Жолдардың сапасыз салынуы мен тозуының себептері көп

Өткен жылы Ақмола облысында автожолдардың сапасы бойынша 920-дан астам бұзушылықтар мен ақаулар анықталған. Жол-құрылыс материалдарының мыңға жуық үлгісі сынақ зертханасында сараптамадан өтті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Ақмола облыстық филиалының директоры Талғат Қайратхан баяндады.

Автожолдардың сапасы мен салынуы қалың бұқараны алаңдатпай қоймайтыны рас. Өткен жылы жол салуға және жөндеуге 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Облыс тұрғындары тарапынан жолдардың жай-күйі, ақаулардың бар-жоғы бойынша жауапты органдарға шағымдар мен өтініштер жиі келіп түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де елімізде салынып жатқан жолдардың сапасына ерекше назар аударды. Ұлттық орталықтың Ақмола облыстық филиалында былтыр барлық жол-құрылыс нысандарына тексеру жұмыстары жүргізіліп, жол-құрылыс материалдарының сынамалары, зертханалық сынақтары алынды. Нәтижесінде автожолдардың сапасын қамтамасыз ету бойынша барлық тиісті шаралар қабылданды.

–Жол-құрылыс нысандарына 260-қа жуық инспекциялық тексеру жүргізілді. Сынақ зертханамызға мыңнан астам жол-құрылыс материалдарының сынамаларын алдық, олардың 550-ге жуығы сапа талаптарына сай болып шықты. Жыл ішінде 920-ға жуық бұзушылық мен ақау анықталды және олардың жойылып, кемшіліктердің түзетілуіне күш салынды, – деп түсіндірді филиал директоры.

Мамандардың айтуынша, ауыр жүк көлігі мәселесі өңірде өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Облыстың автожолдарында олардың бақылаусыз жүруіне байланысты жол жабыны, оның ішінде жөнделгені  де тез жарамсыз болып қала береді. Бұл ретте филиал көліктік бақылаудың облыстық аумақтық инспекциясымен бірлесіп тексеру жүргізіп, ауыр жүктердің қозғалысын бақылауды жүзеге асырады және жүк көліктерінің белдіктерінде рұқсат етілген шекті нормадан жоғары жүктеме болмауын қадағалайды.

–Автожолдардың кейбір учаскелерінде жол белгілерінің болмауы, жарық  торларының бұзылуы, шұңқырлар сынды ақаулар анықталып жатады.  Бұлардың пайда болуының негізгі себебі, ауыр жүк көліктерінің қозғалысы, шамадан тыс жүктеме, үлкен габаритті жүктерді тасымалдау талаптарын сақтамау. Сондықтан, жүргізушілерді мұндай жүктерді тасымалдаудың барлық ережелерін сақтауға шақырғым келеді, – деп атап өтті Талғат Қайратхан.

Филиал қызметінің басым бағыттарының бірі – қысқы-көктемгі кезеңде автожолдардың сапасын бақылау. Инженерлердің айтуынша, жол қауіпсіздігі мен асфальтбетон төсемінің жағдайы бұған тікелей байланысты.

–Біз автожол учаскелеріне үнемі шығып тұрамыз. Жол ұйымдарының көктайғаққа қарсы материалды қалай төгетінін, техниканың қалай жұмыс істейтінін, тазалау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын, жол және ескерту белгілері қалай орнатылғанын тексереміз. Бұл тұста барлық жұмыстардың жеделділігі мен жүйелілігі аса маңызды. Тиісті жағдайда автожолдар бойында, әсіресе, автожолдардың қатты тозатын учаскелерінде қар ұстайтын қоршаулар болуы тиіс. Барлық тармақтарды сақтау өте маңызды, жол қозғалысы қауіпсіздігі осыған да  байланысты. Жыл басынан бері біз автожолдарды қысқы күтіп ұстау кезінде 20-дан астам ақауларды анықтадық, – деп атап өтті одан әрі Талғат Қайратхан.

–Біздің жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі – басқа ведомстволармен және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау. Біз көлік прокуратурасымен, полиция департаментімен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, іссапарларға шығамыз, мониторингтер жүргізіп, проблемалық мәселелерді шешеміз, –деп  толықтырды спикер.

Брифингте автожолдар саласының проблемалық мәселелері де қозғалды. Сапасыз жолдардың негізгі себептері мердігерлердің жауапсыздығы, техникалық қадағалау тарапынан жұмыстың жеткіліксіздігі, сапасыз материалдар десек артық емес. Жол-құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасына жанар-жағармай материалдарының маусымдық қымбаттауы және битум тапшылығы да әсер етпей қоймауда. Бірақ, басты мәселеавтомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде сапа талаптары мен стандарттарын әрдайым сақтай бермейтін жөн-жосықсыз мердігерлер.

«Көлік туралы» заң жобасы шеңберінде орындалатын жұмыстардың сапасын бақылауды арттыру мақсатында кепілдік кезеңінде мердігер ұйымдармен тең дәрежеде авторлық және техникалық қадағалаудың ортақ жауапкершілігін енгізуді, сондай-ақ, жол активтері сапасының ұлттық орталығына көше-жол желісінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу бойынша өкілеттіктер беруді көздейтін түзетулер енгізілуде. Бұдан басқа, жолдардың сапасын қамтамасыз ету үшін мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілерді қайта өңдеу жүргізіліп жатыр және әкімдердің жол сапасы бойынша рейтингін түзу әдістемесі әзірленді.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар