Жеті жылдан бері… бітпеген мектеп!

Ел бойынша сақалды құрылыстар арасында жарыс өткізілсе, облыс орталығындағы Құлагер шағын ауданындағы орта мектептің құрылысы бәйгесін шаппай алар еді. Алғашқы қазығы қағылғалы аттай желіп жеті жыл өтті. Бюджеттің миллиардтаған қаражатын жұтып жатса да, жұмысы бітетін емес. 

Шағын аудан тұрғындарының дені ауылдан көшіп келгендер. Осы ауданнан жер телімі бөлініп, қоныстанған. Жеті жыл бұрын орта мектеп салынады деген сүйінішті хабар тарағанда, тәмам жұрт жерден жеті қоян тауып алғандай  қуанған-тұғын. Оған себеп те бар. Шағын ауданның оқушыларының біразы Краснояр селосындағы мектептерге, қалғаны облыс орталығындағы білім ошақтарына қатынап оқитын. Қатынау да оңай емес. Әсіресе, қыстың көзі қырауда. Айталық, Краснояр селосынан шығатын автобустар таңертең лық толып келеді де, аялдамаға тоқтамай кетеді. Сақылдаған  сары аязға жол тосу оңай ма?

Үш қабатты, 410 орындық білім ошағының құрылысын сонау 2016 жылдың күзінде «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» мердігер компаниясы бастап кетті.  Балаларының оқуына алаңдаған ата-аналар құрылыс жұмысы 2017 жылы бітіп, пайдалануға беріледі деген қала басшыларының сертке бергісіз сөзін естіп, бөріктерін аспанға атты. Алғашқы жоба бойынша бұл ғимаратта 234 орындық мектеп пен 86 орындық бала бақша ашылуға тиіс болатын. Республикалық және облыстық бюджеттен аталмыш құрылысқа қарастырылған 975 миллион теңге 2016 жылы бөлінген. Мердігер компанияның қолына осы қаржының 50 миллионы ғана тиіпті. Конкурсты жеңіп алған компания өз қаражаты есебінен аумағы атшаптырым ғимараттың іргетасын қалай бастаған. Алайда, асығыс, мүлде сапасыз қаланған іргетас сол жылдың өзінде-ақ опырыла құлап түсіпті. Сол сапасыз ғимараттың үстіне үш қабатты мектеп үйі салынғанда не болар еді деп жұрт әлі күнге дейін жағасын ұстайды. Кейін құрылыс жұмыстары мүлде тоқтады. Шағын аудан тұрғындарының ішінен белсеніп шыққан азаматтар қалалық әкімдіктің табалдырығын тоздырды.

–Бұл не қылған бітпейтін құрылыс екенін әлі күнге дейін түсіне алмай жүрміз, – дейді шағын аудан тұрғыны Есенбай Қонысбаев, – осы мектепке барады деген балаларымыз мектеп тұрмақ жоғары оқу орнын да аяқтады. Енді немерелерімізді апарамыз ба деген үміт бар.

Іргетасы қаланғалы мектеп құрылысына бірнеше мәрте түзету енгізілген. Әуел баста пысықталмағаннан кейін жол-жөнекей қосылған түзетулер де қол байлайды. Арада жылдар өткен соң құрылысқа қажетті заттардың бағасы да өзгеретіні заңды. Жобалық-сметалық құны да әлденеше есе өсіп шарықтап кеткен. 2018 жылдың қысында мердігер компания жобалаушының жол-жөнекей айтылған ұсыныстарына құлақ асып, опырыла құлаған іргетасты бұзып, астыңғы топырағын тығыздап, нығайтып, қайта салмақ болған. Өкінішке орай, жығылған жұдырық дегендей, «Барыс Строй  проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасаған жоба тағы да дұрыс болмай шыққан. Екінші қайта салынған іргетас та шетінен ыдырай сөгіліп, қарадан қарап тұрып құлап қалған. Амал жоқ, қосымша мемлекеттік сараптама өткізу үшін 3,2 миллион теңге қаражат бөлініп, іргетасты нығайту үшін жанына темір қада қағамыз деген шешім қабылданған. Ол қаданың қаншалықты қауқарлы болары бір жаратқанға аян. Өзегі темір болғанымен, салмағы әлденеше тонна болатын үш қабатты ғимаратты көтеріп тұруға қауметі жете ме, жоқ па ол жағы белгісіз. Ал, мектепте күні ертең мыңдаған бала оқитынын ескерсек, айтып келер қауіп-қатердің қабырғаның сыртынан сығалап тұрғандығын көруге болады.  Темір қадаға да қыруар қаражат жұмсалған. Осылайша мектеп құрылысы басталмай жатып бірнеше мәрте іркіліп, құрылыс жұмыстары сағыздай созылып, кешеуілдей берді.

Бюджеттің 1 миллиард теңгеден астам қаражатын жұтқан мектеп 2020 жылдың 25 желтоқсандағы облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасымен Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің есебіне алынып, құрылыс басқармасына берілетін болған. Әйтсе де, екі мекеме арасындағы қабылдау мен тапсыру жұмысы 2021 жылдың мамыр айына дейін жалғасыпты. Шағын аудан тұрғындарының арыз-шағымына орай келген жауапта ғимарат құрылысы жыл соңына дейін тапсырылады деп айқын көрсетілген.

Облыстық құрылыс басқармасы мердігер «Никс Инжиниринг Групп ИВ» компаниясына мемлекеттік сатып алу туралы №139 келісім-шарт міндеттемелерін уақытында орындамауына байланысты облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріпті. Мердігер компания өз кезегінде қаржының уақытында бөлінбеуіне байланысты құрылыс жұмыстары тоқырап, өздерінің 84 миллион теңгесін артық шығындағандарын айтып, алақандарын жайып отыр.

–Құрылыс жұмыстарын 2016 жылдың қазан айында бастадық. Қаражат түспегендіктен жұмысты өз есебімізден жүргіздік. Жобалаушы авторлық құқығынан бас тартып, 2017 жылы бұл жобаны тастап кетті. 2018 жылы тағы да өз қаражатымызбен жобалаушы таптық. Жаңадан іргетасы көтеріле бастады. 2018 жылғы бағамен 84 миллион теңгеге шығындалдық. Алғашқы жоба 2014 жылы жасалған. 2020 жылдың күзінде жобалық-сметалық құжат қайта жасалды. Қыста жылу қазандығын іске қостық. Бір айда 20 тоннаға жуық жанар май жақтық. Екі ай от жағып шығындалдық. Сайып келгенде, қаражаттың уақытылы бөлінбеуі себепші болып отыр, – дейді мердігер компания директоры Владимир Пинчук.

Білім ошағының құрылысына жеті жыл ішінде 1 миллиард 600 миллион теңге қаражат бөлініпті. Әйтсе де, ішкі-сыртқы әрлеу, абаттандыру жұмыстары жүргізілген жоқ. Бір түсініксізі, жобада көрсетілмеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айталық, сыртқы футбол алаңына арнайы жамылғы  төселмек. Қазір көзі қарақты жергілікті жұрт осы ғимараттың мектеп болатындығына күмәнді. Уақытында шатыры жабылмағандықтан, жаңбыр  суы кірпіштерге сіңіп кетті. Су сіңді кірпіш сақылдаған сары аязда жарылып кетеді. Су тарту жұмыстары да кезегін күтіп тұр.

Несін айтасыз, бақылаусыз, қараусыз бейберекет жұмсалған бюджеттің қаншама қаражаты құмға сіңген судай жоғалар түрі бар. Қазір шағын ауданнан өтіп бара жатқанда қарауытып көзге түсетін жартылай біткен жартыкеш білім ошағы біздің өлкедегі берекесіздікті көзге шұқып көрсететін ескерткіш іспетті.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар