Ғашықтарды тоғыстырған «Махаббат аллеясы»

Таяуда Ақмола облыстық орыс драма театрының сахнасында  Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі жанынан құрылған «El-jastar» театрының сахналуымен жаңа қойылымның премьерасы болып өтті.   Белгілі бард әнші-композитор Табылды Досымовтың әндері негізінде дайындалған инсценировканың авторы және режиссері Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы  өнер академиясының оқытушысы Тасболат Омаров.

Он мизансценадан тұратын музыкалық драмада сан түрлі тағдыр баяндалып, қиындығы мен қызығы қатар өрілетін мына бейопа дүниенің ажарын ашатын да, нәр беретін де, сән беретін де, сұлулықпен көмкеретін де махаббат тақырыбы әңгіме өзегіне айналды. Премьераның ашылу салтанатына өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, студент жастар көптеп жиналды. Қойылым соңында мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиұлы, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Ғалым Бекмағамбетов, қоғам қайраткері Марал Қажыкенқызы, колледж директоры Құралай Ғазизқызы, ақын Қуаныш Оспанов премьераның қоюшы режиссері Тасболат Омаровқа, студент жастарға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Ән – жүрек емі. Ән арқылы көңіл ауанын, жүрек үнін, сезім пернесін дөп басып, түйсінуге һәм сезінуге  болады. Табылды Досымовтың әндері де осындай. Өзіндік өрнегі, орындау мәнері, айтары көкірегінде күмбірлеген сазбен әрленіп жүректен орын алатыны бар. Табылдының әндерін тыңдай берсем дейсің. Cебебі, жүрек сөзін, мөлдір музыкамен сабақтай білген.  Жас пен кәріге бірдей ұнайтын әндердің ғұмыры да ұзақ болары хақ. Әсіресе, жазғаныңды кейінгі ұрпақ жатқа оқып жүрсе, ғанибет емес пе? Бұл қойылымның басты ерекшелігі де осы.

Кез-келген оқиғадан жалындаған жастардың екпінін, ыстық жүрегін,  отты сезімін сезгендей күйге бөленесің. Қайсыбірінде де кіршіксіз сезім, албырт махаббат, алаулаған ынтызар көңіл, асқақ арманмен ұштасқан  шексіз қиыл көрініс тапқан. Қай көріністі алып қарасаңыз да ғашықтардың сезіміне иланасың, махаббатты өлшеулі ғұмырдың өміршең құндылығына балайсың. Сонау Мұхиттың арғы бетіндегі Ұлыбританияға«Болашақ» бағдарламасы арқылы білім қуып барған ақтөбелік Айнұр Сүлейменова мен тараздық Болат Кәрентаевтың мәңгілік махаббат хикаясы кім-кімді болмасын бейжай қалдыра алмады.  Ұлыбританияның КАРДИФ университетінің магистратурасында оқыған екі жас отау құру мақсатында елге оралмақшы болады.

Бар мақсат-мүдделері, асқақ армандары ата-аналарының ақ батасын алу еді. Алайда, адамның тағдыры адам баласының өз жоспарлағанындай өрбімейтіні белгілі ғой. Өкінішке орай, елге бара жатқан ұшақ апатқа ұшырап қос ғашық қаза табады. Каспий теңізінен адам мүрделерінен іздеген сүңгуірлер бір-бірімен құшақтасып, бақилық болған қос ғашықты көргенде таңданыстарын жасыра алмайды. Сөйтсе, ұшақтың апатқа ұшырағанын сезген қос ғашық бір-бірінен ажырап қалмас үшін өздері отырған орындыққа бір-бірін байлап тастаса керек. Ажалмен де қауышар сәтте бір-біріне демеу болған, қос ғашықтың атында қазіргі таңда «Махаббат аллеясы» бар екен. Бір ғанибеті, шынайы сезімді серік еткен жастардың ата-аналары балалары о дүниелік болса да, бір-бірімен құда болып сөз байласыпты.

Ондағы мақсат балалардың орындалмаған армандарын орындау еді.  Айнұр мен Болаттың тағдырындай махаббатқа берік жандардың хикаялары сол «Махаббат алеясында» бірінен соң бірі баяндалып, қойылым ажарын аша түсті. Жастардың биі, әні, үстіндегі сахналық киімдері көздің ажарын алып, тамсандыра түскендей. Осы орайда,  осындай талантты жастардың өнеріне өріс ашып, кәсіби шеберліктерін арттыруға барынша қолдау, көмек көрсетіп жатқан колледж директоры Құралай Ғазизқызының еңбегі орасан екендігін атап өтсек дейміз. Сонымен қатар,  аталмыш театрдың негізін қалаушы Хәкім Хасанбайдың жас толқын актерлердің рухани өрлеуіне өзіндік үлес қосып жүргендігін атап өткеніміз орынды.

Театр адамды рухани тәрбиелейтін мәдени орталық. Олай болса, театрды сүйетін жастар қатары көп болсын, әманда!

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар