Тектінің алмас тұяғы
Сіз мына аңсарлы да арманды дүниеге, кейде өрлі де дана, кейде өкпешіл бала, кейде қарлы кейде қарсыз, кейде жайсаң, кейде тарпаң, кейде мұңды, кейде даулы, кейде ашық, кейде ғашық, кейде шөл, кейде көл, кейде ызғар, кейде аптап, кейде сүріндірер, кейде сүйіндірер, кейде күйіндірер, кейде бір күлімдер Көкшетаудай қасиетті елге керексіз, Шияп аға!
Әр адамның өмірі де, өзі де тарих! Сол тарихтың бүгінгі бір кейіпкері бола білудің өзі де бір арман. Және де сол тарихта жағымды да жағымсыз кейіпкерге де орын бар. Алайда көне тарихтың жағымды кейіпкері болу үшін де тектілік керек. Адам баласының тектілігінің тереңінен тартар тамыры қашан болсын суалмасын деңіз.
Қай заманда болмасын тектілерге қарсы тексіздер қыр көрсетіп баққан. Тектілер олардың бұл әрекеттерін жетесіздік, санасыздық деп білсе, тексіздер өз жетесіздіктері мен санасыздықтарын өз «ерліктері» деп масайраған да талай бір. Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік жүйе де тектілермен тіресе келді де, халқымыздың текті ұрпақтарын қынадай қырды. Бұл жүйе де «құм жиналып тас болмас, құл жиналып бас болмас» деген қазақтың қарапайым бір қағидасын ескермеді. Сол болды! Бұған бүгінгі тарих куә!
Байсалды әрі сабырлы қалпынан бір танбайтын жан иесі Шияп Шәрапұлы Әлиевті көрген сайын мені осы бір ойлардың еріксіз билеп алатыны бар. Жүрісінен де, ісінен де, кісілігінен де тектілік аңғарылар Шияп ағаммен жас аралығымыз да он жылдың ар жақ-бер жағы болғаннан кейін бе екен, жоқ әлде әр салада қызмет жасағандықтан ба екен аралас құраластығымыз тығыз болмаса да, бір-бірімізге деген сыйластығымыз, тілектестегіміз, былайша айтқанда көңіл түпкірінен шығып тұратыны бар.
Ол қашан болсын аға болып үлкендігін, мен кіші болып інілік ниетімізбен табысып, шұрқырасып жатамыз. Былайша айтқанда үлкенге аға, кішіге іні бола білу де, сол қасиетіңмен өмір сүре де білу асыл қасиеттердің бірі. Өйткені, бұл қасиет қазіргілердің көбісінің бойынан табыла да бермейтін болып барады. Әуелі өздері үлкендік пен ірілік, кісілік таныта алмай, тек қана өздерін ғана сыйлап, өздерін ғана дәріптеуге бой алдырып, өздері ғана өмір сүргісі келетін және де өкшелерін басып келе жатқан өздерінен кейінгі буынмен алыса кетер тексіздіктен ада менің Шияп ағам!
Жүзіндегі жылылық, жанының тазалығы мен адалдығы осы бір жан иесінің риясыз күлгенінен-ақ аңғарылып тұрары бар. Елдің үлкені деп Шапай ағамды алға салып ағалап, өзінің досы Мағауды құрдасым деп ардақтап отырар қасиетін көбірек байқаймын. Соны байқаймын да және де бірде бір жан баласы жайлы жаман сөз айтып, біреуді ғайбаттаудан өз бойын таза ұстап келе жатқан Шияп ағамды мен осы қасиеттері үшін ардақ тұтамын, бек сыйлаймын.
Елімнің жақсысын асырып, жаманын жасырып жүрген, ағаларына қолын қусырып тұрар, інілеріне тілектес болып отырар, көмек пен қолдау керек болса жасының үлкендігіне де, лауазымының биіктігіне де қарамай, жүрегін ала жүгірер, қашан болсын бір дауыс көтеруді білмейтін жүрегіндегі имандылығымен де, жер қозғалса қозғалмайтын сабырлылығымен де қымбат маған Шияп ағам!
Жақсысын ардақтар, жайсаңын алқалар, ұланды ұлын ұлықтар, абзалын абырой тұтар, кемелді ұлын кемеңгерім деп тани алар және тектісін өзекке теппес ел болса, менің Шияп ағам өзінің жақсылығымен де, жайсаңдығымен де, ұландылығымен де, кемелділігімен де, тектілігімен де, адами бар қасиетімен де осы бір қалыпқа әбден сыйып тұр. Арғы тегі елі мен жеріне пана да, қорған да, қорғаушы да бола білген қазақтың Ақан батырынан тартпаса, менің Шияп ағам да сол батыр бабасындай Көкшетаудан облыс орталығы мәртебесі кеткен тұста білек сыбана топтың алдына қол бастап шығар ма еді?! Ағамның бойындағы тектілік міне, осы тұста бір қылаң берді де, онан кейін бүкіл Көкшетау дуанын ислам дінінде болдырған, имандылыққа ұйытқан, салауат айтып, соңынан өсиет қалдырған жарықтық Науан Хазірет, Наурызбай Таласұлына барып сол тектіліктің бір тамыры жалғанғаны болмаса менің Шияп ағам сол тұста тағы да сабырынан жазбай, ақылынан танбай, кеуделеп кердеңдемей, дарақыланып дараланбай, өзін де, елді де арандамай, қостағандарды топтастыра жүріп, қосылмағандарды ғайбаттамай-ақ, мен соны істедім деп өңеш жыртып, айғайламай-ақ Көкшенің үні бола білді, елдіктің туын көтеріп алға шықты, елде ер бар екендігін, ерге ел қажет екендігін жеткізе де, айта да білді менің Шияп ағам!
Ішек-қарнымыз араласып кетті дейтіндей өзге бір араластығымыз болмаса да, өз басым Шияп ағамның өзіме деген әлдебір жан жылуы мен жүрек сыйластығын әрдайым сезіп келемін. 2007-ші жылы Шияп ағам туған өңір, бұрынғы Көкшетау ауданының біраз ауылдарының таңдауына, Ақмола облыстық мәслихатына бірнеше үміткер депутаттыққа түскен тұста жанымнан табылып, тілекшім де болып, өзін сыйлай білетін еліне мен жайында жақсы сөзін айта жүргендігі де тектілігі мен көргенділігі, азаматтығы мен ағалығы еді! Бұл Шияп ағамның жасының ғана үлкендігі емес, бұл оның жан дүниесінің де, бітім-болмысы мен жаратылысының да, жүрегінің де, ниетінің де, адами қасиетінің де Үлкендігі еді!
Асылында сатуы да бұлдауы да жоқ, өтеуі де сұрауы да жоқ осы бір екеуара аға мен іні аралығындағы үнсіз осы бір тәтті сыйластығымыз да, бір-бірімізді арадағы жаман айтылар сөзге қимастығымыз да Шияп аға, маған аса қымбат! Бәлкім, екеуарадағы бұл сыйластық пен қимастықты сіздің атаңыз Науан Хазірет пен менің атам Бабаназар қажы Жаңабатырұлы кейінгі ұрпақтарына дарыса екен, солар жалғастырса екен деп, дұға қылып бір Алладан сұрап та, тілеп те кеткен болар. Ендеше, сол бабалар тілегін Тәңір иесі қабыл қылған ғой деп біз де бүгінгі күнімізге шүкіршілік қылайық, Шияп аға!
Е, не көрмеді біздің әулеттің ұрпақтары?! Науан Хазірет бабамыз жиырмасыншы ғасырдың басында орыс патшасының Көкшетау дуанының қазақтарын шоқындыруға ашық әрекет жасап, сол тұстағы діни шараларға тыйым салып, медреселерді жаппай жаба бастаған саясатына ашық қарсы тұрды да, ақырында Сібірге жер аударылды. Менің атам Бабаназар қажы ақ патшаның алдына барып, арызданып, Науан Хазіреттің соңынан барып ит жеккен жер дейтін Иркутскіден елге аман сау алып қайтты.
Бұл жайында жазушы ағамыз Сарбас Ақтаев өзінің Науан Хазірет жайындағы зерттеу еңбегінде дәлелді айта білді. Және де бұған менің қолымдағы Омбыдағы Дала Генерал-Губернаторының кеңсесінен орыс патшасы Николай ІІ-шіге 1903 жылдың 9 қараша айында түскен және тіркелген мына бір анықтама айғақ болары да анық. «Аса мәртебелім! Сізге қырғыздар Бабаназар Жаңабатыров пен Әбутәліп Бакизиннің және де басқалардың жергілікті әкімшіліктің құзырымен жабылған медресені ашу және Сібірге жер аударылған молла Таласовты босатып, қайтару жөніндегі Ақмола облыстық Әскери Губернаторының аса маңызды істер жөніндегі шенеунігі Яхонтовтың, мұсылмандармен хат алысып, хат алмасушы ісінің меңгерушісі Генерал-Майор Романовтың айғақтары мен түсініктері бойынша бар жағдайды тікелей өзіңізге жеткізуді ұйғарып отырмын»,–деп қол қойылған тарихи құжат сол біздің бабаларымыздың бірін бірі аса қадыр тұтып, бірінің қасиетін бірі тани білгендігі болар деп ойлаймын.
Е, не болмады дейсіз онан кейінгі замана тіршілігінде?! «Бабаназар қажы ақ патшаға барған, патшадан сыйлыққа оқалы шапан, алтын сағат алған»,-деп Кеңес өкіметін орнатушы жарлы-жақыбайлар мен тексіздер аты мен атағынан, дәулеті мен әулетінен ат үркетін қажы атамды жағадан алған, кәмпескенің қара тізіміне тіркеген. Өз ұрпақтарын қызылдардың қырып жіберуінен сақтап қалу үшін менің қажы атам бір түнде бар ағайындарымен, бар бала шағасымен іш жаққа, үлкендеріміз «Себкрай» деп отырар Сібірге қашып кетіп, жан сақтауға да мәжбүр болып еді. Қажы атам, жатқан жері жарық болсын, солай жасамағанда сол қасиетті атаның бір ұрпағы біз де бүгінгі тіршіліктің сәулесін көріп, мына қара жерді басып жүрер ме едік?! Е, Алла тәубе, тәубе!..
Міне, Шияп аға мен біздің арамызда осы бір қасиетті де аруақты бабалар салып кеткен сыйластықтың нәзік те киелі көпірі бар. Ғасырлардың талай бір тас атқан тасасында қалып қоймай, аумалы-төкпелі небір заманалардың боқтығына да көміліп қалмай, жылдардың жын аралас жуындысымен бірге төгіліп те қалмай, өз тектіліктерімен табан тіреп өткен кезеңдерден де біздің бабаларымыз Науан Хазірет пен Бабаназар қажы да үн қатып тұр! Бұл ел тәуелсіздігінің құдіретті сыйы еді бізге бұйырған! Тағы да текті бабаларымыздың туын жықпай, кіндігін үзіп алмай, атаусыз қалып бара жатқан аттарын шығарып, ең бастысы, сол аруақты бабаларымыздың текті тамырларынан бойымызға дарыған абзал қасиеттерін өз хал-қадірімізше алып келе жатқандығымыз бар.
Шияп ағамның бойындағы өзім танып біліп жүрген бар қасиеттері, тектілігі менің аузыма осы сөздерді салды. Мына дүние жақсылар мен жақсылықты аңсап, жер бауырлап ыңырсып жатыр, Шияп аға!
Сіз мына аңсарлы да арманды дүниеге, кейде өрлі де дана, кейде өкпешіл бала, кейде қарлы кейде қарсыз, кейде жайсаң, кейде тарпаң, кейде мұңды, кейде даулы, кейде ашық, кейде ғашық, кейде шөл, кейде көл, кейде ызғар, кейде аптап, кейде сүріндірер, кейде сүйіндірер, кейде күйіндірер, кейде бір күлімдер Көкшетаудай қасиетті елге керексіз, Шияп аға!
«Маңдайымнан сыйпаған бір жан болса, енді қалған өмірімді қияр едім», – деген ақын Мұқағалидың мұңымен өмір кешіп, сыртта саяқ жүрген маған керексіз Шияп аға! Жасай беріңіз!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
АСТАНА.
(Бұл эссе Шияп Әлиевтің «Өмір өрнектері» атты кітабы үшін 2013 жылы алғысөз ретінде жазылды.)
Қазақтың арлы азаматы
Арқаның Есіл-Көкше өңіріне көптен танымал көне көз, қазыналы қарттардің бірі – Әлиев Шияп Шәрапұлы екендігі даусыз. Осы өмірде көргені де түйгені көп Шияп ағаның айтары да көп. Арғы тегінен дарыған тектілік байқалады. Нені айтса да тереңнен қозғап, жан-жағын қамтып, көсіп-көсіп сөйлеп, тыңдаушысын еріксіз өзіне қаратар қасиеті мол. Ойы бүкпесіз, тілі жатық. Арғы-бергі тарихтан да сыр ақтарып, Көкше өңірінде өмір сүрген атақты адамдар жайында былайғы жұрт біле бермейтін көп жайдан хабардар етер еді. Мен оны өз басым талай әңгімелескенде байқадым.
Сөз басында Шияп Шәрапұлының өскен жері мен ортасынан сөз сабақтар болсақ, Қалың Қарауылдың шұңғырша бұтағынан тараған,өскензор әулеттен екен. Шияп ақсақалдың жетінші атасы Ақан батырдың қалмақпен жауласқан сонау заманда шұңғыршаның жаз жайлауына тартып алып берген жері Ащылы-Жекебояқ деген жер екен. Шұрқыраған шұңғыршаның қазық қаққан жері осыдан көп алыс емес Баратай қонысы деседі. Сексен көлі тербелген, қарағай-қайыңы ырғалған сұлу Көкшенің бір пұшпағы осында талай ұрпақ туып, өрбіп, өсіпті. Соның бірі осы Шияп аға 1943 жылдың ақпан айында ата-баба қонысында дүниеге келген екен. Ол кісінің балалық шағы сұм соғыстың зардаптарын жойған ауыр кезеңге тап келеді. Ел іші әлі де жадау, жүдеу. Соғысқа кетіп, оралмағандар қаншама. Қара жамылған отбасылары ше. Әкесі Шәрап от пен оқтың ортасында болып, майданда жараланған солдат есебінде ұзақ уақыт госпитальда емделіп, елге аман-есен оралады. Соғысқа жарамсыз мүгедекпін деп қарап қалған жоқ, тылдағы еңбекке білек сыбана кірісіпті. Ұрпақ сүйіп, ұл-қыз өсірген.
Орта мектепті ойдағыдай бітірген соң Шияп Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келеді де, Көкшетауда жаңадан ашылған педагогикалық институтқа құжаттарын тапсырады, сынақтан мүдірмей өтеді де, оқуға қабылданады. Сөйтіп студент атанады. Оқуға түскен алғашқы жылдың өзінде-ақ оқуымен, тәртібімен өзгелерден озық көрінген ол таңдалып алынған бір топ студенттермен бірге бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне өндірістік тәжірибеге жіберіледі. Бұл дегеніңіз студент Шияпқа деген үлкен сенім мен жауапкершілік болатын. Алғаш рет туған жерден шығандап шығып, ел-жер көріп, бөгде ортамен танысып, көп дүниеге көзін ашты. Осы сапар оның алдағы оқуы мен болашақ өміріне үлкен талпыныс әкеліпті. Үздік студенттер қатарында аты аталып, суреті «Құрмет тақтасында» тұрды. Оқуда алғыр болған ол институтты үздік бітіреді де, Пахарь атты ауылдағы сегіз жылдық орта мектепке жолдамамен аттанады.
Ұстаздық жолын қарапайым мұғалімнен бастаған ол көп ұзамай Көкшетау ауданының Абай орта мектебінің директоры дәрежесіне көтеріледі. Содан 1989 жылға дейін білім саласында жауапты қызметтер атқарады. Бір сөзбен айтқанда, Шияп Шәрапұлының жігерлі де қуатты шағы осы өлкенің білім саласын дамытуға кетті.
Кейіннен әр түрлі лауазымды, жауапты қызметтер атқарғанымен, Шияп Шәрапұлының төл мамандығы мұғалім, азаматтық арқауы ұстаздық еді. Міне осы тұрғыдан келгенде ол кісі бізге өзгелерден жақын, жуықтау, сырлас болып көрінеді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің түлегі екендігі тағы бар. Парасаты басым, кісілігі зор, пайымы терең Шияп аға өзі түлеп ұшқан білім ордасының қара шаңырағынан әсте қол үзген емес. Университетте ұйымдастырылған әртүрлі іс-шараларда жиі бас көрсетіп, өзінің өмірде түйген-білгенімен бөлісіп, жас буынға ақыл-кеңесін айтып отырады. Бір сөзбен айтқанда біздің университетпен тығыз қарым-қатынаста.
Шияп ағаға тән қасиеттердің бірі – азаматтық ұстанымының беріктігі, ел мен жер тағдырына келгенде бүгежектеп, тартынып қалмайтындығында. Елге танымал қаншама белгілі азаматтар мен қоғам қайраткерлерімен бірге істес болған ол кісінің өмірде ұстанған өз принциптері, айқын бағдары бар. Таласқа түскен талай мәселелердің дұрыс шешілуіне ықпал еткен арлы азаматтардың бірегейі. Арлы азаматтың бәсі қашанда жоғары, мәртебесі биік, құрметі басым. Зейнетке шыққан соң, қарабайыр әлдекімдерге ұқсап қол қусырып отырмай, қала, облыс көлеміндегі қоғамдық істерге белсене араласып, 2006 жылдан бері Көкшетау қалалық ардагерлер ұйымын басқарып келеді. Қалалық ардагерлерге қатысты түйткілді мәселелерді шешу, оларды қамқорлыққа алу, бос уақыттарын дұрыс ұйымдастырып, өткізу, азаматтық белсенділіктерін арттыру – осы Шияп ағаның мойынында десек, асыра айтқандық емес. Осы жылдар аралығында қалалық ардагерлер кеңесі есімдері елге танымал ардақты азаматтарды еске алуға, олардың ісін ұлықтауға қатысты біршама іс-шараларды өткізді. Шияп Әлиевтің бастамасымен Бәйкен Әшімов пен Мақтай Сағдиевке облыс орталығынан көрнекті көшелер берілді. Социалистік Еңбек Ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің еңселі ескерткішінің Көкшетауда бой көтеруіне де Шияп Шәрапұлының тигізген ықпалы зор. Оны ел біледі.
Жасы ілгерлесе де аттан түспей, ел абыройын асқақтатып жүрген ағамыздың кеудесінде «Құрмет», «Парасат» ордендері жарқырайды. Шияп Шәрапұлы 2015 жылы Зеренді ауданының, 2019 жылы Көкшетау қаласының құрметті азаматы атанды. Қай-қашанда кездесе қалсаң жарқын жүзімен, жылы шырайымен қарсы алатын, бүкпесіз ойын айтатын, сырын ақтаратын, елдік пен бірлікті ту еткен ардақты ағамыз 80 жастың сеңгіріне шығып отыр екен. Қайраты қайтпаған, қажыры түгесілмеген ардақты ақсақалымыз, сыйлы ағамыз Шияп Шәрапұлына әлі де ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасының амандығын тілеймін!
Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры.
Самғай бер!
(Шияп ағаның 80 жылдығына)
Адалдың аспаны әркез тұнық, анық,
Жолы да имандының шұғылалы.
Қарайды жан-жағына Шияп ағам,
Сексеннің сеңгіріне шығып алып!
Қарайды өткеніне, өткеліне,
Қарайды жоғалтқаны, жеткеніне.
Қарайды ардақтаған ұрпағына,
Қарайды қаумалаған текті еліне!
Қарайды артта қалған күресіне,
Қарайды елге қосқан үлесіне.
Түседі есіне тек жақсы жолдас,
Тойлаған жеңістерді күн есіне!
Есінде жалындаған жастығы да,
Атқарды іс мұзды жара, тасты бұза.
Тектілердің ұрпағы тайсалмады,
Адалдық, белсенділік – басты мұра!
Мінезге жас та, жол да көнеді ақыр,
Еңбегі сый-құрметке бөлеп жатыр.
Халқының жүгін бірге арқаласып,
Әлі күн ат үстінде келе жатыр!
Елді ойлаған жандардың жөні бөлек,
Олардың өмірінің мәні де ерек!
Ағаның жүрген жолы бізге өнеге,
Сөзінің бәрі мазмұн, бәрі дерек!
Аман жүрсін Аға жол бастайтұғын,
Қайда барса әдептен аспайтұғын.
Аман жүрсін арыстан айбатымен,
Жамандарды қайтарып, жасқайтұғын!
Тектілерден әлсіздік кейіндейді,
Адамды әлпештейтін пейіл дейді.
Алғыс алып, тер төккен азаматтар,
Еменнің бұтағындай иілмейді!
Сондықтан сексеніңіз серпін болсын,
Жүректе «жұртым» деген өртің болсын!
Жүзге де жеткеніңде бүгінгідей,
Жігіттің сұлтанындай көркің болсын!!!
Серік Жетпісқалиев.