Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шаруашылықтар көмектесетін ауылдардың жағдай жаман емес - АРҚА АЖАРЫ

Шаруашылықтар көмектесетін ауылдардың жағдай жаман емес

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Аршалы ауданында болған жұмыс сапары барысында Сарыоба және Бұлақсай ауылдарындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. 

Сарыоба ауылындағы №2 жалпы білім беретін мектеп ғимаратының іргетасы 1965 жылы қаланған. Мұнда екі ауысымда 133 оқушы оқиды. Мектеп директоры Гүлнәр Даированың айтуынша, серіктестікауылдағы білім беру ұйымдарын ұдайы қамқорлыққа алып, көмек көрсетіп келеді. Мәселен, 2023 жылға серіктестік қаражаты есебінен 80 миллион  теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, ауылдағы «Балапан» балабақшасы 2010 жылдан бастап бейімделген ғимаратта жұмыс істейді. Мектепке дейінгі мекемеде 38 бала тәрбиеленуде.Балабақша меңгерушісі Тыным Саттыбаева топтарды, ойын бөлмелерін аралатып, көрсетті. Шынымен де, бұл балабақшада балаларға барлық жағдайлар жасалған екен. Жайлы жиһаздар,  оқу кабинеттері, салтанат залы, тағы басқа оқу үдерісіне қажетті жабдықтардың барлығы бар.

– «Сарыоба астық» шаруашылығы біздерге зор көмек көрсетуде, – дейді Тыным Сақтайқызы. – Жалпы сомасы 5 миллион теңгеге 23 пластикалық терезе орнатып, бақшаға қажетті жиһазжәне  жабдықтармен қамтамасыз етті. Интерактивті панель мен теледидар сыйға тартты.
Мұндағы ауылдық клуб бір қабатты шағын ғимаратта орналасқан. Үй-жайлардың бірінде ауылдық кітапхана да бар екен. Алайда, оның жағдайы ауыз толтырып айтарлықтай емес.  –Алдағы уақытта ауыл тұрғындары бос уақытын тиімді өткізуі үшін заманауи жаңа клуб салғымыз келеді, – деп ағынан жарылдысеріктестік директоры Әлібек Тоқбаев. – Қазіргі таңда 70 миллион теңге сомасына болашақ клубтың жобасы дайындалды.
– Өте жақсы идея, біз оны міндетті түрде қолдаймыз. Ауылдағы мәдениет ауылклубынан басталады. Жастар бос уақытын тиімді өткізгені өте орынды, – дейді бұған Ермек Боранбайұлы.

Ал, Бұлақсай ауылындағы мәдениет үйі 2017 жылы жөндеуден өткізілген. Ғимарат жайлы және жарық болғанына қарамастан, бос бөлмелердеқысты күні термометр бағанасы 14°C-тан жоғары көтерілмейді, аязды күндерде одан да төмен.

Бұл мәселеге байланысты облыс әкімі тиісті сала басшыларына ескерту жасады.– Бұл мәселені тез арада шешу қажет. Мәдениет үйі бос болмауы керек, мұнда балаларды ән айтуға, би билеуге, музыкалық аспаптарда ойнауға баулуымыз қажет – деді өңір басшысы.

Валентина Никулина Бұлақсай мектебінде директордың орынбасары қызметін 20 жыл бойы абыройлы атқарып, кейінгі  5 жыл бойы осы мектептің директоры болып жұмыс істеп келеді. Сөз арасында мектептің тағдырына алаңдайтынын аңғартты.

–  1 қыркүйекте бізде 40 оқушы болса, қазір 30 оқушы қалды. Бірақ оқу жылы ішінде жаңадан балалар келеді деп үміттенеміз. Оқу үдерісін 11 педагог қамтамасыз етуде, – деді басшы.

Бұл ауылда да мектеп ұжымы бизнес өкілдеріне зор алғысын білдіруде. Ауылдағы шаруашылық мектепті көмірмен қамтамасыз етеді, аумағындағы қарды тазалап береді. Жазда спорт алаңы да салынған екен. Мектептегі барлық оқушылар тегін тамақпен қамтамасыз етілген.
Ауылдық округ әкімі Александр Соколов «Borey Energo»серіктестігі тек мектепке ғана емес, жалпы ауылдың өркендеуі үшін зор қолдау көрсететіндігін баса айтты. Мәселен, кәсіпорынның көмегімен ауылдық округте тағы бір ұңғыма бұрғыланып, бұл сумен жабдықтауды едәуір жақсартқан көрінеді. Ауылдық округке қарасты үш елді мекенде халық саны 1 478 адамды құрайды, олардың жүзге жуығы зейнеткерлер.
– Ауылдық округтің әлеуеті жоғары және бизнес өкілдерінің көмектесіп жатқандығы қуантады. Жалпы, біздің ауылдарымыздың тағдыры алдымен оның тұрғындарының қолында – деп түйіндеді сөзін аймақ басшысы.

Наталья ЯКОВЛЕВА.
Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Суретті  түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар