Арманы асқақ ауыл мұғалімі

Әркімнің бақыт формуласы әртүрлі. Біреу әрбір сәтті бақытқа баласа, кейбіреулер үшін бақыт табанды еңбекпен сабақтас. Целиноград ауданының Төңкеріс ауылында тұратын, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сәлима Сартаева болса, кез-келген істе адам баласы өз ісіне сүйіспеншілікпен қарауы керек деп санайды, күн сайын өз-өзін жетілдіре білсе, осының өзін бақыттың бастауы  десе болады дейді ол. Адамның өз-өзіне көңілі толып,  өзара  ішкі үндестік болған жағдайда, ол міндетті түрде өзін бақытты сезінеді. Ал, өзін бақытты сезінген жан  жан-жағындағыларды да бақытқа бөлейтіні бар.

«Ғұмыр жолымды ұрпақ тәрбиесімен сабақтастырып жүргенімді Алланың берген бақыты деп білемін», – деп бастады әңгімесін Сәлима Мұратқызы.

– Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезде болашақ мамандығым туралы анаммен ақылдасқан болатынмын. Алғашқыда медбике болсам ба деген де ой болған. Бірақ, анам педагогтік қызмет туралы ойланып көруімді сұрады. Ананың сөзін жерге тастамай өскен балалардың қатарынанмын. Сол сәттен бастап, мұғалімдік қызмет туралы ойлана бастадым. Оқушы кезімненмаған ағылшын тілі қатты ұнайтын. Сол пәннен сабақ беретін мұғалім өз сабақтарын өте қызықты өткізетін. Өзге тілге деген қызығушылығым осы сәттен бастап оянған. Мен де осындай мұғалім болуды армандай бастадым. Шын мәнінде болашаққа жол ашатын адамның арман, қиялы екен. Ойға алсаң, орындалмайтын арман жоқ. Адамның мүмкіндігі шексіз ғой. Тек ынта болса, болғаны…»

Осылайша Сәлима Сартаева Астана қаласының гуманитарлық колледжінің студенті атанды. Ордалыоқу орнының студенті атану даоңай болған жоқ. Бірақ,мақсаты айқын  Сәлима алған бағытынан таймауға бел буды. Күні бойы сабақ оқып, дайындық курстарына да барып, емтиханға дайындалып, сөйтіп, арманына қол жеткізді.

Сәлима колледжде оқып жүргенде педагогикалық оқу тәжірибесін өзінің туған ауылындағы мектепте өткізді. Өткізген әрбір сабақтан түйгені, ол бұл мамандыққа кездейсоқ келмеген. Оқушылардың көңілі үшін алаңдап, олармен ортақ тіл табысуға тырысатындығы, әр сабаққа дайындалған сәтте ерекше толқыныста болатындығы, қайтсем балалардың зердесін ашсам, ынтасын оятсам деген мақсатты көздейтіндігі, бәрі-бәрі оның жүрек қалауымен жасалып жатқандығының өзі оны өз ісінің шебері болатындығын айқындап тұрғанын байқатқандай еді. Оқу тәжірибесі аяқталған күні Сәлиманы мектеп директоры шақырып алып, оқуды тәмамдаған соң, бізге жұмысқа келіңіз деп шақырды.

2018 жылы Сәлима Сартаева Төңкеріс ауылындағы жалпы білім беретін мектептің табалдырығын мұғалім болып аттады. Бастапқы кезде мұғалімге бастауыш мектепте ағылшын тілі сабақтарын оқыту жүктелді, сонымен қатар, бесінші сыныптың жетекшілігі де қоса тапсырылды.

Сәлима Мұратқызы әр сабақты қызықты әрі танымды етуге тырысады. Жұмыста ол интернет-технологияларды өзі қолданады, ал, аға әріптестеріне компьютерлік бағдарламалардың өзгермелі әлемін түсінуге көмектеседі. Сабаққа дайындық кезінде ол ойын әдістері мен бәсекелестік элементтерін мұқият таңдайды. «Ойын арқылы балаларға жаңа ілімді үйрету оңайырақ. Әсіресе,  бастауыш сынып оқушылары жаңа тақырыпты ойын арқылы тез қабылдап үйренеді. Егер сабақ қызықты өтсе, онда тақырып  та есте қалады»,  –  дейді ол.

Жас маман курстар мен кәсіби біліктілікті шыңдайтын білім жарыстарына жиі қатысып тұрады. Сәлима Мұратқызы оларды педагогикалық шеберліктің шыңына бастайтын құтты қадам деп санайды. Ол бізбен болған сұхбат барысында мектептің ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі меңгерушісі «Жас ұстаз» байқауына қатысуды ұсынған кезде бірден келіскендігін баса айтты. «Мен портфолио жинадым, өз жұмысым туралы бейнеролик жасадым. Осы жұмысқа ден қойған сәтте,  тіпті, жүлделі орынға ие бола аламын деген ой болған жоқ. Бар мақсатым, өз жұмысымды лайықты түрде ұсынғым келді. Мені бүкіл ұжым және біздің директорымыз Асылхан Төлегенұлы қолдады. Ал, сайтта менің кандидатурама дауыс беру қажет болғанда бүкіл ауыл қосылды», – деп еске алады С.Сартаева.

Сәлима Мұратқызы бірінші орынды иеленгені туралы мектеп желісінде біліп, оқушылармен бірден жақсы жаңалықпен бөліссе керек. Жақсы жаңалықты естіген оқушылары сүйікті мұғалімінің жеңісіне бүкіл сынып болып қуанып, қошемет көрсеткен көрінеді. Иә, жалғанда ұстаз үшін оқушының қошамет, құрметінен асқан марапат жоқ-ау, сірә!

– Біз заманауи жабдықталған мектепте жұмыс істейміз, өнегелі педагогикалық ұжымда қызмет етіп жатырмын. Ұжымға үйренгенім соншалық, оқушыларымды бір сәт көрмесем алаңдап тұратын болдым. Олармен бірге өзім де есейіп, оларға қорған болуды үйреніп келемін. Бұл менің  сынып жетекшісі болғаналғашқысыныбым. Біздің сыныптың балалары шетінен өнерпаз, білімді әрі өте  белсенді, іс-шаралар мен конкурстарға қатысуды жақсы көреді. Қыздар биге құмар. Аудандық «Бір шаңырақ астында» байқауында біз молдаван халқының дәстүрлері мен тағамдарын таныстырдық, би биледік. Балалар қатысқаны үшін марапатқа ие болып, «Үздік би» номинациясын жеңіп алды. Біз қандай істі бастасақ та, әрқашан біргеміз, бір-бірімізге қолдау көрсетеміз.

Пән мұғалімі ретінде де Сәлима Мұратқызының жетістіктері біршама. Мәселен, республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде 5-6 сынып оқушылары арасында Дінмұхамед Жүсіпбек пен Асылжан Махметова ағылшын тілі бойынша үздіктер қатарынан көрінді, 4 сынып оқушысы Мерей Мұхтар аудандық «Art and creativity» байқауының дипломын алды.

Сәлима Сартаева қолы қалт ете қалса, спортзалда жаттығулар жасауды жөн көреді. Кешке мектеп мұғалімдері волейбол ойнауға жиналады. Мұғалімдер командасы көрші ауылдарға әріптестерімен жолдастық кездесулерге бірнеше рет барды.

Оның болашаққа құрған жоспарлары да жарқын.  Ол алдағы уақытта бастауыш сынып оқушыларына ағылшын тілінің негіздерін ойдағыдай меңгеруге көмектесетін авторлық қосымшаны жасағысы келеді.

Ауылда еңбек етіп, ұстаздық өмірін шыңдап жүрген  жас маманға сәттілік тілеймізбіз де!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар