суреттерді түсірген Рамиль Дусумов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар