Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола мен Көкше өңірлерінің ортағасырлық тарихи-мәдени ескерткіштері - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола мен Көкше өңірлерінің ортағасырлық тарихи-мәдени ескерткіштері

Көкшетау өңірі мен Ақмола облысының аумағында сәулет ескерткіштері, ежелгі қалалардың болуы археологиялық және тарихнамалық деректерімен расталады. Бұл қалалық дала өркениеті тек оңтүстікте ғана емес, сонымен қатар, Қазақстанның солтүстігінде де бар екендігін дәлелдейді.  Киелі  Көкшетау –  бүгінгі Қазақстанның табиғи бренді. Өлкеміздің аса құнды тарихы мен ерекше ландшафттары туризм бағытын дамытуда зор мүмкіндіктер береді. Көкше-Бурабай жыл сайын миллионнан астам турист келетін халықаралық маңызы бар туристік орталыққа айналды.

Осыған байланысты облысымыз туризмді дамытуда алдыңғы қатарда. Қасиетті Көкшетау тауларының аты аңызға айналған Оқжетпес шыңы еліміздегі  Алатаумен, солтүстік Тянь-Шань мен Жетісудағы Көлсай, құнарлы Баянауыл, Сарыарқадағы киелі Ұлытау, оңтүстігінде айбынды Түркістан, батысында әулиелі Маңғыстау, шығысында биік таулы Қазақ Алтайменен  терезесі тең ірі туристік кластерлердің бірегейі.

Бүгінгі таңда  әлемдегі туризм саласы  барлық инфрақұрылымға тікелей және жанама ықпал ететін әлеуметтік-экономикалық дамудың бір көзі  ретінде қарастырылады. Қазіргі әлемдегі заманауи туризм бағыты көлік, әлеуметтік және қызмет көрсету салаларының жоғары деңгейде дамуын талап етеді, яғни, соның арқасында еліміздіңэкономикасының басты табыс көзіне айналуына мүмкіндіктер жасалады. Қазіргі уақытта  жалпы туризм саласы, дүниежүзілік туристік ұйымның соңғы мәліметтері бойынша экономиканың ең серпінді салаларының бірі болып табылады.Осыған байланысты көптеген елдерде туризм саласы мемлекеттік қолдау арқылы белсенді дамып келеді.

Демек, туризм саласы ең табысты салалардың бірі. Қазақстанда, әсіресе, біздің өңірде, бұл саланы дамытуға барлық ресурстар жетіп артылады.   Рекреациялық ресурстардан бөлек, мәдени-тарихи әлеуетіміз де бар. Оған дәлел, көне заманнан бүгінге дейін тарихи ескерткіштердің орасан зор санының жеткіліктілігінде. Өлкемізде бірнеше мемлекеттік ұлттық табиғи парктер бар.

Соның ішінде атақты Қорғалжын қорығы үш әлемдік авиобионттық көші-қон желісінің орнитологиялық орталық астанасы болып саналады. Бүгінгі таңда аталмыш қорық ЮНЕСКО-ныңДүниежүзілік табиғи мұралары тізіміне енген. Шоқанның өзі салған бірегей суреттерінің арқасында ортағасырлық Ботағай кесенесі қалпына келтірілді. Тарихи маңызы бар ескерткіш Ақмола облысы Қорғалжын ауданының аумағында орналасқан.

2018 жылы «Көкшетау – Ұлытау – Түркістан» бағытында өткен «Абылай ханның қара жолы» бірінші республикалық экспедициясының құрамына қатыстым. Экспедиция барысында көне керуен жолымен ортағасырлық Ботағайға да бардық. Ол кезде екі-үш жылдан кейін археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын.  Ортағасырлық Ботағай қалашығының орнында құйма қыш кірпіштерінің бөліктері табылды. Қазір археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Ботағай кесенесінен шамамен 120 метр жерде кірпіш дайындайтын көне қыш құю шеберханасының орны табылды. Өйткені, осы жерде қызыл балшық бар, дәл осы сазды Қорғалжыннан шыққан кезде де жолықтырған болатынбыз және осы жерде бояу дайындайтын арнайы диірмен де болған екен.

Сауда-керуен жолдары Нұра өзенінің бойымен Қорғалжын арқылы өткен болатын.  Бұл туралы ХІХ ғасырдағы дереккөздерде айтылады, соның ішінде 1871 жылғы «Түркістан жинағында» да кездеседі.

Айта кететін жайт, «Хан жолы» экпедициясы барысында ХІV ғасырдағы Ботағай қалашығының қыш құю шеберханасының бірнеше кірпіштерін артефакт ретінде Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне алып келдім. Бүгінгі таңда ол жәдігерлер ортағасырға жататын қор жинақтамасын толықтырып тұр. Көне Ботағай кешені алдағы уақытта өңірімізде туристік жобаларды іске асыру мысалдарының бірі бола алады.

Көкшетау аймағы ежелден бері белгілі. Ортағасыр дәуірінен бізге дейін көптеген көне топонимдер сақталып жеткен, олардың ішіндегі ең маңыздысы – «Көкшетау» топонимі. Соның жарқын айғақтарының бірі ортағасырлық Еуразияның орасан зор кеңістігінде мекен еткен Ұлы Дала өркениетінің түркі ұрпақтарына арналған Кетбұға жыраудың «Сақ болғын, ұрпағым, сақ болғын!» шығармасы. Кетбұға жыраудың (1185-1260) шығармасының ерекшелігі «Көкшетау» сөзінен басталуында! Бұл шығармада ортағасырлық автор Ұлы Дала Елінің болашағын өзінше түсіндіреді және ұрпақтарын адамзат тарихының ағымында сақ болуға шақырады.

«Көкшетауды селдер жуса, көркі кетер, сақ болғын,

Көсемдерің елді алдаса, көш бұзылар, сақ болғын…

Ынтымақсыз болған елден ырыс кетер, сақ болғын.

Бірлігі жоқ Алашымнан Қыдыр кетер, сақ болғын…»

Көкшетаудың ортағасырлық тарихына келетін болсақ, географиялық тұрғыдан оған ежелгі Қаратал қаласы да жатады. Ол жер қазіргі Біржан сал ауданындағы Қараталауылы мен Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында орналасқан Береке ауылдары. Дәл осы жерде Көкшетау тарихи-географиялық аймағының аумағында алтынордалық кезеңнің хан кешені – «Қызылоба» кесенесінің сенсациялық ашылуы болды. Қазақстандық және шетелдік ғалымдар археологиялық зерттеулер жүргізіп, жаңалықтар ашуда. Мұнда ежелгі Сақ өркениеті, Ұлы Түркі, алтынордалық «Ұлық Ұлыс», Қазақ хандығы  мемлекеттері  өмір сүрген.

Осылайша кейінгі ортағасырда тарихи Көкшетау Абылайдың хан ордасына айналады.Осыдан қалыптасқан атаулар: «Көкшетаудың Шалқары», «Ханның Қызылағашы», «Көкшетау көлі», «Хан көлі», «Төре Қызылағашы», «Абылай алқасы», «Сұлтан келді», «Абылайдың қара жолы»  және тағы басқалары.

Кейінгі ортағасырлық Көкшетаудан Алтын Ордаға оралсақ, осы кезеңде Қазақстанның солтүстігін білдіретін Көкшетау аймағы Сібір хандығының құрамына кірген деп айтуға болады. Бұл туралы профессор Қадіржан Әбуев өзінің «Сібір хандығы. Қазақ-орыс қарым-қатынастары» атты іргелі монографиясында жазған.

Көкшетау аймағының атауы атақты «Көкшетау» тауынан басталады. Көкшетау таулары әр түрлі көлемдегі таулар мен шоқылардың біртұтас жүйесін біріктіретіні белгілі, олардың ішіндегі ең маңызды – мың шақырымға жуық жоғарыға ұмтылған Көкше шыңы,  Көкшетау тауы.

Ақмола-Көкше өңірінің туризмі үшін қызығушылық тудыратын Алтын Орда дәуірінің тағы бір тарихи ескерткіші – Жәнібек-Шалқар кесенесі. Кесене XV ғасырда Жәнібек сұлтанның құрметіне тұрғызылған. Ортағасырдағы сәулетті құрылыстың Ақмола-Көкше өңірінің таулы-қыратты жеріне салынуы Жеркіндігін анықтағандай. 50 мың кірпіштен салынған бұл құрылыс сегіз ұшты оюмен өрнектелеген. Өрнекпен әшекейленген күйдірілген саз кірпіштері. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы Дала тарихы» атты экспозициясында тұр. Келушілерге ұсынылған бұл жәдігерлерде Қазақ мемлекеттігінің қайталанбас ізі бар.

Жоғарыда аталған зерттеудің қорытындысы бойынша белгілі ғалым, К.А.Ақышев атындағы ғылыми-зерттеу археология институтының директоры М.Хабдулинаның басшылығымен «Ақмола өңірінің мәдени мұралары: жаңа зерттеулер» кітабы жарыққа шықты. Бұл жинақта Ақмола облысының мәдени мұрасы бойынша жаңа зерттеулер ұсынылған. Қазақстандық және шетелдік ғалымдардың археологиялық жоба аясындағы «Сарыарқаның киелі ландшафты» атты ұжымдық монографиясы іргелі ғылыми еңбек болып табылады. Ол 2018-2020 жылдар аралығында халықаралық жоба ретінде жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасы тарапынан жетекшісі Марал Хабдулина.  Италия тарапынан – профессор Жан Лука Бонора, сонымен қатар, Рим қаласындағы Шығыс және Жерорта теңізі зерттеулерінің Халықаралық Қауымдастығы.

Ақмола облысында 2000-ға жуық тарихи ескерткіштер бар, олардың басым көпшілігі – зираттар мен қорғандар. Туризмді дамытуға негіз бола алатын, ең ірі және жақсы сақталған киелі ескерткіштерге саяхат жасауға болады. Ол үшін инфрақұрылымды жақсарту, маршрутты, аялдамалар мен демалыс орындарын,туристерге қызығушылық танытатын қолайлы жағдайларды ұйымдастыру қажет. Бұл өте ерекше бағыт, сондықтан, мұндай бағыт ішкі туризм үшін де, шетелдік туристер үшін де тартымды болар еді.

Бүгінгі таңдағы туризм саласының өзекті мәселесі – ескерткіштерді толықтыру, қалпына келтіру, қорғау жұмыстарын қадағалау қалыс қалуда, осының салдарынан өкінішке қарай, қорғаусыз  қорғандардан сапалы туристік тартымдылықты жасау өте қиын. Осындай жобаларды іске асырудың бір мүмкіндігі өңір аумағындағы ортағасырлық Бозоқ қаласы болып табылады. Елорданың маңында орналасқан осы мекенде2018 жылдан бастап  туристік көрікті жерлердің құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Еуразияның кең даласындағы Бозоқ бірегей археологиялық нысаны   өткен ғасырлардағы зерттеушілердің деректерінде кездескенмен, бертінге дейін ғылыми тұрғыдан терең зерттелмеген. Есіл археологиялық экспедициясының жетекшісі М.Қ.Хабдулинаның айтуынша, бұл Еуразияның далалық аймағындағы қалашықтың жоспарлы құрылымының бірегей үлгісі. Бозоқ қалашығы Сарыарқаның орталығында орналасқан. Есілдің бойымен Сібірге дейін жылжуға болады. Бозоқ қалашығы көпқабатты  археологиялық ескерткіш болып саналады. Елді мекеннің дәуірлеген және мәдени-саяси гүлденген кезі X-XIІ ғасырлар. XIII ғасырда қала қираған немесе тұрғындар оны тастап кеткен болуы керек.

Қазіргі таңда Бозоқ кешенінің туристік жобасын іске асыру қолға алынуда. Авторлар мұнда ежелгі қазақ халқының  ұлттық тұрмыс-тіршілігін көрсетуді жоспарлап отыр.

Көкшетау мен Ақмола облысының аумағында палеолит дәуірінен бастап мемлекеттің құрылуы мен өркениетті қоғамның дамуы кезеңіне дейінгі тарихи-мәдени мұра нысандары көптеп саналады.

Жалпы біздің Ақмола – Көкшетау аймағы тарихи-мәдени туризмді дамытуда Қазақстанда көшбасшы орындардың  бірегейі болып саналатын, болашағы орасан зор туризм бағытының бір ірі саласы. Оның еліміздің мәдени дамуының шоқтығын көтеруде ықпалы зор. Бұл саланы дамыту болашаққа жетекші туристік салалардың басты бағытының біріне айналатынына сенімдіміз.

Бибігүл БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану  музейінің аға ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар